Қарағандыда Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған халықаралық бокс турнирі өтеді
Қарағандыда Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған XIV халықаралық бокс турнирі өтеді. Жарысқа Қазақстан мен шетелден келген 200-ден астам жас спортшы қатысып, 14 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды.

Байрақты бәсекеге еліміздің барлық өңірінен келген боксшылармен қатар Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Қырғызстан және Ресей құрамаларының өкілдері қатысады деп күтілуде. Рингке 2011–2012 жылдары туған жасөспірім ұлдар мен қыздар шығады.
Халықаралық турнир 19–24 қазан аралығында Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында ұйымдастырылады. Спорт кешені Республика даңғылы, 11/3 мекенжайында орналасқан.
Жарыстың алғашқы күні, 19 қазанда, алдын ала жекпе-жектер өтеді. Ал турнирдің салтанатты ашылу рәсімі сағат 15:00-де басталады. Одан кейін боксшылар арасындағы кездесулер жалғасады.
Ұйымдастырушылар қарағандылықтар мен қала қонақтарын жарысқа келіп, жас спортшыларға қолдау көрсетуге шақырады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



