Жаңалықтар

Абай жұртын жарылқаған жәрмеңке

Абай қаласында биыл күз басталғалы бірінші рет ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтіп, онда аудан жұртшылығы бағасы базардан арзан азық-түлікті керегінше сатып алып, бір жарылқанып қалды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Бұл жәрмеңкеге Абай ауданының 11 ауылдық округі мен Топар кентіндегі 30 ауылшаруашылық құрылымы өздері өндірген өнімдерін әкеліп, сатуға шығарды. Атап айтқанда, олар 8 тонна ет, соның ішінде 2,5 тонна сиыр, 3 тонна жылқы, 500 килограмм қой және 2 тонна шошқа еттерін, 50 мың дана тауық жұмыртқасын, 50 тонна картоп пен 30 тонна көкөністі саудалады.

Жәрмеңкеде жұртқа сатылған сиыр мен жылқы еттерінің әр килосының бағасы 3200, бірінші санатты 10 жұмыртқа 460, картоп пен көкөністің килосы тиісінше 75 теңгеден 120 теңгеге дейін болды.

Бұдан бөлек жәрмеңке саудасында сүт және ет өнімдері, балық пен бал, басқа да товарлар сатылды.

Абай ауданының тұрғындары бұл жәрмеңкеден қоржындарын қампайтып, тоқ көңілмен қайтып жатты. Мұның өзі жергілікті ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің өз өнімдерін аудан тұрғындарына тікелей өткізіп, саудалауына және олардың күздік азық-түлік қорын қамдап алуына жол ашты.

Ержан Имаш,
Абай ауданы

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button