Береке – бірлікте

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылында Қазақстан әлемге танылды. Бүгінгі күні ұлтаралық келісім мен бірлікте өмір сүруде. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек АБДРАХМАНОВ Е.Бөкетов атындағы Қарағанды унтверситетінде белсенді жастармен, студенттермен, ҚХА кафедра қызметкерлерімен, ғылыми-сараптама топ өкілдерімен, оқу орындарының тәрбие ісі саласындағы ұстаздар қауымымен кездесу айтып өтті.

– Қазақстанда этносаралық мәселе жоқ деуге болады. Татулық пен бірлік идеясын жоғары көтере білдік. Бұл отыз жылдың басты жетістігі деп толық айта аламыз. Рас, тоқсаныншы жылдардың бас кезінде еліміздің түрлі қиырларында сепаратистік қозғалыстар болған. Оларға жауап ретінде мемлекет құраушы ұлт өкілдері тарапынан ұлтшылдық ұрандар да көтерілді. Мұның соңы ауыр зардаптарға әкеп соқтыруы мүмкін еді. Әйтсе де, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тығырықтан шығар тың жолды тауып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Дәл осы ұйым біздің елімізді болуы мүмкін қақтығыстарда аман алып қалды. Ұлтаралық татулық пен келісімнің қазақстандық үлгісінің жемісті болуының бір себебі – қазақ халқының дархандығы. Бабаларымыз үйіне келген қонақты сырт келбетіне, ұлты мен әлеуметтік ахуалына қарамастан төріне шығарып, құрмет көрсете білген. Ұлттық кодымызға берік орныққан осы дәстүрдің арқасында Тәуелсіз Қазақстанда ешбір ұлтты сыртқа теппей, бауырға бастық, – дейді Сауытбек Әбдірахманов.

Мәжілісменнің айтуынша, ұлтаралық мәселені шешудің Қазақстан ұсынған оңтайлы жолына шетелдіктер де қызығушылық танытып отыр. Мәселен, солтүстік көршіміздегі Ресей Федерациясы халқының Ассамблеясы біздің елдің үлгісімен құрылған. Бұдан бөлек, Израил, Араб елдері де ушыққан ұлтаралық мәселені шешудің бір жолы ретінде Қазақстан үлгісін қарастыруда екен.

– Әлемде ешбір ұлт немесе халық өзге ұлтпен дос болмайды. Бұл жалпылама сөз ғой. Әсілінде, адаммен адам дос болады. Біз осыған баса мән бердік. Қазақстандықтан бір-бірімен араласқанда «мынау орыс, мынау қазақ, анау неміс» деп емес, Адам деп сыйласады. Арадағы сыйластық пен татулық осыдан басталады. Біз де өзге елдерге осы идеяны ұсынып отырмыз, –  деді депутат.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты бүкіләлемдік қауымдастық мойындаған ғылыми дәлелденген факт туралы айтып берді.

– 2018 жылдың қазан айында Ботай жерінде болып, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы энеолит дәуіріндегі мәдениет ескерткішін көрдім. Төрт мың жыл бұрын ол жерде алғаш рет жылқы қолға үйретілген – бұл бүкіләлемдік қауымдастық мойындаған ғылыми дәлелденген факт. Ұзақ жылдар бойы жылқының қайда үйретілгені туралы даулар болды. Қазір бұл мәселеге нүкте қойылған.

Сонымен қатар  Парижде болғанда, Эйфель мұнарасының жанындағы Адам мұражайына бардым. Ол жердегі дөңгелек залда адамзаттың он ұлы жаңалығы орналасқан екен, соның ішінде жылқының доместикациясы (үйсіну) болды. Француз тілінде мынадай сөздер жазылған: Ботай мәдениеті Орталық Азия оазисі географиялық қиылысында орналасқан. Дәл осы жерде б.з. б. төрт мыңжылдықта адам алғаш рет жылқыны үйретті.

Францияның Париж орталығында жылқының доместикациясы алғаш рет Қазақстан даласында орын алған фактіні жалпы әлемдік мойындау бар. Бұл адамзат тарихының бүкіл революциясын білдіреді, – деді.

Мәжіліс депутаты Теміртау қаласында болып жастарымен кездесу өткізді. Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында өткен тағылымды шарада көпұлтты қаланың тұрмысы сөз болды. Қаланың іргесін КСРО-ның әр қиырынан комсомолдық жолдамамен келген жастар қалаған еді. Олар достықтың озық үлгісін көрсете білді. Бұл бүгінге дейін үзілмей, жалғасын тауып келеді.

Кездесу соңында ұлтаралық  келісімді нығайтуға үлес қосқан азаматтарға Қазақстан халқы Ассамблеясының алғыс хаттары тапсырылды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.