Табиғат та турист шақырады
Қарағанды өңірі соңғы жылдары туристердің қызығушылығын арттырып, еліміздегі танымал туристік бағыттың біріне айналып келеді. Арқа табиғатының таңғажайыбы, көрікті мекендері мен демалысқа қолайлы орындары аймақтың туристік әлеуетін арттыра түсуде. Ресми деректерге сүйенсек, биыл жыл басынан бері өңірге 400 мыңнан астам турист келген. Әсіресе, жазғы туристік маусымда Балқаш көлінің жағалауына келушілердің қатары көп. Дегенмен, таулы аймақтардың табиғи сұлулығын тамашалап, жаяу саяхатқа шығуға құмартатындар да жоқ емес. Бүгінде туристердің тарихи орындар мен табиғи нысандарға деген қызығушылығының артуы да аймақтың туристік бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік беріп отыр.

Ажарлы Арқа, базарлы Балқаш
Биыл өңірдің туристік әлеуетін арттыруға 5,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен бес есе көп. Сонымен қатар, жыл басынан бері облыста 14 жаңа нысан ашылып, туристерге қызмет көрсете бастады. Ал, «Visit Karaganda» туристік ақпараттық орталығының директоры Бақтияр Бекмұрзаев биылғы жазғы маусымда Балқаш қаласының өзіне ғана шамамен 200 мың турист келгенін баса айтты.

– Балқаш – өңірдегі ең негізгі туристік орталықтардың бірі. Биыл мұнда екі жаңа демалыс орны жұмысын бастады. Ал, жыл соңына дейін тағы төрт нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Демалыс орындарын салу жобаларына салынған инвестицияның жалпы көлемі 4,7 млрд теңгеден асады. Сонымен қатар, Балқаштың туристік әлеуетін тек жаз мезгілімен шектемей, жыл бойы пайдалану көзделуде. Қысқы және маусымаралық кезеңдерде туристерді тартуға бағытталған Winter Balkhash жобасын да дамыту жоспарланып отыр, – деді Бақтияр Бекмұрзаев.
Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жол бойындағы инфрақұрылымды дамытуға да айрықша көңіл бөлінуде. Саяхатшылардың қауіпсіз әрі жайлы сапарын қамтамасыз ету, демалыс орындарының қолжетімділігін арттыру және заманауи қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытында бірқатар жұмыс атқарылған.
– Қазіргі таңда республикалық маңызы бар автожолдардың бойында 106 жол бойындағы қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді. Негізгі туристік бағыттарда демалыс алаңдары мен санитарлық тораптар жабдықталған. Сонымен қатар, мобильді байланыстың сапасын жақсарту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Балқаш қаласында, Торанғалық пен Шұбартүбек елдімекендерінде, Қарқаралы ауданында қолданыстағы байланыс станциялары жаңғыртылып, жаңа станциялар орнатылды. Алдағы туристік маусымда сұранысқа ие демалыс орындары мен негізгі туристік бағыттар бойындағы байланыс аясын одан әрі кеңейту жоспарланып отыр, – деді Бақтияр Бекмұрзаев.
Кейінгі жылдары Қарағанды өңірінде ғана емес, тұтас елімізде де туристер қатары айтарлықтай артып келеді. Ішкі туризмге деген қызығушылықтың күшеюіне бірнеше фактор әсер еткені анық. Осы тұста Қарағанды облыстық туристік клубы директорының орынбасары Павел Кистанов бұның пандемия кезеңіндегі шектеулерден кейін байқалғанын жасырмады. Оның сөзінше, әлем елдері шекараларын жауып, халықаралық сапарларға шектеу қойылған тұста отандастар демалыстың жаңа бағыттарын іздей бастаған. Бұрын шетелге саяхаттауды жөн көрген жұрт енді туған жердің табиғатын танып-білуге, ел ішіндегі көрікті мекендерді аралауға бет бұрыпты.
Бүгінде туризм басқармасы шетелдік саяхатшыларды өңірге тарту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Саладағы өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды шешу жолдарын да қарастыруда. Мәселен, Балқашта бұрын болмаған жаңа демалыс орындары ашылып, жағалау аумақтары абаттандырылды.
Туристерге қолайлы жағдай жасау бағытында бірқатар маңызды қадам жасалған. Сонау жылдары автобан құрылысы қалай аяқталды, туристер легі де солай көбейді. Бұған қоса, бұрын әртүрлі бағытта жұмыс істейтін ұйымдар өзара байланыс орнатпай, әрқайсысы жеке әрекет ететін. Қазір жағдай өзгерді. Сала өкілдері тығыз қарым-қатынас орнатып, ортақ жобаларды бірлесе жүзеге асыруда. Мұндай ынтымақтастық өңірдің туристік әлеуетін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.
«Тас қақпа» таң қалдырады
Туристердің қызығушылығын тудырған бағыттардың қатарында Қарқаралы ауданы да бар. Мұнда ұзындығы 70 шақырымнан асатын төрт туристік бағыт жұмыс істейді. Бұған қоса, тағы екі бағыт әзірленуде. Қазіргі таңда табиғат аясында серуендеп, жаяу саяхаттағанды ұнататын белсенді туристердің қатары артып келеді. Дегенмен, мамандар өңірдегі туризмнің бағыттарын ажырата білу қажеттігін айтады. Осы тұста Павел Кистанов Қарқаралы таулы аймақ болғанымен, мұндағы саяхатты кәсіби тұрғыда тау туризміне жатқызуға келмейтінін баса айтты.
– Қарқаралы – таулы өлке. Алайда, өңірде классикалық мағынадағы тау туризмі дамымаған. Туризмнің бұл түрі тиісті талаптарға сәйкес теңіз деңгейінен 3 000 метрден асатын биіктіктегі тауларды қамтиды. Ал, Қарағанды облысында мұндай биік шыңдар жоқ. Өңірдегі ең биік шыңның өзі теңіз деңгейінен шамамен 1 600 метр биіктікте орналасқан. Әрине, біздің түсінігімізде бұл – тау. Бірақ, кәсіби тұрғыдан алғанда, мұндай бағыттар тау туризмінен гөрі жаяу туризміне жатады, – деді Павел Кистанов.
Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстың туристік клуб мүшелері табиғи ескерткіш – «Тас қақпа» атты таңғажайып орынды тапқан. Табиғаттың тылсым туындысы Қарқаралы тау-орман оазисі аумағында орналасқан. Көп уақытқа дейін бұл жер туралы ешкім білмеген. Себебі, оған апаратын жол да болмапты. Бүгінде сала мамандары аталған ескерткішке арнайы белгі қойып, бұл жерді де туристік бағыттардың қатарына қосыпты.
– Бастапқыда бұл жерге жаяу келетінбіз. Бүгінде бұл жердің жолын ретке келтіріп, «Тас қақпа» екенін көрсететін арнайы тақтайша орнаттық. Қазіргі таңда туристер мен жергілікті тұрғындар тарапынан қызығушылық көп. Тіпті, қорық қызметкерлері де бұл аумақты жіті бақылауға алған. Біздің клубтың туристері осы орынға әр жылда 10 мәрте сапарлайды, – деді Павел Сергеевич.
Бұдан бөлек, облыстың басқа аудандарында да жаңа туристік бағыттарды дамыту жұмыстары жалғасуда. Қызығушылық тудыратын аумақтардың қатарында Приозерск және тағы бес аудан бар. Қазіргі уақытта өңірде барлығы 115 туристік бағыт бекітілген. Алдағы маусымда олардың санын одан әрі арттыру көзделіп отыр.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



