Заң өзгерді, заман да өзгереді
Ата Заң – ел ертеңіне берілген уәде. Бұқараның заң шарапатынан күтетіні көп. Бірі баласының заңы заңғар өркениетті қоғамда сапалы білім алғанын қалайды, бірі сот алдында құқығының тапталмауын тілейді, енді бірі шахтаға түскен жақынының кешке үйіне аман оралуын күтеді. Қарағандының қара нардай жұрты үшін экология да құрғақ ұғым болмас. Халық Конституциясындағы халық хадис сөзіндей жаттап аларлық бірнеше тұсы бар. Ыждаһатпен назар салалық.

Алдымен цифрлық ортада жеке деректерді қорғау мен зияткерлік меншік алғаш рет Конституцияға енді. Табиғатты қорғау мен ерікті қозғалысты (волонтерлікті) қолдау конституциялық деңгейге көтерілді. Неке ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде нақтыланды. Ал, саяси партиялар мен саяси қызметпен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарды шетелден қаржыландыруға тыйым салынды. Арнайы экономикалық аймақтар ерекше қаржы режимімен жұмыс істейді. Есесіне елдің унитарлы құрылымы мен біртұтас сот-құқық жүйесі еш өзгеріссіз қалады.
Ең көп пікірталас тудырған тұс «тегін» сөзі-тұғын. 13-бапта «тегін заң көмегі», 33-бапта «тегін орта білім» тіркесі өзгерді. Алғашқыда «тегін болмай қалды ма?» деген жұрт сұрағы көп естілген-тін. Сарапшылардың пайымынша, мұнда бәрі керісінше көрінеді. Бастауыш және орта білім алуда адам өзі төлемейді, мемлекет кепілдік береді. Ал, заң көмегін адвокатура туралы заң арқылы, қаражаты жоқ адамға мемлекет төлеп береді. Дегенмен, бұл сұрағымыздың шын жауабын конституциялық тұжырым емес, мектептегі, сот залындағы тәжірибе береді.
Қарағанды қашанда еңбек жұртының мекені болған. Сондықтан, негізгі Заңның осы өңірге қатысты тұстарына жеке тоқтала кеткен жөн. Әуел басқысы – қауіпсіз еңбек алғышарты. Шахтерлер астанасында «қауіпсіз жұмыс орнына кепілдік» дейтін тіркес жер астына түсетін әрбір адамның отбасы үшін өмір мен өлімнің аражігі. Еңбек инспекторы мен кәсіподақтың рөлі енді конституциялық кепілдіктің аясында мұқият қарастырылады. Іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін жаңа заңдар мен қадағалау амалдары айғақтайды.
Ендігісі – экология. Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалаларының тұрғыны саф ауаның не екенін бәрінен жақсырақ біледі. Табиғатқа ұқыпты қарау енді негізгі Заңның өз мәтінінде тұр. Яғни, әр кәсіпорын мен әр әкімдік үшін ол «қалау» емес, міндет. Ерікті қозғалысты қолдау нормасы да жастар үшін тек сөз болмас, мүмкіндік. Мәселен, аулаға шығып, өзен жағасын тазалағанның өзі енді мемлекет қолдайтын іс. Асылында, «Ата Заң дегеніміз – ақжайлау» дейтіндер түбірімен қателеседі. Конституция жалақыны өсірмейді, дүкендегі бағаны түсірмейді де. Заң ережені белгілейді, ал, нәтиже сол ережені қолданатын адамдарға байланысты.
Сайып келгенде, әр дәуір өз заңына мойынсұнады. Бүгінгі қоғамның үкілі үміті де айқын. Әділ сот, қауіпсіз еңбек, сапалы білім, тұмса табиғат. Конституция – адам тағдырымен өлшенетін құндақты құндылық. Әсілінде, еңбек адамы да, ертеңіне сеніммен қараған жас ұрпақ та сол құндылықтардың шындыққа айналғанын көксейді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
Ortalyq.kz

