Бас тақырыпЖаңалықтар

18 қазан – Орман шаруашылығы қызметкерлері күні

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағына 2027 жылдың соңына дейін 2 миллиард түп ағаш егу міндеті жүктелгені белгілі. Ауқымды бастаманың түпкі мұраты – орман алқаптарын ұлғайтып қана қоймай, экологиялық тепе-теңдікті сақтап, келер ұрпаққа жасыл желекке бөленген құтты мекен қалдыру. Бұл міндеттің, әсіресе, өндіріс ошақтары шоғырланған Қарағанды өңірі үшін мәні айрықша. Өйткені қазыналы өлкенің байлығы жер қойнауындағы кенмен ғана өлшенбеуі тиіс. Жер бетіндегі жайқалған жасыл желек те – ел игілігіне қызмет ететін баға жетпес қазына. Осы орайда «Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Қарағанды шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Мақсат Мұқановпен аз-кем әңгіме өрбіткен едік…

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Мақсат мырза, облыстың бүгінгі орман қоры қандай деңгейде? Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған ауқымды бастаманың өңірдегі жүзеге асырылу барысы қалай?

– Расында, өндірісі өркендеген өңір үшін жасыл желектің маңызы айрықша. Өйткені орман – табиғаттың көркі ғана емес, қоршаған ортаның тепе-теңдігін сақтауға сеп болатын, елді мекендердің экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал ететін табиғи қорған.

Бүгінде облыс әкімдігінің қарамағындағы мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 132 978 гектарды құрайды. Соның 70 951 гектары нақты орманмен көмкерілген. Бұл аумақтарда Ақтоғай, Қарағанды және Қу орман шаруашылықтары жұмыс жүргізеді. Әрқайсысының өзіне тиесілі алқабы, табиғи ерекшелігі мен атқаратын міндеті бар.

Осы бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста 2021–2027 жылдарға арналған ормандарды молықтыру және орман өсіру жөніндегі кешенді жоспар қабылданған. Соған сай 3 528,6 гектар аумаққа 12,2 миллион түп көшет егу көзделіп отыр. Бұл – аз жұмыс емес. Оның әрқайсысының артында жер дайындау, көшет өсіру, оны күтіп-баптау секілді қажырлы еңбек жатыр.

Бүгінгі нәтижеге тоқталсақ, 2021–2026 жылдар аралығында бұрынғы орман екпелерін толықтыру жұмыстарын қоса есептегенде, 2 285,4 гектар аумаққа 7,1 миллион түп жапырақты және қылқанжапырақты көшет егілді.

Ал өзіміздің Қарағанды орман шаруашылығына келсек, мекемеге қарасты мемлекеттік орман қорының көлемі 39 307 гектар болса, оның 22 240 гектары орманмен көмкерілген. Жасыл желектің аясын кеңейту жұмыстары жыл өткен сайын қарқын алып келеді. Мәселен, былтыр 305 гектар жерге 840 160 түп көшет ексек, биыл 463,9 гектар аумаққа 1 миллион 458 мыңнан астам көшет ектік. Келер жылдың да қамын қазірден ойластырып жатырмыз. Атап айтқанда, 2027 жылы көшет егу үшін 254 гектар жердің топырағы алдын ала дайындалды.

Әрине, орман өсіруді тек егілген көшеттің санымен бағалау жеткіліксіз. Біздің жұмысымыздың нақты нәтижесі сол көшеттердің қаншалықты жерсініп, тамырын тереңге жайып, өсіп-жетілгенінен көрінеді.

– Қазір қарағандылықтардың табиғат аясында тынығуына арналған жаңа экопарк бой көтеруде. Жаңа жобаның ерекшелігі неде?

– Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр желтоқсан айында Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте ірі қалалардың табиғи аймақтарында экопарктер құру қажеттігін атап өткен болатын. Осы тапсырма аясында Қарағанды орман алқабының 6 және 7-орамдарында «JASYL ECOPARK – Қаладағы белсенді демалыс» жобасы қолға алынды. Жалпы аумағы 112 гектарды құрайтын болашақ экопарк қарағандылықтардың табиғат аясында уақыт өткізуіне таптырмас мүмкіндік беретін кеңістікке айналмақ.

Қазір мұнда абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, балалар мен ересектерге арналған, жалпы ұзындығы 5 шақырым болатын велосипед жолдарының негізі нығыздалуда. Екі балалар ойын алаңы мен бес волейбол алаңын әзірлеу жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, демалушыларға арналған арнайы орындар қарастырылған. Қосымша қылқанжапырақты көшеттер егу де жоспарымызда бар. Белгіленген мерзімге сәйкес, абаттандыру жұмыстарын биыл қараша айында аяқтау межеленген.

– Биылғы өрт қаупі жоғары маусым орманшылар үшін қалай өтті?

– Орман өсіру қаншалықты қажырлы еңбекті қажет етсе, оны өрттен қорғау да соншалықты жауапкершілік жүктейді. Кейінгі жылдары бұл бағытта бірқатар ілгерілеушілік бар. Ең алдымен, мекеменің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, өртке қарсы техникамен және қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырылу деңгейі 100 пайызға жетті. Бұрынғыдай өрт ошағы туралы хабар жеткенше уақыт жоғалтпай, қауіпті ертерек анықтауға мүмкіндік беретін заманауи жүйелерді де іске қостық. Атап айтқанда, Теміртау мен Шахтинск қалаларында, сондай-ақ Тихоновка және Кирзавод орман алқаптарының учаскелерінде өртті ерте анықтайтын арнайы жүйелер орнатылды. Қазір төрт аумақта осындай бақылау жүргізіледі. Бұған қоса, орман алқаптарын қадағалауда дрондардың да көмегіне жүгініп отырмыз.

Дегенмен өртпен күрестің ең тиімді жолы – оның тұтануына жол бермеу. Осы мақсатта орман алқаптарындағы жыртылған жер жолақтарын үнемі жаңартып, күтіп ұстау жұмыстарын жүргіземіз. Мұндай жолақтар өрттің таралуын тежеуге септігін тигізеді. Әсіресе мереке және демалыс күндері орман ішіндегі бақылау күшейтіледі. Өйткені дәл осы уақытта табиғат аясында тынығатын тұрғындардың қатары көбейетіні айтпаса да түсінікті.

Ал биылғы жұмыстарға келсек, мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері дала өрттері мен Доскей кентіндегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында болған өртті сөндіруге барлығы 36 рет жұмылдырылды. Бұдан бөлек, өрт сөндіру бөлімдерінен шалғай орналасқан елді мекендердегі тұрмыстық өрттерді ауыздықтауға 7 рет шықты. Ақтоғай ауданында тұтанған ірі дала өртін сөндіруге де біздің мамандар атсалысты.

Әйтсе де, техника қанша жаңарып, бақылау күшейгенімен, адам жауапкершілігін ешбір құрылғы алмастыра алмайды. Мұны биыл тіркелген құқық бұзушылықтар да аңғартып отыр. Жыл басынан бері мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуға байланысты 17 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның 15-і ормандағы өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтамағандарға қатысты болса, екеуі азаматтардың қасақана әрекеттері салдарынан орман өрті шыққанына байланысты рәсімделді. Яғни сақтық шараларына салғырт қараудың зардабы әлі де кездесіп отыр.

Осы орайда бір жайтты ұмытпағанымыз жөн. Орман өрті ағашты ғана жалмайды десек, қателесеміз. Оның зардабы сол алқапты мекендейтін аң-құсқа, өсімдіктер дүниесіне және тұтас табиғи ортаға елеулі әсер етеді.

– Қарағанды ормандарында мұндай келеңсіздіктер қаншалықты жиі кездеседі?

– Түсіндіру және бақылау жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, заң бұзушылықтар әлі де тіркеледі.

Тағы бір алаңдататын мәселе – орман екпелерінің мал жаю салдарынан зақымдануы. Әсіресе енді ғана бой көтеріп келе жатқан жас тал-дарақтар мұндай әрекеттен зардап шегеді. Биылдың өзінде мал жаю салдарынан орман екпелеріне зиян келтіруге байланысты төрт әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті материалдар сотта қаралды. Бұдан бөлек, мемлекеттік жер қоры аумағында малды заңсыз жаю фактілері бойынша тағы 19 әкімшілік хаттама рәсімделді. Бұл көрсеткіштер табиғат байлығына ұқыпты қарау мәселесінде әлі де атқарылар жұмыстың аз емес екенін аңғартады.

Ал заңсыз ағаш кесуге келсек, мұндай әрекеттердің әрқайсысы қолданыстағы заңнама аясында қаралады. Ағаш кесуге рұқсат беретін тиісті құжаттың болмауы, белгіленген талаптардың бұзылуы немесе рұқсат етілген мөлшерден артық кесу – заң бұзушылық. Дегенмен орманды тек айыппұлмен қорғап қаламыз деу де қиын. Заң талаптары қаншалықты қатаң болса да, адамның табиғатқа деген көзқарасы өзгермейінше, мәселе түбегейлі шешілмейді.

– Сарыарқаның орман-тоғайын мекендейтін жануарлар дүниесінің бүгінгі жай-күйі қалай?

– Арқаның табиғаты аң-құсқа кенде емес. Биологиялық терминмен айтқанда, флора мен фаунаға баймыз. Кейінгі уақытта мекеменің жауапкершілік аясы кеңейіп келеді. Қайта ұйымдастыру жұмыстарына байланысты бізге облыстың резервтік аңшылық алқаптары мен балық шаруашылығы су айдындарын қорғау міндеті жүктелді. Қазір осы бағытта 21 жедел топ инспекторы қызмет атқарады. Олардың негізгі жұмысы – заңсыз аң аулау және балық аулау деректерін анықтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу. Қажет болған жағдайда құқық қорғау және өзге де уәкілетті органдармен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырамыз.

Бұл бағыттағы жұмыстар бір реттік тексерумен шектелмейді. Жыл бойы «Бекіре», «Браконьер», «Шырша», «Таза су айдыны» секілді жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі.

Ал қысқы маусымға келсек, бұл кезеңде жануарлар дүниесі үшін қиындықтар да аз болмайды. Әсіресе қар қалың түскен уақытта жабайы жануарларға қосымша қорек беру шараларының маңызы артады. Сондықтан мекеме тарапынан алдын ала биотехникалық жұмыстар жүргізіледі. Орман алқаптарында жануарларға арналған тұз жалайтын орындар, қосымша азықтандыру алаңдары мен арнайы астаулар орнатылып, күтіп ұсталады. Оларға қажетті мөлшерде жемдік тұз қойылып, шөп, қайың бұтақтарынан дайындалған азық және дәнді дақылдардан әзірленген жем беріледі.

Дегенмен мұндай жұмыстарды да бейберекет жүргізуге болмайды. Жабайы жануарлардың табиғи тіршілігіне орынсыз араласу дұрыс емес. Сондықтан қосымша азықтандыру шаралары аң-құстың санын анықтауға арналған маршруттық санақ нәтижелері мен бекітілген нормативтерге сәйкес ұйымдастырылады. Мұндағы мақсат – жануарларды адамға тәуелді ету емес, қажет кезінде олардың табиғи ортадағы тіршілігін сақтауға жәрдемдесу.

– Бүгінгі жастардың бұл кәсіпке қаншалықты қызығушылық танытатыны да ойлантпай қоймайды. Орманшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, еңбегін лайықты бағалау бағытында қандай ілгерілеушілік байқалады?

– Сырт көзге орман ішін аралап, ағаштардың жай-күйін қадағалау жеңіл жұмыс болып көрінуі мүмкін. Десе де, оның ар жағында жылдың төрт мезгілінде де тыным таппайтын қыруар еңбек жатыр. Бүгінде мекемемізде 311 штат бірлігі қарастырылған. Соның ішінде 106 орманшы қызмет атқарады. Ұжымда талай жылдан бері осы кәсіптің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген тәжірибелі мамандар бар. Сондай-ақ арнаулы орта және жоғары кәсіби білім алған қызметкерлер де еңбек етеді. Біз үшін осындай қалыптасқан кадрлық әлеуетті сақтап қалу маңызды.

Әрине, жас мамандарды салаға тарту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Бүгінгі жастарды орман шаруашылығына қызықтыру үшін мамандықтың мәртебесін көтерумен қатар, тұрақты еңбек етуіне, кәсіби тұрғыдан өсуіне қолайлы жағдай жасау қажет.

Бұл бағытта нақты қолдау шаралары қабылданды. Мәселен, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік орман күзеті қызметкерлеріне лауазымдық жалақысының 100 пайыздық мөлшерінде үстемеақы белгіленді. Соның нәтижесінде мамандардың орташа еңбекақысы сол кезеңде 129 мың теңгеден 250 мың теңгеге дейін өсті. Бұдан бөлек, Қарағанды облысы әкімдігінің 2023 жылғы 11 шілдедегі қаулысына сәйкес, қызметкерлердің лауазымдық жалақысына 50 пайыз мөлшерінде ынталандыру үстемақылары қарастырылды.

– Әңгімемізді орманның жай-күйінен бастап, оны қорғаудың сан тарау машақатына дейін сөз еттік. Түйгеніміз, табиғат байлығын сақтаудың жауапкершілігін бір ғана мекеменің немесе орманшылардың мойнына артып қоюға болмайды. Жалпы, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырудың ең төте жолы қайсы?

– Біз қанша жерден орман алқаптарын күзетіп, өрттің алдын алып, жас көшеттерді күтіп-баптағанымызбен, қоғамның қолдауынсыз табиғат байлығын толыққанды сақтау қиын. Өйткені экологиялық мәдениет дегеніміз – жылына бір рет сенбілікке шығып, ағаш егумен ғана шектелетін ұғым емес.

Осы орайда Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысының мәні айрықша деп ойлаймын. Бұл бастама айналаны тазартумен ғана шектелмей, қоғамның табиғат алдындағы жауапкершілігін арттыруды, әсіресе жас ұрпақтың бойына экологиялық тәрбиені сіңіруді көздейді. Сондықтан біз де орман шаруашылығындағы күнделікті жұмысымызбен қатар, тұрғындарды табиғатты қорғау ісіне тартуға көңіл бөліп келеміз.

Мәселен, биыл көктемде мемлекеттік орман қоры мен экопарк аумағында, сондай-ақ оған іргелес алқаптарда әр бейсенбі сайын санитариялық тазалық және абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Меніңше, ең бастысы – табиғатты өзімізден бөле-жара қарамау. Бүгін жасыл желекке жасаған қамқорлығымыздың игілігін ертең өзіміз де, балаларымыз да көреді. Сондықтан табиғатты аялауды бір күндік науқанға айналдырмай, күнделікті өмір салтына сіңіре білсек деймін.

Қазақ қашанда жердің қадірін біліп, табиғатпен етене тіршілік кешкен халық. «Бір тал кессең, он тал ек» деген аталы сөздің астарында қаншама тағылым жатыр. Сол ұстанымды бүгінгі тіршілігімізде жаңғыртып, кейінгі буынға өнеге ете алсақ, еңбегіміздің еш кетпегені дер едік.– Әңгімеңізге көптен-көп рақмет!

Сұхбаттасқан Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button