Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына – 110 жыл

Мен білетін Қасым

Қазақ ССР-ның Еңбек сіңірген мұғалімі, Еңбек Қызыл Ту және Құрмет белгісі ордендерінің, Н.Крупская атындағы медальдің иегері, бастауыш сыныптарға арналған әдістемелік құралдардың авторы қарқаралылық Мекебай ЖАЗЫБАЕВ ағамыз бос уақытында қалам мен қағазды ермек ететін. Өлең шығарып, мақал-мәтелдер құрастыруды ұнататын. Елдегі қызықты оқиғаларды жинақтап, баспаға беріп жүретін. Сол кісінің мұрағатында 1954 жылы Көкшетау санаторийінде ақын Қасым АМАНЖОЛОВПЕН кездесуі туралы «Мен білетін Қасым» атты естелігі бар екен. Соны оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Кезекті еңбек демалысын алғаннан кейін, 1954 жылы Көкшедегі «Бурабай» шипажайына барып орналастым. Менің келгенімді естіп Кеңес одағының батыры Мартбек Мамыраев бөлмеме келіп әңгімелесіп отырғанда, «осы шипажайда сенің жерлесің Қасым Аманжолов ақын да ем алып жатыр, барып амандасып келейік» – деді.

Қасымызға қарқаралылық азаматтар Кенжебай Қызкин, Темір Райымбеков және Нығыман Әміровті ертіп, Қасым жатқан жерге келдік. Жанымдағы жігіттерге Қасымды көрмегеніме 32 жыл өткендігі туралы айтып едім, олар Қасымның бөлмесіне Нығыман екеуің ғана барыңдар деп кеңес берді. Қасымның бөлмесіне кіріп едік, үстел үстіне қызы Дариғаның суретін қойып, қарап отыр екен. Бізді көріп орнынан тұрды да: «Ей, сен Мекебай емессің бе?»- деп мені құшақтай алды. Сол кезде сырттағы жігіттерде кіріп, емен-жарқын қауышып қалдық. Елдің амандығын, хал-жағдай сұрасып, қызу әңгімеге кірістік. Шипажайда болған екі айда жұбымыз жазылмай бірге жүретінбіз. Күнделікті емімізді алғаннан кейін, тоғай арасында қыдырып, қайықпен көлде серуендеп қайтатынбыз. Көбінесе Қасымның бөлмесінде жиналып әңгімелесіп, ән айтып думандатып отыратынбыз. Ол музыкалық аспаптардың бәрінде жақсы ойнайды екен. Бөлмесіндегі пианинаның сүйемелдеуімен қосылып өлең айтамыз, арасында ол құйқылжытып скрипкада ойнайды. Қасым екеуміз көл жағасында, немесе тоғай арасында серуендей жүріп әңгімілесуді дағдыға айналдырдық. Ол елден кеткеннен бергі өмірі туралы әңгімелейтін, әсіресе елдегі екеуміз 11 жасқа дейін елде бірге жүрген кездерімізді қызыға еске түсіретін. Қасымның ауылы Қызыл атты таудың бауырында, ал, біздің ауыл Қоңыржал тауының бөктерінде еді. Екі ауылдың ортасын Майөзек деген өзек бөліп тұратын. Қораларымыздың арасы 5 шақырымдай еді. Жаз жайлауда бірге отыратынбыз.

Қасымның әкесі Рақымжанның екі әйелі бірінен кейін бірі өліп, тегі Қожа Айғанша деген әйелге үйленіпті. Қасым сол кісіден туған. Шешем марқұм айтып отырушы еді, «Қасым екеуің бір жылда, сен жазды күні, Қасым күзде туған»-деп. Әкесі өлгеннен кейін шешесі басқа біреуге ұзатылып кетіп, Қасым жетімдіктің тауқыметін көп тартты. Қасым екеуіміз 11 жасқа дейін бірге өстік. Ол жасынан ұғымтал, сергек, шымыр әрі іске ыңғайлы болатын. Молда балаларды оқытып жатқанда кигіз үйдің сыртынан тыңдап жүреміз. Қасымның зеректігі сондай, молда балалардан сабақ сұрағанда білмей қалса, үйдің сыртында тұрып дұрыс жауабын айтып беретін. Асық атқанда мерген, ал ақсүйек ойнағанда сүйекті бәрімізден бұрын табатын. 1921 жылы елде әйгілі «Мешін жұты» болып, халық қыстан қиналып, жүдеп шықты. Халыққа көмек ретінде Семейден ұн беретін болып, соны әкелуге кіре жүретін болды. Қасым соларменен ілесіп Семейге кетті. Кейіннен Қасымның балалар үйіне орналасқанын, мектепке оқуға кіргенін, өлең жазатындығы туралы ұзынқұлақтан естіп қуанып жүрдік. Оның өлеңдері газет, журналдарға шыға бастады. Бертін келе одан хабар мүлдем үзілді. Сөйтсем ол әуелі Алматыға, одан кейін жұмыс бабымен Орал қаласына кеткен екен. Әңгіме арасында Қасым өзінің шығармашылығы туралы да айтатын. Өлеңдер жазудың арасында бір фельетон жазып едім, оны Мұқаң (Мұхтар Әуезов) оқыпты. Ол кісі бір күні мені шақырып алып, «Қасым сен тек өлеңге ғана емес, қара сөзгеде бейімің бар екен, прозамен де айналысып көрсеңші» деді. Мен ол кісіге уағда бердім. Осыдан ауыруымнан жазылсам өз өмірімді бейнелейтін «Қарқаралының қазағы» деген роман жазбақпын деді де келешек романның нобайын айтып еді. Бірақ ақынның бұл жоспары іске аспады. Қасымды мен елге қонаққа шақырып, екеуіміз бірге пойызбен Қарағандыға келдік. Вокзалда бізді менің інілерім Молдахан мен Мәулімхан, облыстық газеттің редакторы Тәйкіманов қасында Алдажар мен Қабыкен деген Қасымның жолдастары күтіп тұр екен. Содан Қасым «Мен елден кеткенде тумаған інілерім келіп тұр екен, осылардікіне барайын, сендер өкпелемеңдер» – деп жолдастарын қайтарып жіберді.

Қасымға қаланы аралатып, жолдастары үйлеріне кезектесіп шақырып қонақ етті. Алдажардың үйінде отырғанда Қасымның қызуы көтеріліп, жөтелі қыса бастаған соң дәрігер шақырдық. Ол Қасымды қарап жіберіп: «Күз болып қалды, Қарқаралыға бармаңыз. Алматыға қайтыңыз» – деп кеңес берді.

Содан қайран Қасымға елдің дәмі бұйырмай, Алматыға қайтты. Сол жылдың декабрінде көңілін сұрап барсам, бауырым жүдеп қалған екен. Қасында екі күн болып, қимай қоштасып, үйге қайттым. Көп ұзамай «Қасымнан айырылдық» деген хабар келді. Жалғанның жазуы солай болған шығар, өкінішті-ақ! Кейіннен Қасымның жұбайы Сақыпжамал, қыздары Жанна, Дариға, ақын інілері Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков елге келіп, ақынның қыстауының орнында болып, ойнаған, қозы қайырған жерлерін аралап, Қасымның құдығынан су ішіп кетіп жүрді. Құдыққа байланысты айтарым: бұл құдықты Қасымның үлкен әкесі Аманжолдың бәйбішесі Жақыбала деген кісі «Шомақ» шиі деген жерден қаздырып, шегендеткен екен. Кейіннен ол құдық «Жақыбаланың қималы құдығы» деп аталып жүр. Жергілікті халықтың қамқорлығының арқасында ол құдық әлі сол күйінде тұр. Суының тұщылығы, тазалығы сондай, келген қонақтар алғызып ішіп, тамсанып кетеді. Жалпы, Қасым ақынды еске алғанда оның ата-бабасының қоныстары, балалық шағымен байланысты жер аттарында көптеген тарих, мазмұн жатыр. Қасымның осындай ақын болып қалыптасуына туған жерінің, табиғатының әсері де болған шығар деп ойлаймын.

Әзірлеген Жаныбек ЖАМАНҚҰЛОВ, ардагер-ұстаз.

СУРЕТТЕ: Елге келгенде түсірілген мына суретте алдыңғы қатарда отырғандар: Мекебай аға, Қасымның қызы Дариға, жұбайы Сақыпжамал немересімен және ағасы Ахметжан.

Басқа материалдар

Back to top button