Қарағанды облысында өндірілген керамика, киіз бұйымдары, сүт өнімдері мен табиғи тағамдар халықаралық нарыққа шығып, өңірдің жаңа брендтеріне айналып келеді. Бүгінде жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері Жапония, АҚШ, Франция, Италия, Түркия, Қытай және Корея елдерінде сатылып, шетелдік тұтынушылардың қызығушылығына ие болды. Мұндай нәтижеге қолөнер шеберлері мен шағын кәсіп иелері «Бір ауыл – бір өнім» жобасының арқасында қол жеткізіп отыр.

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов баяндады. Оның айтуынша, жоба өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға серпін беріп қана қоймай, жергілікті өнімдерді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік жасаған.
Жобаның жарқын мысалдарының бірі – қарағандылық шебер Гүлжан Әбдіқашеваның авторлық керамикалық бұйымдары. Бүгінде оның қолынан шыққан туындылар Қазақстаннан бөлек Жапония нарығында сатылып, Корея, Түркия және Қытайдағы халықаралық көрмелерде таныстырылған.
Ал қолөнер шебері Гүлпахат Құттыбаеваның киізден жасалған бұйымдары Түркия, Франция, Италия және АҚШ тұтынушыларына жол тауып үлгерді. Ұлттық нақыштағы өнімдердің шетелдік нарыққа шығуы қазақ қолөнерінің әлеуетін көрсетіп қана қоймай, өңір шеберлерінің кәсіби деңгейінің жоғары екенін де дәлелдейді.
Жоба ішкі нарықтағы кәсіпкерлерге де тың мүмкіндіктер ашуда. Кәсіпкер Жанар Батырханова SAU SUPERFOOD брендімен табиғи әрі пайдалы тағам өнімдерін өндіріп, оларды Қарағанды облысымен қатар Астана қаласына тұрақты жеткізуде.
Өз кезегінде Жанар Қантарбаева ірімшік өндіретін цех ашып, жаңа жұмыс орындарын құрды. Қазіргі таңда оның сүт өнімдері Қарағанды мен елорда дүкендерінің сөрелерінен орын алған.
Ал Дәмелі Ермекова ұлттық қолөнерге арналған бұйымдардың жеке брендін қалыптастырып, өнімдерін маркетплейстер, көрмелер және жәрмеңкелер арқылы өткізіп келеді. Бұл өңір кәсіпкерлерінің цифрлық сауда алаңдарын тиімді игеріп жатқанын көрсетеді.
– Жобаның өңірдегі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына ықпалы айқын байқалады. Қатысушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім сапасы мен қаптамасын жақсартып, жаңа жұмыс орындарын ашып, жаңа нарықтарға шығуда. Сонымен қатар керамика, киіз бен жүннен жасалған бұйымдар, сүт өнімдері, пайдалы тағамдар және ұлттық қолөнер туындылары Қарағанды облысының өңірлік брендтеріне айналып келеді, – деді Ернар Күлпейісов.
Биыл «Бір ауыл – бір өнім» жобасына өңірдің 62 өндірушісі қатысып отыр. Қазір сарапшылар үздік он финалисті іріктеу жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақытта олар өнімдерін сертификаттаудан өткізуге, тауар белгісін тіркеуге, заманауи қаптама әзірлеуге, сауда желілері мен маркетплейстерге шығаруға жан-жақты қолдау алады. Қажет болған жағдайда технологиялық сүйемелдеу де көрсетіледі.
Жоба жергілікті шикізат негізінде дайындалған сапалы өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, Қарағанды облысының экономикалық әлеуетін нығайтуға және өңірлік брендтерді халықаралық деңгейде танытуға жол ашып отыр.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



