Латын қарпі – болашақтың жазуы
Қазақ тілін латын графикасына негізделген жаңа әліпбиге көшіру жобасы жайлы жұртшылықтың жан-жақты ақпарат алуын қамтамасыз ету және оны арттыру мақсатында Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Латын әліпбиіне көшу: мәселе, пікір, ұсыныс» тақырыбына арналған ауқымды дөңгелек үстел өтті. Жиынға қалалық әкімдікке қатысты бөлімдердің мамандары мен әдіскерлері, оның ішінде жоғары оқу орындарының, мектептердің, колледждердің қазақ тілі оқытушылары қатысты.
– Латын әліпбиі туралы мәселені Елбасы 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде, одан кейін 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында көтерген болатын. Енді, міне, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында толғағы жеткен мәселені көтеріп қана қоймай, жүзеге асыру үшін нақты тапсырма беріп отыр. Латын әліпбиіне көшу – жай әліпбиді ауыстыра салу емес, ол біз үшін өркениетті шешім. Бұл біздің ашық әлемнің бір бөлігі болуға талпынуымызды, алға жылжығымыз келетінін растайды және бұл осыған дейін Қазақстандағы білім беру жүйесін жетілдіру туралы идеялармен байланысты, – деп атап өтті, Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының директоры Алмагүл Игенова.
Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, Қарағанды «Болашақ» академиясының профессорлық-оқытушылық құрамы, қоғамдағы белсенді тұлғалар, болашақ филологтар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан іс-шарада Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, лингвист ғалым, «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Бектұрсын Қалиев және «Болашақ» академиясының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Құрманғазы Сембиев, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Шара Мәжітаева өзекті тақырып бойынша кеңінен талдау жасап, сұрақтарға жауап береді.
– «Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғырудың бір тармағы. Экономикасы даму жолына түскен саясаты сындарлы еліміз үшін енді рухани түлеу кезеңі туды. Ендеше, латын әліпбиіне көшу болашағымыз үшін маңызды қадам болмақ. Латын әліпбиіне көшу бұл тек қана тілдің реформасы емес – діл реформасы, жанымыздың жаңғыруы, маңызды стратегиялық бағдарлама. Бұл – болашағымыздың тізгінін өз қолымызға алудың, Президент сөзімен айтсақ, «болашаққа бағдар», «рухани жаңғырудың» өзегі, Қазақстанның 30 дамыған елдің қатарында сап түзеуінің жарқын кепілі.
Елбасы шешімі – Қазақстан халқының ортақ таңдауы. Бұл – ұлттың рухани жаңғыруы мен ел дамуының орасан зор, ең маңызды, басты алғышарты болып табылатын – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінің қажеттілігі мен дамуы жолында ерікті түрде қабылданған пайым, тәуелсіз таңдау.
Латын әліпбиіне көшу – ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашатынына сеніміміз мол», – деп тарқасты іс-шараға қатысушылар.
Салтанат ИЛЬЯШОВА
Қарағанды қаласы.