Тұлға

Кең өрісті жан

Үлкен отбасының шаңырағынан түлеп ұшып, қайырымдылығымен, жақсылығымен, адамгершілік қасиеттерімен, қарапайым мінезімен ел азаматы, кәсіби маман, білікті басшы бола білген азаматтың бірі – Есентай Жұматайұлы ҚҰТЖАНОВ.

Есентай Жұматайұлы 1947 жылдың 25-інші сәуірде Қарағанды облысы Шет ауданы Ақсу-Аюлы селосында ұстаздар отбасында дүниеге келген. Аудан орталығындағы Горький атындағы орта мектепті ойдағыдай бітіріп 1966 жылы Қарағанды политехникалық институтының автотранспорт факультетінің кешкі бөліміне оқуға түседі. Қарағанды қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты мекемеде қатардағы автослесарь болып орналасады. Сол жылы өзімен мектеп қабырғасында бірге оқыған Несібелді Қайдарқызына үйленеді. Институтты 1972-ші жылы ойдағыдай тәмәмдап Саран қаласының жүк тасымалдау автобазасында қатардағы инженер қызметінде еңбек жолын бастайды. 1975 жылы автобазаның бас инженері қызметіне көтеріледі.

Жаңадан құрылған Талды ауданын көтеру мақсатында жаңа, жас кадрларды жинақтау керек болатын. Сондағы үлкен мәселенің бірі шалғай орналасқан елді мекендері бар аудан көлеміндегі сан салалы жұмысты тындыруға бірден-бір керегі жүк тасымалдау мекемесінің болуы еді. «Тепсе темір үзетін» дегендей бойда қайраттың тұнып тұрған кезінде Ескең Қарағанды жүк тасымалдау автокөлік басқармасының бұйрығымен 1979 жылдың желтоқсан айында Талды ауданының жаңадан құрылған жүк тасымалдау автобазасының директорлығына бекиді. Өндірістік базасы жоқ, автокөліктермен қамтылмаған мекеме деген аты ғана бар шаруашылықтың жұмысын неден бастау керектігі жас басшыны қатты ойландырғаны айқын. Ескең сол кезде аупарткомның бірінші хатшысы болған Бақыт Рақышевтың, басқа да ел ағаларының берген ақыл – кеңесіне ризалығын, рахметін айтып жүруді әсте ұмытпаған. Әуелі кадр мәселесін қолға алу қажет деп білген Ескең жұмысқа жүргізушілерді жеке қабылдаумен, мамандардың біліктілігімен танысудан бастайды. Қызметке жеңін сыбанып кіріскен ол еңбек адамдардың қасынан табылады.

Аудандағы жалғыз жүк тасымалдау мекемесі ретінде бар көлік атаулы күзгі егіс орағында кеңшарлардың астығын тасуға жұмылдырылатын. Қарағайлы шикізат өңдеу комбинатын азық-түлікпен қамтамасыз ету тікелей Мәскеу арқылы атқарылатын. Арнайы құрылған продснаб мекемесімен келісе отырып, солардың күнделікті жүктерін тасу да автобазаның мойнында болды. Одан тыс автобаза тарапынан комбинатқа күнделікті бөлінетін ауыр жүк таситын көліктердің тоқтаусыз жұмыс жасауы маңызды болатын. Осындай қыруар істің уақытылы атқарылуы бірінші басшының ұйымдастыру қабілеті мен табандылығының арқасында орындалатын.

Ескең басқарған ұжым алақандай 4-5 жыл ішінде облыс көлеміндегі автокөлік мекемелерінің алдыңғы шебінен көріне білді. Партияның ІХ конференциясы қарсаңындағы Бүкілодақтық социалистік жарыста озық көрсеткішке жеткені үшін автобаза ұжымы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақ ССР Министрлер Советінің, Қазақ республикалық кәсіподақтар Советі және Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет дипломымен марапатталады. Өндірістік табыстардың арқасында ұжым адамдарының әлеуметтік жағдайларын шешуге, еңбекақыларын көтеруге мүмкіндік болады. Көлік пайдалану мекемесі бола тұра шаруашылық әдісімен сегіз тұрғын үй құрылысын, өндіріс базасын салдыртады. Жұмыс барысында жаңалықтар енгізуді, еңбек адамдарын ынталандыруға құштарлығын көрсете білді. Жыл қорытындысымен негізгі жұмысқа белсене қатысқан, жанар-жағармайды үнемдеген, қауіпсіздік техникасын бұзбаған жүргізушіге «Мекеменің үздік жүргізушісі» деген атақ беріліп, марапаттау үрдіске айналған болатын.

Содан аттай он бес жыл сол мекемеге басшылық жасады. Кеңес өкіметі тарап, Талды ауданы жабылып қалған елең-алаң кезде Қарағайлы поселкесінің әкімі қызметінде жүріп, халыққа қызмет көрсетуде абыройлы еңбек атқарады. Кейін Қарағанды қаласына көшіп келіп «Трансагенство», «Алаутрансгаз», «Казовтотранс» автокөлік мекемелерінде басшылықта болды. Жасынан өзіне біткен еңбексүйгіштігінің арқасында зейнеткерлікке шықсадағы күні бүгінге дейін геология саласына қатысты «Центргеосъемка» жауапкершілігі шектеулі серіктестікте көлік пайдалану бөлімінің басшысы болып жұмыс істеуде.

Ескеңнің жан серігі Несібелді, білетін жолдастары, туғандары Нина деп кеткен, келбетті де орнықты, жаны таза адам. Бұл кісілер бірін- бірі мектеп қабырғасында жүргенде көңілдері жарасқан, тауып қосылған жандар. Қызықты шақтың куәсіндей тамаша Нұрлан, Ерлан, Айгүл атты перзенттердің дүниеге келіп, аяғын нық басулары да содан шығар. Үлкендері Нұрлан кәсіпкер, Ерланы ішкі істер саласында лауазымды қызметте, қыздары Айгүл болса қаржыгер ретінде облыстық деңгейде қызмет атқаруда. Есентай мен Нина бес немере, бес шөбере тәрбиелеп, қызықтарына бөленіп жүрген бақытты адамдар. Аяулы жары Нинада ұстаздық қызметтен зейнеткерлікке шыққан аяулы ана, абзал әже.

Жалпы, Құтжановтар әулеті адамгершілік, ізгілік атаулы қасиеттерді жоғары қоя білген қасиетті қара шаңырақ. Жансарайы рухани тұрғыдан өте бай бұл шаңырақтан өрбіген он баланың үлкені де осы Ескең. Жұматай ақсақал мен Рәш апайдың бар балалары жоғары білімді, отбасын құрған қадірлі жандар. Бір қызығы, әкесі Жұмекең жүзге, өзі жетпіс жасқа, үлкен ұлы Нұрлан биыл елуге толып отыр. Неткен бақытты жандар. Ұрпақ жалғастығы деп осындай да айтқан болар. Жетпіс жасқа желіп келген Ескеңнің бойындағы қасиеттерінің мен ерекше қастерлейтінім ойлылығы, маңғаз қалпындағы кісілік келбеті.

Сан сыры, есепсіз қыры бар өмір жолынан өтіп келе жатқан Есентай мен Нина туралы естелік жазып, тәтті күндердің қадірін біліп, қанаттас, қатарлас жүргендегі ойым осы болды. Ескеңнің бойына біткен кісілігі мен кішілігіне тәнтілігімді жыр жолдарымен жеткізейін.

Қарапайым мінезің,

Артық айтпас кісіге.

Бір ауылдай бір өзің,

Үлгі болар кішіге.

Бойыңызға біткені,

Кісілік пен кішілік.

Ойдағыны жүресіз,

Айтқызбай-ақ түсініп.

Толас бермес жауындай,

Жүрегіңнің кеңдігі.

Бажа емес бауырдай,

Жүргеніміз белгілі.

Жеті қырға жеткенде,

Өткізбедің бекер күн.

Жүзге келген толағай,

Жасын берсін әкеңнің.

Марат Шайкин.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button