Крупская біз үшін кім?

«Балқаш қаласында идеологиялық тұрғыдан атаулары ескерген нысандар қатарында Н.Крупская, М.Горький, В.Маяковский атындағы жалпы білім беретін мектептер бар».
(Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ақпаратынан).
Басқарманың осы бір мәліметі бір жайтты есіме түсірді… Анау жылы қалада кемел жасқа толған ақсақалдың мерейтойынан дәм бұйырғаны бар. Кешеуілдеп, тойшыл қауым дастарқанға жайғасқан тұста босаға аттаған едім…
– О, ағасы, үзілісте үзеңгі қағыстырып, қауқылдасатын ортаға жайғастырамын. Әзірге, мында келіңіз, – деп той басқарушы төрдегі ат төбеліндей төрт-бес жанның ортасындағы бос орынға жайғастырды. Дастарқандастарымның жас шамалары жетпісті жетелеп, сексенді өрістеп жүргенге ұқсайды.
– Класстасыма арнап, сақтаған орын еді. Саған бұйырды, қарағым, – деп өңіне қыртыс-тыртыстың ізі түсе қоймаған торсықтай кейуана ықылас білдірді.
Мен келгенше отбасы, ошақ қасы әңгімелерін төрткіндетіп те үлгергенге ұқсайды. Ендігі сөз әлпеттерінің тамыры тереңге бойлаған. Ұмыта бастаған жастық шақтарын еске алысуда.
– «Абай мектебінде оқып жүрміз» дегеннің өзі ғанибет еді ғой! – деп ақұлпа кимешегі қара торы өңіне сән берген кейуана сөз бастап кетті. Сол-ақ екен, жастықтың саумал самалы желпіп өткендей құнжыңдасып қалды. Шағаладай шуласып, қозыдай жамырасып табысатын қайран күндер олардың көз алдарынан бір сәт тізбектеліп өтіп жатқандай сезілді. Рахаттанып отыр.
Әлден соң барып:
– Адал сөз ғой, – дескен, – Абай атының өзі рухани тәрбие болды емес пе бәрімізге. Атына сай ойымызды да, бойымызды да түзеп өстік, – деп, өңі нұрлана желпіне түскен кейуананың сөзін асабаның:
– Қадірлі қауым! Мерейтой иесін құттықтау кезегі класстастарында, – деп, әрқайсының есімін балғамен шеге қаққандай нығарлай айтып, ортаға шақырғаны үзіп тастады. Үкінің балапанындай кейуаналар иық тіресіп барады. Тойхана ду шапалақтың астына көміліп қалған…
Әр мектептің өз иесі мен киесі бар. Иесі – ұстаздар, киесі – атауы. Кейуаналар да көктемде бұрымын таратқан бәйтеректей тілек сөздерінде осыны тілге тиек етіп, дүйім қауымды ұйытты. Босалқы сөз жоқ. Бүлкілдеп соққан жүректерден аққайнар бұлақтай сыр ақтарылып жатыр. Олар Абай атындағы киелі мектептің ұясынан ұшқан алғашқы лектегі қарлығаштар еді…
***
Бүгінде қаладағы орта мектептермен қызмет бабында аралас-құраласым бар. Бір жолы Н.Крупская атындағы орта мектепке қазақ тілін оқып жүрген ересектер курсының сабағына қатысқалы барғанмын. Уақытынан 7-8 минуттай ертерек келген екенмін. Тыңдаушыларды күтуге тура келді. Ұзын дәліздін бойында әрі-бері сапырлысқан оқушылардың төрт-бесеуі бұрылып келіп, сәлемдескен. Бет әлпеттері жоғары сыныптың оқушыларына ұқсайды. Ойыма қалай келгені қайдам…
– Крупская кім екенін білесіңдер ме? – деп төтеден сұрақ тастадым.
– Лениннің жары емес пе? Соны да білмейсіз бе? – дегендей шу ете қалғаны.
– Ал, онда қандай еңбек сіңіргенін айта қойыңдаршы? – деп, сауалымды саумаладым. Үнсіз. Біреуі иығын қиқаң еткізіп, ұстазынын алдына тұрғандай басын сипады. Орталарындағы бойшаң орыс ұлтының баласы:
– Интернеттен біліп аламыз ғой, – деп жымия күліп кете барды.
Тәубе, Тәуелсіздігіміздің көк байрағын көтергелі ширек ғасырдан да асты. Әлгі көк құрақтай желкілдеген жеткіншектер де тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп өскен жаңа қоғамның төл перзенттері. Олар өз елі мен жерінің тарихын зерделеуі тиіс қой.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деген-ді. Бұл – бәрімізге ортақ бағдар. Көршілес орыс жұрты Крупская түгілі, «күн көсем» Лениннің ескерткіштерін де сүріп, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған Ленин атауларын да алмастыруға кіріскелі қашан. Сөз реті келгенде, айтпасқа тағы болмас. Қала ортасында бізге «алғысын айтып» Ленин атындағы көшесі әлі жатыр.
Н.Крупскаяға ілесіп, кеңес дәуірінде аты жер жарған «пролетариаттың ұлы жазушысы» М.Горький, соңында тентек ақын атанып, мүйізделген В.Маяковский тұр. Құшағы кең халықпыз, ешкімді де жатсынып, өңменінен нұқыған емеспіз. Әйтпесе, аты ел-жұртты дүрліктірген «пролетариат» термині де Кеңес Одағынын бас газеті «Правданын» бірінші бетінен түспейтін «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранды да көршілеріміз әу баста-ақ құрбандыққа шалып жіберген-ді. Ұлы жазушының есімі де келмеске кеткен. Бізде ғана…
«Айтпаса, сөздің атасы өледі». Сексен жылдық тарлан тарихы бар қаламызда маңдай терін төгіп, еңбегін сіңірген тұғырлы тұлғалар есімдері жоғарыдағы кірме атауларды алмастырып жатса, Елбасымыз айтқан «Мәңгілік Елдің» белгісі емес пе?! Демек, ендігі іс кезегі қалалық білім беру саласы мен онамостикалық комиссияда. Күрмеулі мәселенің түйінін тарқататындар да солар.

Махмұт ЖАРЫЛҒАП,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

БАЛҚАШ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.