Руханият

Ұлттық рухқа айналған ұлы тұлға

Хакім Абайдан кейінгі алып кеңістікті алып жатқан ірі ақындардың бірі – Мағжан Жұмабайұлы. Азан шақырып қойған есімі – Әбілмағжан. Осыдан 130 жыл бұрын, 1893 жылдың 25 маусымында Қызылжар (Солтүстік Қазақстан) аймағында дүниеге келген нәрестенің әкесі – Бекен, анасының аты – Гүлсім еді. Бір Алланың қалауымен және атасы Жұмабайдың дуалы тілегімен Мағжанға ақындық өнер қоныпты дейді зерттеушілердің деректер легінде. Мағжанмен замандас заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «…Мағжан – мәдениеті зор ақын. Заманынан басы озып, ілгерілей жеткен ақын. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі» – десе, сұңғыла суреткер Жүсіпбек Аймауытов: «…Мағжан сыршылдығымен, суретшілігімен, сөзге еркіндігімен, тапқыштығымен күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, мұңды зарымен күшті. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады» – депті. Өз кезеңінің қарымды қаламгері, қазақ әдебиетінің бір білгірі Сәбит Мұқанов: «Абай – ақылдың ақыны, Мағжан – ақынның ақыны» – деген екен. Ақынды көзі көрген, жанында жүрген игі жақсылардың жылы лебіздері осындай. Ал бізге аңыз күйінде жеткен аяулы ақынның мол мұрасы бүгінге дейін зерделеніп-зерттелді. Әлі де зерттеледі. Мағжантану мұхиты толқынданып, келер ғасырларға да кете барады. Біздің мақсат – сол мұхитқа тамшыдай үлес қосу.

Мағжан Бекенұлы Жұмабайтегі – аласапыран уақытта дүниеге келіп, қайшылықты ғұмыр кешкен қазақ ақыны. Сол алақұйын заманда өзінің ақ қанат армандарына мініп, арын сақтап қалған, ұлт мүддесі үшін мол қызмет еткен текті тұлға. «Алаштың алып ақыны, қазақ халқының ғажап суреткері» дейтініміз де сондықтан.

Мағжанның лирикасы – мұңды да құнды лирикалардың қатарында. Тек қана ұлттық деңгейде емес, әлемдік шедеврлер санатында. Ақынның «Пайғамбар», «От», «Күншығыс», «Түркістан» дейтін өлең-жырларын, «Қорқыт», «Батыр Баян», «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы» деп аталатын поэма-дастандарын алып қарасақ, поэзиялық үлгі-өрнек hәм парасат-пайымы жағынан керемет деген туындылардан да жоғары тұр. Түсінгенге – зау биік, тым терең. Тосындығы, жұмбақтығы және жаңашылдығы бар деуге толық негіз бар. Түркі әлемін түгелдеуге ұмтылған, көк түріктің рухын биікке көтеретін Мағжан жырларын қай тілге аударсақ та, жарқылын жоғалтпайтын құнды дүниелер болып шығатынына дау жоқ шығар.

Мәселен,

«Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын,
Күнге ғана бағынам.
Өзім – күнмін, өзім – от,
Сөзім, қысық көзім де – от,
Өзіме өзім табынам…
…Жүрегім де, жаным да – от,
Иманым да, арым да – от,
Жарқырап от боп туғаннан…».

Бұл – «От» жырындағы отты ойлар. Ал, «Пайғамбарда»:

«…Қап-қара түн. Уақыт ауыр өтеді,
 Ой артынан ойлар келіп кетеді.
Түн баласы көр көзінен жас төгіп,
Күншығыстан бір пайғамбар күтеді…
Ерте күнде отты Күннен Гун туған,
Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам.
Жүзімді де, қысық қара көзімді
Туа сала жалынменен мен жуғам.
Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен – Күн ұлы, көзімде Күн нұры бар.
Мен келемін, мен келемін, мен келем –
Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар!» – дейді ақын.

Пайғамбар – Жаратушы Алла мен адамзаттың арасындағы елші. Ақыл-ойдың асқан үлгі-өнегесін көрсететін, көріпкел-көрегендікті бойына жинақтаған, мейірім мен шуақтың, қарапайымдылық пен зиялылықтың эталоны болар жан иесі. Осы періште көңіл-ниеті бар пайғамбар туралы айта келіп, өзінің де пайғамбарлық парасат-пайымын танытқан. Оған тағы бір дәлел: «Қараңғы жердің көгіне, Күн болып сонда мен шықсам!» немесе «Заулап тұрған отымнан, Жаратар ем жаңа адам…» – деп те толғанады. Бұл жерде «Күн», «От» дейтін тіршілікке аса қажетті ұлы ұғымдар рух шақырып тұр. Өлеңді қимыл-қозғалысқа салып, кәдімгідей жандандырып тұр.

«Мағжан өлеңдерінде түркішілдік идеясы басым» – дейді кейбір зерттеушілер. Ол рас. Оның несі айып?! Ақын Алаш идеясын сол түркі дүниесінің бір бөлімі, бөлінбейтін бөлшегі ретінде қарастырды. Ұлттық рухымызды биік көтеру үшін «толғанып қарауым сол баяғыға…» – деп, әрідегі түркі әлемін іздейді. Ақын өлеңдеріне тән негізгі ерекшелік – ағартушылық пен ұлттық рухты қоса көтеру болды. Осының арқасында Мағжан шығармалары аса қуатты, отты еді. Өрттей шарпыған өлеңдер, өткір ойлар кедей-кепшік, құл-құтаннан құрылған тексіз жүйені, ессіз қоғамды шошытып жіберді. Патшалық Ресейге де, Кеңестер Одағына да мұндай тулаған туындылар қауіпті болатын.

Мағжанның ерлігі – шығармаларында шындықты көрсетіп, ақиқатты айтуында еді. Бұл жағынан келгенде, ол өте батыл қадамдарға барды. Басқасын былай қойғанда, ақынның «Жүсіп хан», «Өтірік ертек» және «Ертегі» деп аталатын ертегі-поэмаларын алып көріңізші. Балаларға арналған қарапайым көп ертегілердің бірі деп ойлайсыз. Бірақ, оқи жөнелсеңіз, сол ертегі елінің жанында мүйізі қарағайдай бір саяси мүйіс те қоса елестейді… Көркем шығарма болғанымен, сол қоғамның көрінісі, сол өмірдің нақты дерегі анық байқалады ғой. Азаматтық лирикаға жататын бірнеше туындыларында Мағжан өткір ойларын айта отырып, семсер сөздерімен ашық алаңға шығады. Символистік, сентименталистік бағыттағы өлеңдерінің өзінен шырқыраған шындықты көруге болады. Бұған қоса, қарапайым сөздерімен де аз мәтінге мол мағына сыйғыза алады. Айталық, «Жылқышы» деп аталатын бір өлеңінде:

«Аман ба екен, жылқышы,
Аман ба екен жылқысы?..» – дейді. Еленбей-ақ қалатын өлеңнің екі жолын қарапайым хал-жағдайды сұрау деп ойлаймыз. Шын мәнінде бұл жерде шалқар ой жатыр. Табиғат құбылысы болып көрінетін қысқы боран, күннің суытуы, жылқының ығуы, жылқышының қиналуы – бер жағы, негізгі нысана – сол кездегі қоғамның ызғары мен бораны.

Мұндағы жылқышы – сергелдеңге түскен қазақтың өзі. Ал, жылқы жануары – ұлттың табиғи қасиеті мен бар байлығы. Ендеше мұнда қазақ халқының хал-жайын сұрап тұрған ақынды көреміз. Өйткені, қазақтың жаны – жылқыда. Мінсе – көлік, жесе – тамақ, сән-салтанат, қызық-қуаныштың бәрі осы текті түліктің еншісінде екендігі белгілі. Халық даналығында «Қазақ – жылқы мінездес» деп те текке айтылмаған шығар. Ақын осыдан қорытынды жасап, өзінің қимастық көңілін білдіріп, табиғат құбылысымен салыстырғанға ұқсайды.

Әлемге әйгілі Цицеронның: «Өзің туғанға дейінгі дүниеде не болғанын білмесең, ғұмыр бойы нәресте қалпыңда қалдым дей бер» деп келетін бір ғажап сөзі бар екен. Мағжан ақынның да көнеге көз тігіп, өткен тарихтан сыр тартуында осындай мән-мағына жатқан секілді. Осы орайда «Түркістан» өлеңіне зер салайық:

«Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой.
Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешке…
…Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?» – дейтін толқынды ойлардың бір тұсында: «Бұл Тұран ежелден-ақ Алаш жері, Тұрансыз тарқамаған Алаш шері…» деп те, тайға таңба басқандай нақтылап қояды. Жиырма жеті шумақтан құралған осы өлеңде ақын туған жер мен Отанның қадір-қасиетін айта келіп, негізгі нысана – Тұран тұтастығына тоқталады. Көріпкел ақынның осынау орманды ойы мен сұңғыла сөзі арада ғасыр өтсе де, әлі күнге құндылығын, тарихи маңызын жойған жоқ. Дәл қазір біздің мемлекеттік саясатта қозғалып жатқан «Түркі тектес елдердің бірлігін жандандыру», «Түркілік одақ», «Түркілік әскер», «Түркі елдеріне тән Жазушылар одағы», осы елдерге қатысты түрлі мәдени, тарихи іс-шаралардың барлығы да осының жарқын мысалы бола алады. Осы ретте «Орал тауы», «Алыстағы бауырыма» секілді жырларында да үлкен тарихи сыр жатыр… Бұл жырларын оқығанда әлдеқайдан қобыз сарыны естіліп тұратын сияқты… Сол қобыздың мұң-зары, қайғылы шері ақынның көптеген өлеңдерінде өрілді. Сол қырынан қараған қатыгез қоғам 27-ге енді толатын жас Мағжанға «Жан сөзін» жазғызды…

Ақын туындыларының толағайы, классикалық қуаты зор, ұлттық рухтың айбынына айналғаны – «Батыр Баян» дастаны деуге болады. Бір ғажабы, аталмыш поэма осыдан тура жүз жыл бұрын, 1923 жылы жазылса керек. Оған бір дәлел – «Мағжанның атақты «Батыр Баян» поэмасы «Шолпан» журналының 1923 жылғы 4-5 және 6-7-8-сандарында жарияланды» дейтін нақты дерек бар. Мағжанның бұл шығармасы – намысты қайрайтын нағыз ұлттық шығарма. Батырлықты баяндау, ерлікті дәріптеу өз алдына, мұнда Отан үшін отқа түсетін ғажап толғаныс бар. Киелі атамекенді, қасиетті қазақ жерін, туған елді қимайтын азаматтық асқақ сезім тұр. Тыңдап көрелік:

«…Жас Баян жауды талай көрмеп пе еді,
Сорғалап сұңқардайын төнбеп пе еді,
Майданда жолбарыстай жалғыз ойнап,
Сан қолға аш бөрідей кірмеп пе еді?!
Жебесі көбе бұзып, жүректі үзбей,
Найзасын, сірә, шалғай сермеп пе еді?
Бірін айт, бәрін айт та, басқа батыр
Баяндай «Алашым!» – деп еңіреп пе еді?..». Осылай туған жері мен елі үшін, оны жаудан қорғау жолында түн ұйқысын төрт бөліп, ұлтқа қызмет еткен Баян батыр інісі Ноянның Отанын сатқан опасыздығына қалай төзсін?! Ашулы батырдың найзағайлы намысы жебелерімен қоса қос ғашықтың жүректеріне қадалған. Бұл жөнінде белгілі ғалым Шериаздан Елеукенов «Мағжан» атты зерттеуінде (1995): «…Баян «батыр» деген көне атына қарамастан, әдебиетіміз үшін жаңа кейіпкер еді. Баян Уақ руынан десек те, ұлт қаhарманы. Ол отаншылдық биікте самғаған қыран. Халық мүддесі категорияларымен ойлайтын қаhарман. Өзін өз күшігін жеген бөрі есептесе де, оның Отан атынан опасыздықты жазалағанын ұмытуға болмайды» деген ойын айтады. Ақын бас кейіпкерінің жазасын жеңілдету үшін оның күйреген көңіліне, мұздаған жүрегіне, жаураған жан дүниесіне сәл болса да сабырлылықты сеуіп өтеді: «… Жоқ, әлде, жоқ, жоқ… Әлде… Өлтірдім бе, Інімді алты Алаштың намысы үшін?!» – дей келе, «Құл болса бір қыз үшін балдырғаны, Алашқа бұдан да ауыр шер бола ма?!» дегенді айтқызады. Осы поэма туралы біршама зерттеулер туындады. Солардың бірі – Ш.Елеукеновтің зерттеу еңбегінде: «Батыр Баян ортасы белгілі. Ол Абылай бастаған ел азаттығы жолындағы күрескерлер ортасы. Баян сол күрескерлердің жиынтық бейнесі, елім деп еңіреп туған типтік характері. Поэманың эпикалық құлашы кең – тұтас бір ұлт мүддесін қамтиды. Лирик автор туынды бойына терең сыршылдық дарытқан. Тартыс, әрекетке жомарт драмалық қасиеттерінің күштілігі сондай, бұл сюжетке аттас фильм де туып үлгерді. Мағжан «Баянды» ешкімге еліктеп жазбаған, бұл төл тумасы, деп Жүсекең (Жүсіпбек Аймауытов) дұрыс баға берген. Өзіне дейінгі көркемдік жетістіктердің бәрін, фольклорымен қоса, пайдалана отырып, ақын қазақ әдебиетінде жаңа тұрпатты жанр туғызған. Ондағы үстеме тәсіл – реалистік психологизм» – деп жан-жақты талданады.

Қысқа қайырғанда, өз бауыры мен жас сұлуды ажал құштырған батырдың бұл тосын әрекеті – ұлттық рух пен отаншылдық сезімді жоғары бағалаудан туындаған. Егер Ноян секілді жұрттың бәрі, оның ішінде ел келешегі болып саналатын жастар махаббат отына жанып, ғашығына еріп шетел асып жатса… не болмақ?.. Аяулы атамекеннен, қадір тұтар Отаннан не қасиет қалмақ?.. Авторды да, бас қаhарманды да толғандырған осы ойлар болуы керек…

Қазіргі біздің қоғамдағы ұлтымызды, еліміз бен жерімізді, Отанымызды менсінбей шетел асқан, сонда жүрген жастарға осындай ұлттық мұраларымыз сабақ болса ғой…

***

Жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жанында»: «Абай – бүкіл дәуірдің перзенті, перзенттен көтерілген ұстазы» дейтін пайымды пікір бар. Мағжан да осы пікірге лайықты тұлға.

Сөз түйініне келсек, сол заманда даңқы дүрілдеп, ұлан-байтақ қазақ даласына аты мәшhүр болған ақиық ақынның екі жақтан жаулары болды. Бірі – қанға жерік, Кеңес Одағын құрушы бақа басты бәлшебектер, екіншісі – өз ішіміздегі Мағжанның таудай талантын көре алмаған ішітар, көрсеқызар, өресі төмен пенделер. 1938 жылдың 19 наурызында ақкөңіл, ақниетті Әбілмағжан ақынды осы қара жүректі, қараниетті «қабыл-жындар» өлтірді… Биыл соған 85 жыл болыпты. Бірақ олар қателесті. Мағжандай мұзбалақ ақынның тәнін өлтіргенімен, жанын жоя алмады. Рухын құрта алмады. Сол ғажап Рух жанартау секілді қара жерді қақ айырып, Алаш аспанына қайта көтерілді. Мәңгі сөнбес жарық жұлдыз болды, мәңгілік алауға айналды. Қазақ ұлтының рухын сақтап қалған, биікке көтерген Ұлылардың қатарында Мағжан ақын да жарқырап тұр!

Мен сенемін жастарға,
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бір таңда,
Мен жастарға сенемін! – деген ұлы ақынның өткір де көріпкел жыры бүгінде толқын-толқын ұрпақтың туы мен әнұранына айналды.

Иә, мынау жарық дүние, жарық күн тұрғанша жасай бер, жарқырай бер, дүр Ақын!!!

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті журналистика кафедрасының аға оқытушысы

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button