Қарағанды облысы Астанадағы жәрмеңкеде шығармашылық әлеуетін таныстырды
Арқаның өнері асқақтап, кеншілер өлкесінің мәдени мұрасы мен шығармашылық әлеуеті елорда төрінде кеңінен таныстырылуда. Қазыналы Қарағандының қатпарлы тарихынан сыр шерткен қолөнер туындылары, ұлттық нақыштағы сән үлгілері мен заманауи технологияның озық жетістіктері бір алаңда тоғысты. Астанадағы Qazaq Creative Hub орталығында шымылдығын түрген «CREATIVE AIMAQ» республикалық креативті жәрмеңкесі өңірдің өнері мен өрісін, шеберлерінің қарым-қабілетін көпшілік назарына ұсынды. Екі күнге жоспарланған ауқымды шараға Қарағанды облысынан 55-тен астам креатор, дизайнер, суретші, қолөнер шебері мен шығармашылық индустрия өкілі қатысуда

Шынында да, Арқаның өнері бөлек, өрнегі ерек. Сарыарқаның сайын даласындай кең тынысты өнері мен ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұрасы бұл жолы елордалықтардың ерекше ықыласына бөленді. Qazaq Creative Hub орталығына бас сұққан жұртшылықтың назары әуелден-ақ ұлттық нақышпен көмкерілген қолөнер бұйымдарына, шеберлердің қолынан шыққан көркем туындыларға ауды. Бірі зергерлік өнердің қыр-сырына үңілсе, енді бірі қазақы оюмен әдіптелген киім үлгілерін тамашалады. Қылқалам шеберлерінің картиналары, көздің жауын алатын кілемдер мен керамикалық бұйымдар да көрменің көркін кіргізді.

Әсіресе, мұндағы әр туындының өзіндік қолтаңбасы, әр бұйымның айтар сыры бар. Сан түрлі өнерді серік еткен шеберлердің бір алаңға жиналуы да бекер емес. Бірі атадан балаға жалғасқан дәстүрлі қолөнердің қадірін арттырса, екіншісі сол ұлттық нақышты бүгінгі заманның талғамына лайықтап, жаңаша сипат беруге ұмтылған.

Көрмені арнайы тамашалауға келген Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов пен Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей де өңір өнерпаздарының шығармашылығына назар аударды. Мәртебелі меймандар көрме қатарларын аралап, шеберлердің қолынан шыққан бұйымдармен, заманауи бағыттағы жобалармен танысты. Ұлттық өнерді жаңғыртып, тың бастамаларға түрен салған қарағандылық креаторлардың еңбегі көпшілік тарапынан қызығушылық тудырды.

Креативті индустрияларды дамыту қорының Қарағанды облысы бойынша өңірлік үйлестірушісі Рустам Танишпеков жәрмеңкенің мән-маңызына тоқталып, өз пайымын ортаға салды.

– Рас, мұндай жәрмеңкенің маңызы көркем туындыларды жұрт назарына ұсынумен ғана шектелмейді. Бұл – шығармашылық еңбекті кәсіпке айналдырып, отандық өнімнің өрісін кеңейтуге берілген мүмкіндік. Өйткені, бүгінгі креативті индустрияның өзегі – адамның қиялы, білімі мен қабілеті. Ал сол қабілеттің жемісі нарықта сұранысқа ие өнімге айналса, өнердің де өрісі кеңеймек.
Кеншілер өлкесінің, қазыналы Қарағандымыздың қатпар-қатпар тарихын, төл мәдениетіміз бен өнерімізді осылай төрге оздырғанға не жетсін?! Шынында да, елорда төрінде облысымыздың шығармашылық әлеуетін кеңінен таныстыру біз үшін үлкен мәртебе. Еліміздің әр қиырынан жиналған жұртшылықтың көрмемізді ыстық ықыласпен қарсы алып жатқаны ерекше қуантады. Қарағанды – өндірісімен ғана емес, өнерімен де танылған өңір. Бүгін соның тағы бір айқын көрінісіне куә болып отырмыз. Алдағы уақытта мұндай бастамалардың ауқымын кеңейтіп, жыл сайын жаңаша сипатта ұйымдастырып, еліміздің өзге өңірлеріне де Қарағандының шығармашылық әлеуетін танытуды көздейміз. Өнер иелерінің еңбегі еленіп, отандық өнімдеріміздің өрісі кеңейе берсе, одан асқан қуаныш жоқ, – деді Рустам Фаритұлы.

Жәрмеңкенің тағы бір ерекшелігі – дәстүрлі қолөнермен қатар, жаңа технологиялардың да кеңінен қамтылуы. Көрме алаңында жасанды интеллект мүмкіндіктеріне негізделген өнімдер, IT саласындағы әзірлемелер мен ұшқышсыз технологияларға қатысты жобалар таныстырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар да келушілердің қызығушылығын тудырды.

Ұлттық сән өнері де назардан тыс қалмады. Қарағандылық дизайнерлердің авторлық топтамалары ұсынылып, сән көрсетілімдері ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Гүлнұр Жарылханованың сән үлгілері мен «Алтын жіп» көрсетілімі жәрмеңке бағдарламасынан орын алды. Мұнда ұлттық болмыс пен бүгінгі сән үрдістерінің жарасымды үйлесімі айшықталды. Қазақы киім үлгілерінің жаңа сипат алуы да ұлттық мұраның заман талабына сай жаңғырып жатқанын көрсетеді.

Ал,,қолөнер шеберлері бұйымдарын таныстырумен ғана шектелмей, олардың жасалу жолдарын да көрсетті. Шеберлік сабақтарына қатысушылар сәндік-қолданбалы өнердің ерекшеліктерімен танысып, ісмерлікке ден қойды. Әр креатор өз туындысын көпшілікке ұсынып, келушілермен еркін пікір алмасты. Қалаған бұйымын сатып алуға мүмкіндік жасалуы да жәрмеңкенің мазмұнын байыта түсті.

Көрме төрінде тағдыр тауқыметін қайсарлықпен еңсеріп, өнерімен әлемге танылған жерлесіміз, белгілі суретші Кәріпбек Күйіковтің шығармашылығы да айрықша орын алды. Жуырда ғана Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұсауы кесілген «Қайсар рух» және «Жизнь без рук» кітаптары бұл жолы елорда жұртшылығына таныстырылды.
Семей ядролық полигонының зардабын өз тағдырымен сезінген суретшінің ғұмыр жолы – адам ерік-жігерінің, рух беріктігінің айқын үлгісі. Қос қолсыз дүниеге келсе де, қылқаламды аяқпен игеріп, бейбітшіліктің қадірін әлемге танытқан оның шығармаларының әрқайсысында терең ой, тағдырлы тарих жатыр. Сондықтан да, Кәріпбек Күйіковтің бұл көрмеге қатысуы өнер мерекесінің рухани салмағын арттыра түсті.
– Күні кеше ғана Қарағандыда қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген екі кітабымның тұсауы кесілген еді. Енді, міне, сәті түсіп, сол еңбектерімді елорда төрінде де таныстырып отырмын. Көрмеге өзім салған 17 картинамды арнайы алып келдім. Мұнда небір талантты суретшілердің бас қосқанын көріп, қуанып отырмын. Әрқайсысының өзіндік қолтаңбасы, өнерге деген көзқарасы бар. Менің туындыларымның қаншасы өз иесін табарын білмеймін. Дегенмен, ең бастысы – шығармашылығымды көпшілікке таныстыру, өнер арқылы көкейдегі ойымды жеткізу. Еңбегімді бағалап, әрдайым қолдау көрсетіп жүрген барша жанға алғаусыз алғысымды білдіремін, – деді Кәріпбек Күйіков.
Арқаның сазы бөлек қой, шіркін! Көркем өнер мен қолөнердің көрігін қыздырған бұл басқосуда Сарыарқаның әсем әні де әуеледі. Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің өнерпаздары көпшілікке концерттік бағдарламаларын ұсынып, шараның шырайын кіргізді. Күмбірлеген күй мен әуелеген ән көрме залдарындағы шығармашылық ахуалды одан әрі ажарландыра түсті.
Ән мен күйдің елді жақындастырар ерекше қасиеті бар. Арқаның әншілік мектебі, Сарыарқа төсінде қалыптасқан орындаушылық дәстүр – қазақ мәдениетінің баға жетпес байлығы. Қарағандылық өнер ұжымдарының елорда сахнасындағы өнері де сол рухани сабақтастықтың жалғасы іспетті. Ұлттық әуен мен заманауи музыкалық бағыттар қатар көрініс тауып, көрерменге сан қырлы бағдарлама ұсынылды.
Жалпы, «CREATIVE AIMAQ» республикалық жобасы еліміздің өңірлеріндегі шығармашылық әлеуетті кеңінен таныстырып, креативті кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған. Мұндай бастамалар жергілікті шеберлердің жаңа нарыққа шығуына, шығармашылық байланыстарын нығайтуына және отандық брендтердің танымал болуына жол ашады.
Қарағандылық креаторлар үшін де елордадағы жәрмеңкенің берері мол. Өйткені, өнер иесінің еңбегі өз өңірінің шеңберінде қалып қоймай, көпшілікке кеңінен танылғанда ғана шығармашылық ізденістің көкжиегі кеңейеді. Бұл ретте әрбір жаңа таныстық, әрбір ұсынылған өнім мен көпшіліктің ыстық ықыласы шеберлердің алдағы жұмысына серпін берері сөзсіз.
Айта кетейік, «CREATIVE AIMAQ» жәрмеңкесі, ертең – 18 қазанда да жалғасады. Елорда тұрғындары мен қонақтары Астана қаласындағы Жошы хан көшесі, 16/2 мекенжайында орналасқан Qazaq Creative Hub орталығына барып, Арқа шеберлерінің өнерін тамашалай алады. Көрме сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Кіру тегін.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



