Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Елдің ертеңі – бүгінгі білімде

Тәуелсіздік алғалы елдің дамуындағы стратегиялық маңызды сала ретінде білім беру жүйесіне ерекше назар аударылып келеді. Білім беруді қаржыландыру 95 млн. теңгеден 21 млрд. теңгеге дейін ұлғайды. Бүгінде облыс бюджетінің 40%-ы білім беру саласына тиесілі. Бұл – инфрақұрылымды дамытуға, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, қолжетімді және сапалы білім алу үшін жағдай жасауға мүмкіндік берді.

Тәуелсіздік жылдарында облыста білім беру саласында 85 жаңа нысан, оның ішінде, 56 мектеп пен 20 балабақша пайдалануға берілді. Қазір 4,6 млрд. теңге сомасына тағы 11 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. 43 млрд. теңгеге жуық қаражатқа бір жарым мың білім беру ұйымы жөнделді. Биылғы жылдың өзінде 166 нысанды жөндеуге 6,4 млрд. теңге бөлінді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2025 жылға дейін 299 ауыл мектебін жаңғырту жоспарланған. Қазіргі уақытта облыста 293 мыңнан астам оқушы мен студентті қамтитын барлық деңгейдегі 1 119 білім беру ұйымы жұмыс істейді.

Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесін шешу үшін, «Балапан» республикалық бағдарламасы аясында 2010- 2014 жылдары облыста 189 мектепке дейінгі ұйым ашылды. 2014 жылдан бастап жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың желісі мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы қарқынды дамуда. Нәтижесінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз еттік, енді алдымызда 2025 жылға қарай, барлық мектепке дейінгі жастағы балаларды 100% қамту міндеті тұр. Ал, бүгінгі таңда облыста 496 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті бастамаларының бірі жас таланттарды қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы болды. Тоқсаныншы жылдардың басында Қарағанды мектептерінің базасында алғашқы гимназия, дарынды балаларға арналған «Дарын» және «Мұрагер» мектеп-интернаты, Қарағандыда қазақ-түрік лицейі құрылды. Бүгінде облыста 53 инновациялық мектеп жұмыс істейді. Онда 50 мыңнан астам оқушы оқиды.

Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктердің бірі мектептерді толық компьютерлендіру және ақпараттандыру болды. Бүгінгі таңда облыс мектептерінің компьютерлік паркі – 65 мың. Бұл оқушылардың санын бір компьютерге 3,2-ге жеткізуге мүмкіндік берді. Салыстырмалы түрде алсақ, 2006 жылы бұл көрсеткіш 16,9-ды құрады. Барлық мектептер интернетке қосылған. Қазіргі уақытта жылдамдықты арттыру мәселесі шешілуде.

Қарағанды облысы республикада алғашқылардың бірі болып робототехниканы енгізуге кірісті. Бүгінгі таңда мектептерде 241 робототехника зертханасы жұмыс істейді. 2014 жылдан бастап Қарағанды қаласында Қазақстандағы алғашқы және ең ірі «Roboland» робототехника фестивалі өтуде. Оған жыл сайын Қазақстанның барлық облыстарының ғана емес, жақын және алыс шетел өкілдері қатысады.

Облыстың да, республиканың да педагогикалық қоғамдастығы білім беру ұйымдарында енгізілетін және білім беру сапасын арттыруға бағытталған инновациялық жобаларға жоғары баға берді. Олардың арасында ресурстық орталық, көптілді білім беру, халықаралық бакалавриат, кредиттік технология, көпмәдениетті тәрбие, инклюзивті балабақша-мектеп-колледж, сырттай балабақша және басқа да жобалар бар.

Тәуелсіздік жылдарында облыста арнайы және инклюзивті білім берудің тиімді жүйесі құрылды. Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарының 56%-ында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған.

Біздің облыс республикада объективті қиындықтарға қарамастан, арнайы мектеп-интернаттардың сараланған желісі сақталған санаулы облыстың бірі болып табылады. Мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету мақсатында 5 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес, 2 оңалту орталығы, 11 түзету кабинеті ашылды. Қазір 2022 жылы «Асыл Мирас» қоғамдық қорының қолдауымен облыста аутистік спектрдің аурулары бар балаларға арналған алғашқы орталықты ашу жұмысы жүргізілуде. 2025 жылға дейін тағы 10 арнайы ұйым ашылады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанда отбасылық тәрбие институтын дамыту бағыты қолға алынды. Ең алғашқы отбасылық балалар үйлері 90-шы жылдары Ақтоғай және Бұқар жырау аудандарында құрылды. Отбасылық тәрбиенің бұл түрі өзін ақтап, одан әрі дамыды. Бүгінде облыста осындай 7 балалар үйі бар. Патронаттық тәрбие де дамуда. Патронаттық тәрбиеге 414 бала берілді. Оның 252-сі балалар үйінің тәрбиеленушілері. 2025 жылға дейін тағы 250 баланы патронатқа беру жоспарлануда.

Облыста 51 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Балалар мен жасөспірімдердің 69%-дан астамы сабақтан тыс жұмыспен қамтылған. Тек осы жылдың өзінде қосымша білім беретін 5 жаңа ұйым, оның ішінде Қарағандыда заманауи Оқушылар сарайы ашылды. Келесі жылы Сәтбаев қаласындағы Оқушылар сарайының құрылысы аяқталады.

Биыл алғаш рет меншік нысанына қарамастан қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысты орналастыруға мүмкіндік беретін норма қабылданды. Бұл жеке инвестицияларды тартып, желінің дамуына және оқушылардың сабақтан тыс жұмыстармен жалпы қамтылуына оң әсерін береді деп үміттенеміз. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында, негізгі акцент еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға жасалады.

Бүгінде мамандарды даярлау 67 колледжде жүргізілуде. Тәуелсіздік жылдары Қарқаралы және Нұра аудандарында 2 жаңа колледж, биыл Қарқаралыда 100 орындық жатақхана салынып, пайдалануға берілді. «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын іске асыру жалғасуда. Бұл 40 мыңнан астам адамды тегін оқытумен қамтуға мүмкіндік береді.

Өңірде сұранысқа ие емес мамандықтар бойынша мамандар даярлау қысқаруда. Оның орнына жаңа, перспективалы мамандықтар ашылуда. Соңғы бес жылда осындай 18 мамандық ашылды. 15 колледжде «Жас маман» республикалық жобасы іске асырылуда, бұл жоғары білікті мамандарды даярлау үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді. Ол үшін 5 млрд. теңгеден астам сомаға заманауи жабдықтар сатып алынды.

Біздің облыс республикада алғашқылардың бірі болып дуальді оқытуды енгізуге кірісті. Бүгінде ол 52 колледж базасында ұйымдастырылған. Бұл олардың жалпы санының 77%-ы. 15 колледж базасында құзыреттілік орталықтары жұмыс істейді. 12 колледж қолданбалы бакалавриаттың білім беру бағдарламаларын енгізеді және жоғары колледж мәртебесін алды. Облыстың барлық колледждері жұмысшы мамандықтарды насихаттауға бағытталған «Worldskills» халықаралық қозғалысына белсенді қатысады. Биыл 10 студент республикалық ұлттық чемпионаттың жүлдегерлері атанып, 4 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.

Қарағанды облысы Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде қол жеткізген жетістіктердің барлығы, ең алдымен, біздің педагогтардың еңбегінің арқасында мүмкін болды. Бүгінде облыстың білім беру ұйымдарында 30 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. 2009 жылы «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру басталды. Осы уақыт ішінде облыстың ауыл мектептеріне 3 505 жас маман келді.

Тапшылық проблемасын шешу және мектептерді білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін 2018 жылдан бастап жергілікті бюджеттен жоғары білім алуға қаражат бөліне бастады. Қазірдің өзінде 589 білім гранты бөлінді. Биыл педагогикалық мамандықтар бойынша білім алған алғашқы түлектер мектептерде жұмысқа кірісті.

Педагог мәртебесін арттыру мақсатында 2006 жылы облыс әкімінің білім беру саласындағы сыйлығы тағайындалды. Осы жылдар ішінде байқауға 1,5 мыңнан астам педагог қатысты, олардың 194-і сыйлық иегері атанды. 2016 жылдан бастап «Үздік педагог» байқауын өткізу қайта басталды, 2020 жылы «Қарағанды облысының білім беру саласының Құрметті педагогы» төсбелгісі бекітілді. Биыл алғаш рет 24 педагог қызметтік пәтердің кілтін алды.

Тәуелсіздік жылдарында көптеген жетістіктерге қол жетті. Алайда, Қазақстанның дамуындағы қазіргі заманғы трендтер білім беру жүйесін дамытудың жаңа жолдарын іздеу қажеттігін талап етеді, педагогикалық қоғамдастықтың алдына жаңа стратегиялық міндеттер қояды. Бүгінде қол жеткен міндеттерді сауатты әрі шығармашылықпен шешуді бастап, болашақта оны толықтырып жетілдіру арқылы іске асыру қажет.

Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысының білім басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button