Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Мәңгілік елге – жастармен бірге

Жылда жүйелі жалғасқан қала жастарының дәстүрлі форумы осылай аталады. Онда қаланың қоғамдық өмірінің бел ортасынан табылып, белсенділік байқатқан, өзі еңбек ететін салада жоғары жетістікке жеткен немесе жеке кәсіп ашып, шаруасын шыр айналдырған жастарға құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалады. Әнмен әдіптеліп, күймен көмкерілген сондай керемет кездесу ел дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан абыройлы аймақтың бірі – қазыналы Қаражалдың мәдени-сауық орталығында биыл да өз жалғасын тапты.

Биылғы форум ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп отыр. Қазір халқымыздың бестен бір бөлігін 14 пен 29 жас аралығындағы жастар құрайды. Ал, балалар мен жасөспірімдерді қоса есептесек, қазақстандықтардың жартысы жастар екен. Демек, біз – тарихы терең, болашағы жарқын, бойын жастық жалыны шарпыған қуатты елміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «ХХІ ғасырдағы Қазақстанды биік белестерге Сіздер сияқты білімі озық, ойы ұшқыр жастар бастауы керек» деп жастар алдына айқын мақсаттар қойды. Біздің елде әр салада көш бастап, жетістікке жетіп жүрген жастарды елге танытып, оларға қолдау көрсету жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақыт – жоғары интеллект салтанат құрған, ақыл-парасат бағаланатын кезең.

Біз жастарға қарап отырып қаламыздың қол жеткен жетістігін көреміз, оның кемел келешегіне сенеміз. Шынтуайтында, жастардың саяси, экономикалық, әлеуметтік белсенділігі – елдің бәсекелестік қабілетінің барометрі. Сіздер қаланың бұрынғыдан да көркеюіне елеулі үлес қосатындарыңызға сенеміз. Елдің табысты тарихы – ең алдымен, жастар жетістігінің тарихы. Мәңгілік ел болу, Тәуелсіздікті сақтау, жарқын болашаққа ұмтылу – білімді әрі білікті жастардың қолында. Ендеше, барды бағалап, жоқты саралап, тәуекелден тайынбай, Тәуелсіздік тұғырын бірге нығайтайық, – деді қала басшысы Тілектес Досаев салтанатты сәтте.

Сонымен қатар, биылғы байқауда көш бастап, өз саласының «Үздігі» атанған жастарға Алғыс хат, мүсінше мен сертификат тапсырды. Олар: Жәйрем кен-байыту комбинаты энергетика цехындағы шеберхананың учаске бастығы Ернұр Қанатов, Жәйрем кенті мәдени-сауық орталығының хореографы Нұрлан Еламанов, Қаражал қалалық орталық ауруханасының медбикесі Гүлім Арманқызы, Қаражал қаласындағы №5 орта мектеп мұғалімі Талшын Жақсылықова, Жәйрем кенті әкімі аппаратының бас маманы Мархаббат Төлегенова, Жәйрем кен-байту комбинаты полиметалл байыту фабрикасының ауысым шебері Төлеген Жарылғапов, №16 өрттен қорғау бөлімінің күзет бастығы Ерсұлтан Аманжанов, Жәйрем кенті полиция бөлімшесі кезекшісінің көмекшісі Қантай Қуандық, Қаражал қаласы жастар ресурстық орталығының маманы Сәния Тоқабаева.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button