Бас тақырып

Әлеуметтік түйткіл байыпты талдауды қажет етеді

Соңғы уақытта қоғамда орын алған оқиғалар, жұртшылықтың әлеуметтік желідегі пікірі әлеуметтік салада шешімі табылмаған мәселелердің барын көрсетті. Әлеуметтік қорғау, тұрғындардың жұмыспен қамтылу, көші-қон, демография, әлеуметтің құқықтық һәм саяси сауаттылығы, урбанизация мәселелерінде түйткілдің көп екенін аңғартты. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет жанынан азаматтардың өмір сүру сапасын арттырумен, көп балалы отбасыларды қолдау шараларын пысықтаумен айналысатын арнайы жұмыс тобы құрылып, қазіргі таңда жұмыс үстінде. Премьер-министрдің орынбасары Ерболат ДОСАЕВ басшылық ететін бұл топқа екі ай көлемінде Мемлекет басшысы тапсырмаларын орындау бойынша кешенді шаралар қабылдау міндеті жүктелген.

Жосықсыз урбандалу: заңсыз жеркепе, тіркелмеген тұрғын

Көпшілік көш керуенінің басын ауылдан қалаға сонау тоқсаныншы жылдардан бұрған-ды. Ірі, өндірісті қалаларға балашағаны асырау үшін нәпақа іздеп келетіндер мұнда өздерін құшақ жая қарсы алмайтынын да жақсы біледі. Сөйте тұра, «екі қолға – бір күрек» деген қарабайыр түсінікпен тәуекелшіл. Қайткен күнде қалаға бұруға құмар. Әрине, тірлік үшін. Мұны статистикалық деректер де растайды. Үлкен шаһарға үлкен үміт артады. Әйткенмен, әйдік қала бауырына басып, маңдайынан сипай қойды ма? Қайдам, әзірге түйіншегін арқалап, бала-шағасын жетектеп үдере көшіп жүрген қазақ қана.

Статистикалық деректер кейінгі жылдары сыртқы миграциядан гөрі ішкі миграцияның қарқын алғанын айтады. Мәселен, 2018 жылғы 1 желтоқсанға еліміздегі халық саны 18376,2 мың адам, соның ішінде, қалалықтар –10626, 2 мың (57,8%), ауылдықтар – 7750,0 мың. (42,2%). Ең көп жалпы өсім республикалық маңызы бар – Шымкент, Алматы және Астанада қалыптасыпты. Бұл – республикалық көрсеткіш.

Қарағанды аймағына келсек, облыстық статистика департаментінің мамандары 2018 жылдың 9 айында облыстың ішіндегі халықтың көші-қонының нәтижесінде тұрғылықты орнын 21157 адам қоныс ауыстырғанын мәлімдейді. Облыс шегінде қала тұрғындарының саны өскен. Ауылда тұратындар саны 1323 адамға кеміген.

Наила ДАСАЕВА, облыстық статистика департаменті, әлеуметтік және демографиялық статистика басқармасының басшысы:

– 2018 жылғы қаңтар-желтоқсанда облысқа 9054 адам келді, облыстан тыс 20662 адам кетті. Басқа облыстардан келушілер саны 17,1%-ға, облысаралық көшіқон шегінде кеткендер саны – 10,3%-ға азайды.

Ал, Үкіметтің «Көші-қон саясатының 2017- 2021 жылдарға арналған тұжырымдамасы» Алматы, Астана қалалары, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары халық ағынының негізі екенін атайды. Оған қоса, ғалымдар ішкі миграцияның бүгінде стихиялық сипат иеленгенін айтудан жалығар емес. Ұйымдаспаған миграция ішкі көші-қонда бірқатар әлеуметтік әрі рухани негіздегі проблемалардың туындауына әкеліп соққанына – куәміз. Астана маңындағы заңсыз лашық, уақытша жеркепелерде жылдап тапжылмай тұрып жатқан, әр үйге жүгін сүйреп көшкен ағайын – бұған мысал.

Ішкі істер министрлігі миграция комитетінің дерегінше, ішкі көші-қонға жылына миллионнан астам адам қатысады. Ішкі миграцияның мониторингі мұндай көші-қонның 80 пайызы облыс ішінде, 18-20 пайызы облысаралық сипат иеленгенін айғақтайды. Ол ауылдардан қалаға көшумен байланысты жүріп жатыр.

Қарағанды облысы ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының мәліметінше, 2018 жылдың 9 айында 1 млн. 764 191 Қазақстан азаматы тіркелген. Оның ішінде, тұрақты тіркеуге тұрғандардың саны – 1 млн. 397 237 болса, уақытша тіркелгендер – 366 мың 954. 2017 жылдан бастап тұрғылықты жері бойынша міндетті тіркелу іске асырылуда. Десек те, көптеген азаматтар мен баспана иелерінің бұдан жалтарып жүргені де жасырын емес.

Әлбетте, урбандалу – заңды үрдіс. Қазақстанның үлесі мұнда – 53,3 пайыз. Урбандалудың экономикаға тигізер әсері де мол. Егер ол, ғылым тілімен айтқанда, кемелденген урбандалу болса. Кемелденген урбанизацияда қала маңындағы елді мекендерге қалалық өмір салты дендеп енеді. Ол бара-бара агломерациядан тыс аймақтарды қамтиды. Яғни, урбандалу үрдісі жүреді. Астана, Алматы секілді миллионды шаһарлардағы урбандалу қай кезеңде?

Алматы, сөз жоқ, субурбандалу мен рурурбандалудың жемісін тата бастады. Астана ше?

Бүгінгі шындық – еліміздің ірі қалаларында жалған урбандалудың белең алғанын айғақтайды. Яғни, ғылым тілінде жалған урбандалу – қала халқының артуы, сонымен қатар, үйсіз-күйсіздердің көбеюі дегенді білдіреді. Үйсіз-күйсіздіктің салдары күнделікті әлеуметтік қолдаудан қағылуға апарып соғады. Ол – жайлы да жылы баспанадан, тұрғылықты жерге тіркелуден, тұрақты заңды жұмысқа орналасудан және балабақша мен мектептен шет қалу. Дүниенің түгел тетігі ақпараттық технологияға байланған осы күнімен тұрмысы төмен отбасыға ондай мүмкіндіктің бәрі қайдан келсін?! Ол болса, сонда тірлік кешкендердің құқықтық һәм әлеуметтік сауаттылықтарына кері әсер етуде.

Кешегі күннің жан айқайы – бұлай демеске шара қалдырмайды. Сондықтан, бұған дейін талай дуалы ауыз айтқан урбандалуды реттейтін заңнама негізінде құжат пен шараның қажеттігін қазіргі уақыт және еске салады.

Болашақта миллион тұрғынды арман еткен Қарағандыдағы ахуал қандай? Қарағанды урбандалу бойынша елдегі ілгері қаланың бірі болғанымен, әзірге алғашқы кезеңінде. Әйткенмен, миллионды меже еткен кеншілер мекені үшін де бұл қашып құтылмайтын процесс. Сол себепті, ішкі көші-қон мен урбандалуда бұрынғы тұжырым толықтыруды, заңнама негізінде жетілдіруді қажет етеді.

Сол себепті, «Астанаға, ал, келешекте Қарағандыға урбандалуда бір емес, бірнеше ядро керек емес пе?» деген сауал көкейге кеп тіреледі.

Жәрдемақыдан жәрдем қандай?

Қайғылы оқиға қат-қабат мәселелердің бетін ашты. Әлеуметтік саланың арқалаған жүгі – ауыр. Тіршіліктің барлық тамырын қамтиды. Сондықтан, әлеуметтік саладағы олқылықтар – әлеуметтің әл-ауқатының әлсіреуіне әкеліп соғады. Ал, әлеумет, адам – мемлекеттің баға жетпес басты байлығы. Бұл байлықтың қорғалуына кейінде көптің көңілі – күпті.

Баршаға мәлім, қайғылы оқиғадан кейін аймақ-өңірлерде көп балалы аналар жиналып, Үкіметке, жергілікті билікке өздерінің талап-арыздарын айтуда. Көп балалы аналардың талаптары баспана, жәрдемақының, жөргекпұлдың өсуі, бала күтімімен отырған үйдегі аналарға төленетін төлемге қатысты. Сонымен қатар, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, төрт балалы ананы көп балалы ана санатынан шығаруға орай қабылданған шешімге де өзгерту енуін сұрайды.

Қарағанды аймағында «Күміс алқа», «Алтын алқа» тағынған көп балалы аналардың саны 11 519 екен. Ал, 4 және одан да көп бала тәрбиелейтін отбасыларға берілетін жәрдемақы алушылардың саны – 9373.

Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, көп балалы отбасыларды қолдау бағытында 2018 жылы әлеуметтік төлемдерге 571,8 млн. теңге шамасында қаражат жұмсалған. Оның ішінде, атаулы әлеуметтік көмек 10925 адамға 457,8 млн. теңге және тұрғын үй көмегі 114, 0 млн. теңге көлемінде 4952 отбасына берілген.  

Толқын ЕЛЕУБЕКОВА, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметтік көмек және әлеуметтік нормативтер бөлімінің басшысы:

– Көп балалы отбасыларды мемлекеттің қолдауына қатысты шаралар әлеуметтік жәрдемақылар мен қызметтер арқылы жүзеге асады. Әлеуметтік төлемдер жүйесі бала тууына байланысты бір реттік жәрдемақыдан (ол 38 айлық есептік көрсеткіш есебінде, яғни, 2019 жылы 95 950 теңгені құрайды), 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбиелеуші атаанаға берілетін (1,05 ЕАК – 2019 жылы 3183 теңге), «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналарға арналған арнайы мемлекеттік жәрдемақыдан (6,4 ЕАК – 2019 жылы 16 160 теңге) тұрады.

Ресми орындардың мәлімдеуінше, кедейшілік деңгейінен кірісі төмен аз қамтамасыз етілген отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек те көрсетілетіні бар. Бірақ, көп балалы аналарды алаңдатқан жайттың мәні басқада. Осыған байланысты қазіргі уақытта Үкімет қандай қолдау жасауға мүмкіндік барын қарастыруда. Мұны салалық министрлер де жоққа шығармайтынын БАҚ бетінен біліп отырмыз. Егер оңтайлы шешілсе, әлеуметтің бір мәселесі кеми түсері айдан анық.

«Әр қазақ – менің жалғызым»

Ішкі демографияда үйлесімсіздік орын алуы Көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасында да көрсетілген. Онда оңтүстік өңірдегі халықтың тығыз орналасуы, солтүстікке жақын аймақтарда, керісінше, халықтың сирек орналасуы айқындалған. Осы орайда, Үкімет тарапынан солтүстік облыстарға тығыз орналасқан оңтүстік аймақтағы ағайынның қоныс аударуы туралы шаралар да қабылданды. Ол шаралар жүріп жатыр. Ұйымдастырылған, жүйеленген түрде. Айтпағымыз – ауыл тұрғындары қалаға магнитше тартылуы бұдан әрі де күшеймесе, кемімейді. Сол себепті, осы шаралар тек Павлодар, Қызылжар, Қостанай қалаларын ғана емес, орталық өңірлерді де қамтыса деген ой. Сол арқылы аймақтарда халықтың орналасуында да баланс сақталар еді.

Тұжырымдамадан ұққанымыз – ішкі көші-қон ағындарын өңірлік экономикалық өсу аймақтарына жіберудің мемлекетте нақты жүйесінің болмауын жоққа шығармайтындығы. Демек, ішкі көші-қонда халықты әлеуметтік қолдау үшін ынталандыру тетіктері қарастырылуы тиіс. Осыған байланысты сонда нақты міндеттер мен мақсаттар да көрсетілген. Бірақ, солардың қайсыбірі ғана іске асқан. Кейбіреулері сол қалпында дегеніне жетпей, жолдың ортасында қалған сыңайлы.

Мысалы, тұжырымдамада Қытай, АҚШ, Аустралия, Канада тәжірибелеріне назар аударылған. Тарқатып айтсақ, Қытайда ішкі көші-қон Кедейлікпен күрестің 2020 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы арқылы ынталандырылатыны айтылады. «Ол бағдарлама бойынша жыл сайын 2 млн. адамды қайта даярлау, өндірісте жұмыс тәжірибесі бар 6 млн. адамды жұмысқа орналастыру, сонымен қатар, 2 млн. адамды қолайсыз аудандардан қоныс аударту жүзеге асырылады. Бұл ретте қоныс аударушылар үшін қолжетімді бағалар бойынша тұрғын үйді жалға беру және экономикалық қолжетімді пәтерлер құрылысын қоса алғанда, тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесін құру қарастырылады» дейді. АҚШ-та ішкі көші-қон салықтық ынталандыру арқылы іске асады екен. Көшіп келген адамды жұмысқа алған жұмыс берушіге салықтық жеңілдік беріледі. Аустралияда өзге өңірге қоныс аударып жатқандарға қаржылай көмек көрсетеді.

Жалпы, елімізде қабылданатын мәнмаңызы жоғары құжаттар бар. Өкініштісі – ондағы мақсаттарға жетудегі міндеттердің жол ортасында, діттегеніне жетпей қалатындығы. Межені белгілеп қойып, соған барар жолда, одан басқа арнаға бұрылып кететін жаман әдеттен арылуға тиіспіз. Негізі сыртқы, мейлі, ішкі көші-қон болсын, жалпы, әлеуметтік мәселе мен саясат «Әр қазақ – менің жалғызым» қағидатына сусап тұр.

Мамандыққа бейімдеу маңызды

Сонымен, бірқатар зерттеулерді сүзіп шыққанда түйгеніміз – ішкі миграциядағы үлесті 18-40 жас аралығындағы экономикалық қабілетті тұрғындар иеленеді екен. Сөйте тұра, қалаға табан тіреген олардың басым көпшілігі келешегін айқын болжай алмайды. Әйтеуір, күнделікті нәпақамен жүреді. Бұл – тәуекелі жоғары ұйымдаспаған миграция. Тәуекелі сол адамның өз мойнында. Ал, уақыт болса, тоқтап тұрған жоқ. Өтіп жатыр. Не үй, не күй жоқ. Бұған қоса, мемлекеттен берілетін әлеуметтік жеңілдіктер, я болмаса, әлеуметтік төлем-жәрдемақылар, бағдарламалар туралы түсініктен мақұрым. Тек қаланың пұшпағына табан тигізгеніне шүкір етеді. Одан оңалса, кәне?! Жағдайды түзететін ынта бар шығар. Бірақ, қабілет жоқ. Өйткені, қалаға қарай ұмтылатын ауыл тұрғындарының басым көпшілігінің мамандығы бәсекеге қабілетсіз. Уақыттың талабына жауап бермейді. Яки, олар – ауылға бейімделген мамандықтарды ғана игерген. Өнеркәсіп, өндіріс салалары талап ететін мамандықтарға машықтанбаған. Осыдан келіп, кедейшіліктің қамытын киюге саналы түрде мойынсұнады. Әлбетте, мемлекет тарапынан қайта дайындықтан өткізу, жаңа мамандықтарды меңгеруге арналған бағдарламалар бар. Бірақ, бізге сыры беймәлім селқостық пен сауатсыздық жар бермейді.

Мысалы, Қарағанды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, 2018 жылы тұрғындарды жұмыспен қамтудың кешенді жоспарын іске асыру шаралары 61830 адамды қамтыған. Мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында жүзеге асырылған жобаларға 1747 адам жұмысқа орналастырылған.

Ал, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына 8,26 млрд. теңге бөлініп, оның 8,21 млрд. теңгесі игеріліпті.

Төлеу МҰХТАР, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы еңбек нарығының мониторингі бөлімінің басшысы:

– Бағдарламаның бірінші бағытымен – еңбек нарығының сұранысын ескере отырып, техникалық және кәсіби мамандарды дайындауға 700 адам жіберілді. Қысқа мерзімді кәсіби білім мен дағдыларды меңгеруге 3130 адам жолдама алды. Мұндағы жоспар 2200 адам болатын. Екінші бағыт – «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бойынша «БастауБизнес» жобасына 1989 адам жолданды. 1108 шағын несие берілді. Жоспар 206 пайызға орындалды. 74 несие реинвест есебінен жүргізілді. Үшінші бағыт негізінде 2018 жылы 44 950 адам жұмысқа орналастырылды.

Дегенмен, осындай бағдарлама барын, қалаға келген соң қандай қарекет қылуды білмейтін құқықтық һәм әлеуметтік сауатсыздық одан әрі әлеуметтік жағдайының шиеленісуіне әкеледі. Енді қайтпек керек? Ол үшін арнайы жастарға арнап, базар, вокзалдар маңынан жұмыспен қамту орталықтары ашылып жатқанын білеміз. Десек те, бұл мәселені түбегейлі шеше алмайды. Оның бағдарламалық тетігі керек.

Бүгінгі NEЕТ жас – ертеңгі кедей-кепшік

Кейінгі жылдары жастар жұмыссыздығын анықтап, жою үшін – NEЕТ санаты қолданысқа енгізілді. Яғни, NEЕТ – Not in Employment, Educationor Training – жұмыс жасамайтын, оқымайтын және жұмыс табуға тырыспайтын жас тұлға. Маригиналдануға бейім жастарды анықтаудың санаты. Бұл санаттағы жастардың үлесі Статистика комитетінің дерегі бойынша елімізде 300 мыңдай деп есептелген. Ал, Қарағанды облысында ондай жастардың үлесі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының 2016 жылғы дерегінде 14,1 пайызды көрсеткен. Бүгінде облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың мәліметінше, облыс бойынша жастар жұмыссыздығының деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмендеген, 2018 жылғы 3 тоқсанда NEЕТ үлесі – 11,7%. Сонымен, бұл NEET – несімен қауіпті?  

Біздің еліміз ғана емес, ЭЫДҰ мүше елдері де NEET үлесінің артуына байланысты алаңдаулы. Себебі, мұндай жастар ресми емес, заңсыз экономикалық қатынастарға, оның ішінде, қылмыстық сипаттағы қатынастарға бой алдырады дейді өркениеттің өріндегі елдер.

Енді қараңыз, бұл NEET санатындағы жастар 18-29 аралығын қамтыса, егер ол осындай санаттан шықпаса, орда бұзар отыздан асқан одан кейінгі уақытта оның өзіне, не қоғамға әкелер пайдасы өте күмәнді. Демек, осы кезеңнен бастап, олардың әлеуметтенуіне, кәдімгі ресурсқа айналуына ықпал ететін әрекет пен шара қажет. Зерттеулер егер ата-ананың білім деңгейі жоғары болса, жастардың NEET санатына түсу қауіп-қатері төмендейтінін, ата-аналардың білім деңгейін әлеуметтік-экономикалық мәртебесінің көрсеткіші деп санауға болатынын атап отыр. Олай болса, елімізде баланы жастан әлеуметтендіретін бағдарламаның ауадай қажеттігін көреміз.

Қазіргі күннің сұранысы – әлеуметтену-бейімделу бағдарламасы

Иә, былтыр 2018 жылдың 21 қыркүйегінде Үкіметтің «8-29 жас аралығындағы NEET жастарды, оның ішінде, 2018 жылғы түлектерді жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бойынша жол картасын бекіту туралы» қаулысы қабылданды. Жол картасында қандай шаралар атқарылуы тиістігі көрсетілген. Бірақ – ол нақты қадамдарды айқындап берген бағдарлама емес. Дәл қазіргі уақытта әлеуметтендіруге арналған арнайы бағдарлама қажет. Әрине, бұған дейін де, қазір де іске асырылатын «Дипломмен – ауылға!», «Жастар практикасы», «Жасыл ел» бағдарламалары бар. Алайда, бұл бағдарламалар салалық сипат иеленген. Елімізге ұдайы қолдауға арналған жұмыстар алгоритмі мен көмек көрсету механизмдерін ойластыруды сұрайды уақыт.

Мәселен, Еуроодақ елдерінде, өзге де өркениеті елдерде мұндай тетіктер мен механизмдер бар. Айталық, бірқатар елдер жастарды жұмыспен қамтыған кәсіпорындарға салықтық жеңілдік жасайды. Енді бірі тоғыз ай бойы жәрдемақы тағайындап, қайта оқытуға, жұмысқа тұруға ықпал етеді. Қайсыбірі еңбекақыны мемлекеттен субсидиялайды. Баспанамен қамтудың түрлі жолын қарастырады. Әйтеуір, қайткен күнде жастардың әлеуметтенуіне барынша әрекет етеді.

Маригиналданудан сақтауда Италияның тәжірибесі расында, адам қызығарлық екен. Италия Үкіметі жастардың өзін-өзі жетілдіруіне арналған бағдарлама әзірлеген. Арнайы зерттеу орталығының дерегінше, 1998 жылы туған әрбір италиялық тұлғаға мемлекет 500 еуро беріп, оны тек мәдени шаралар мен кітапқа жұмсауға міндеттейді. Сол арқылы оның маригиналдануының алдын алады екен. Оны «Мәдени бонус» бағдарламасы деп атайды зерттеулер. Бұл – біз жоғарыда айтқан құқықтық-әлеуметтік сауаттылық бағытында да тиімді болары хақ. Тап осындай болмаса да, қазіргі таңда жастар ғана емес жалпы әлеуметтің әлеуметтенуі үшін алгоритм керек.

Себебі, қоғамдағы көптеген әлеуметтік шиеленістердің алдын алуда да осы сауаттылық жетіспейтіні – өтірік емес. Сауаттылық дегенде, хат тану, қаріп жазу емес – кәдімгі қоғамдағы құбылыстар мен оқиғаларды сараптап, сана сүзгісінен өткізе алатын деңгей. Өзінің құқын білмейтін, содан қандай қарекет етуден бейхабар сауатсыздық турасындағы сөз. Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні не дейсіз ғой. Әлеуметтің әлеуметтенуі үшін жаңа механизм мен алгоритмнің дайындалуы дейді шарадай болған шақша бас. Қазіргі күннің сұранысы – осы. Әйтпесе, кеш қаламыз.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button