Президент тапсырмасын орындай отырып...Ресми

Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ: «Жобада нәтиже болмаса, рұқсатнамалар кері қайтарылады»

Қазіргі таңда Теміртаудың экологиялық жағдайы елді алаңдатып отыр. Жыл сайын аймақтан атмосфераға 590 мың тонна зиянды заттар шығарылса, оның 40%-дан (247 мың тонна) астамы Теміртау қаласына тиесілі. Ал, мұның 86%-ы ( 212,3 мың тонна) «АрселорМиттал Теміртау» АҚ зауытынан шығады. Экология министрлігінің кәсіпорынға кезектен тыс жүргізген тексерісінде қоршаған ортаға келтірген залалы 1 млрд. теңге екені анықталған. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ облысқа ат басын тіреп, облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКПЕН бірге компания басшылығымен кездесті. Жиын барысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның атқарушы директоры Биджу НАИР зиянды қалдықтарды азайтудың жаңа стратегиясына сәйкес экологияға, қоршаған ортаны жақсартуға 380 млн. АҚШ доллары инвестиция жұмсалатынын мәлімдеді.

2020 жылдың қаңтарында Теміртау қаласының экологиялық жағдайына байланысты жиын өткен болатын. Онда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ компания басшысына сын айтылып, зиян көлемін азайтуды тапсырған еді. Сонда компания басшылығы «3 ай ішінде жаңа тұжырымдама ұсынамыз» деп уәде берген-тін. Компания 2025 жылға дейін ауаға шығарылатын қалдықтарды 30%-ға азайтудың жаңа жоспарын дайындап, басшылыққа таныстырды. Алайда, министр жоспарды 2025 емес, 2024-ші жылға шегеруді тапсырды. Сондай-ақ, 500 мың ағаш отырғызылып, ауаға зиянды қалдық көлемін 106 мың тоннаға дейін қысқарту керектігін қадап айтты.

– Қала экологиясы елді алаңдатып отыр. Экологияға байланысты жұмыстардың бәрі меморандумның аясында жүргізілуде. Сондықтан, жұмысты қатаң бақылауда ұстаймыз. Және жергілікті қоғам белсенділері де ахуалды назардан тыс қалдырмай бақылайды. Сондай-ақ, компания басшылығы да қоғам өкілдерімен тоқсан сайын тұрақты түрде кездеседі, – дейді Мағзұм Маратұлы.

2019-2020 жылдары қоршаған ортаға эмиссия үшін облыстық бюджеттен 16,7 млрд. тенге бөлінген. Жаңа Экологиялық кодекске сәйкес, 2022 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар бөлінген қаржыны 100% табиғатты қорғау шараларына жұмсауға тиіс. Ірі кәсіпорындар қоршаған ортаны сақтау үшін 10 жыл ішінде озық қолжетімді технологияларды енгізуі шарт. Ал, бұл уақытта олар эмиссия үшін төлемнен босатылады. Егер, кәсіпорындар ең озық қолжетімді технологияларға көшпесе, эмиссия төлемдері 2025 жылдан 2 есеге, 2028 жылдан 4 есеге, 2031 жылдан 8 есеге өсетін болады.

– Шығарындыларды азайту бойынша жаңа технологияларды орнатуға қаражат бөлдік. Атап айтар болсақ, №1 ЖЭО-ға қазандық, №5 Агломашинасына, орталық жылу орталығына электрсүзгі орнатамыз. Көгалдандыру мақсатында ағаш отырғызуға қала әкімінің бастамасымен жұмыстар атқарылып жатыр. Зауыттан шығатын шығарындылардың негізгі көздері анықталып, сол тұрғыда стратегиялық жоспар әзірленуде, – дейді Биджу Наир.

***

– Шынымды айтсам, кәсіпорын басшылығына сенгім-ақ келеді. Осы ұсынған жоспары жүзеге аспай қалама деп қорқамын. Олай дейтінім, бұған дейін де уәде беріп, соңында жалтарып кететін кәсіпорынды қала тұрғындары жақсы біледі. Әлем елдерінде ірі компаниялар жыл сайын зиян мөлшерін 5%-ға төмендетеді. Ал, бізде керісінше. Табиғатқа зиянды азайту мақсатында кәсіпорынның ұсынған жоспары қыруар қаржыны құрайды. Соған сай зиян мөлшері де әлдеқайда азаяды деп ойлаймын. Зауыт басшылығы тоқсан сайын экскурсиялау жұмыстарына келісіп отыр. Бұдан бұлай заң жүзінде бақылауға алып, талапты күшейту қажет, – дейді облыстық экологиялық музейдің даму жөніндегі директоры Дмитрий Промоков.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығы «Бізді газбен қамтамасыз етпесеңіздер, ауаға бөлінетін қалдық мөлшерін қысқарта алмаймыз» деп мәселе көтерген еді. Министр елде газдың жететінін ашып айтты.

– Аталмыш компания «ҚазТрансГаз» мекемесімен өзара келіссөз жүргізген. «АрселорМиттал Теміртау» компанисымен екіжақты мемарандумға қол қойғанымызда бұл мәселе қарастырылған. Келісім аясында шығындыларды 30% қысқартуды міндеттедік. Ал, біздің газға ешқандай қатысымыз жоқ, – деді.

Экологиялық кодекс аясында кәсіпкерлік, қылмыстық, су кодекстерінің және тағы да басқа бірқатар заңнамалар қайта қаралады. Заң жобасын іске асыру кезінде 140-қа жуық нормативтік- құқықтық актілерді қабылдау жоспарлануда. Мәселен, эмиссия нормасынан асқан жағдайда кәсіпорынға салынатын айыппұл 10 есе, ауаны қорғау мен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаса айыппұл 5 есеге өсті. Жеке тұлғаны әкімшілік жазаға тарту ұзақтығы 2 айдан 1 жылға, заңды тұлғаға 1 жылдан 3 жылға ұзарды. Егер, шарт орындалмаған жағдайда кәсіпорынға берілген рұқсатнамалар кері қайтарылады. Алдағы уақытта бұл мәселені министр бақылауында ұстайды.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button