Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

“Соңымызда кім бар?..”

Қарағандыда жыр кеші өтті, дүрілдеп. Иә, бұл жолы жас ақындар арасындағы поэзия кеші дуэль түрінде ұйымдастырылды. Өзгеше форматта. Қарағандының әдеби ортасы тәубе дейік, талантқа кенде емес. Ал, сол поэзияның аға буынының лайықты ізбасарлары бар ма? Иә, бұл сауал бүгінгі белді буынды алаңдатқаны сол, көптен бері ойда жүрген дүниенің сәті түсіпті.

Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы бірлесе ұйымдастырған шара әуелі «Қасым» үйін таныстырудан басталды. Жас ақындар дауылпаз ақынның музейінен бөлек, Жазушылар одағының облыстық филиалы мен ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы атындағы кабинетті аралады. Облыстық филиал директоры Жанат Жаңқашұлы қарашаңырақтың қасиетімен қоса, Қасым өмірінен сыр шертті. Өлең үйінен шығып, «Asyl dami» мейрамханасына бет алдық. Поэтикалық дуэльдің ашылу салтанатында Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Олжас Сүлейменов, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Аида Сайынқызы және ақын Жанат Жаңқашұлы поэзиялық кештің ерекшелігіне тоқталып, додаға қатысушы жас өрендерге сәттілік тіледі.

– Қарағандыда үлкен әдеби орта бар. Сыртқа шықсаңыздар, Серік Ақсұңқарұлы ағамыздан бастап, біршама ақынды сұрап, мақтап жатады. Енді, осы тұста «Соңымызда кім бар?» деген мәселе бар. Бізді алаңдататыны – осы. Сондықтан, жастарға көңіл бөлуіміз керек. «Осы поэзия кешін ұйымдастырамыз» деп Қарағандыдағы жоғары оқу орындарына сауын айттық. 15 ақын қатысуға ниет білдірді. Келесі жылы поэтикалық дуэльді республикалық деңгейде өткізуіміз мүмкін, – дейді Жанат Жаңқашұлы.

Жас ақындарды қазылар алқасы жеребе бойынша іріктеп алды. Яғни, қазақ, түрік, ағылшын залдарында іріктеп, екі ақыннан алып шықты ортаға. Жас шайырлар балаң жырларын оқыды. Әуелі, Азаттық тақырыбындағы туындыларынан соң, еркін тақырыпта екі өлеңнен оқыды. Сөйтіп, жастардың мықтылары суырылып шықты, келесі кезеңге. Қазылар алқасының айтуынша, дуэль жеңімпаздарын анықтау қиынға түсіпті. Өйткені, өлеңнің жас өкілдерінің де қарқыны қатты, бірі-бірінен асып тұр…

Сонымен, айтулы додада III орынды (30 мың теңге) Бектас Жұман мен Тілеужан Қамысбай иеленсе, II орынға (75 000 теңге) Жанерке Қадырбектің өлеңдері лайық деп танылды. Ал, кеш жеңімпазы жезқазғандық жас дарын Мәди Олжабайға «Жылдың жас ақыны» атты арнайы кәдесый мен 150 000 теңге қаржылай сыйлық табысталды. Ал, Қарағанды университетінің I курс студенті Шұғыла Ойратқа Жанат Жаңқашұлы өз атынан арнайы жүлде ұсынды. Сондай-ақ, кештің көркін ән-күймен қыздырған дәстүрлі әннің жас жүйрігі Бахтияр Орал мен скрипкашы Райымгүл Сағындықованы атап өткен жөн. Игілікті кештің әсерлі өтуіне «Ardamediagroup» продюссерлік орталығы өз үлесін қосты.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button