Көздегені мүлт кетпеді
Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласында жасөспірімдер мен ересектер арасында асық ату мен бес асықтан өткен «Ұлы Дала Рухы» облыстық ашық турнирі өз мәресіне жетті. Үш күнге созылған додаға еліміздің 11 өңірінен 200-ге жуық спортшы қатысқан. Оған облыс атынан 19 спортшы қатысып, әр санат бойынша сынға түсті. Нәтижесінде, ересектер арасында асық атудан бақ сынаған Ержан Солтан чемпион атанды.

Жарысқа ересектер арасында 128 спортшы өтінім берсе, бес асықтан – алты, жасөспірімдер арасында асық атудан 15 команда тіркелген. Бес асық пен жасөспірімдер арасындағы асық ату бәсекесі айналма жүйе бойынша өтті. Әр топтан үздік нәтиже көрсеткен екі командаға келесі кезеңге жолдама берілген. Ал, ересектер арасындағы асық ату сайысы тартысты өтті. Бұл санатта ел чемпиондары, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары, Әлем кубогінің жүлдегерлері мен Азия чемпиондары бақ сынады. Бұл санаттағы бәсеке 128 спортшыға арналған тор жүйесі бойынша ұйымдастырылған. Жерлесіміз Ержан Солтан жарысты оңай бастаған жоқ. Турнирдің алғашқы күнінде Павлодар облысының спортшысы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Қайрат Ахановпен кездесіп, қарсыласына есе жіберіпті.
– Бірінші кездесуде жеңіліп қалғаннан кейін жарыстың қалған кезеңіне бар күш-жігерімді жұмсадым. Ойын ережесіне сәйкес, турнирде 128 қатысушы болуы керек еді. Алайда, маған қарсылас болмағандықтан, екінші және үшінші кездесулерді өткізбедім. Төртінші және бесінші кездесулерде жеңіске жеттім. Жарыстың екінші күні 32 қатысушы іріктеліп қалды. Бұл кезеңнен бастап бір рет жеңілген спортшы жарыс жолынан шығып отырды. Сол күні тағы бес кездесу өткізіп, бесеуін де жеңіп, жартылай финалға жолдама алдым.
Турнирдің үшінші күні, яғни жартылай финалда елордалық спортшы Тоқтар Студентұлымен кездестім. Алғашқы екі айналым тең есеппен аяқталды. Шешуші кезеңде қарсыласымнан жеңіліп жаттым. Дегенмен, ойынның аяқталуына бір минут қалғанда есепті теңестіріп, «Үшатыс» әдісі бойынша жеңіске жетуге мүмкіндік алдым. Осы сәтті тиімді пайдаланып, қарсыласымды жеңіп, финалға шықтым. Ал, ақтық сында ақтөбелік спортшымен ойнап, ол қарсыласыммен де тең түстім. Десе де соңғы айналымда бір асық айырмасымен басым түсіп, турнир чемпионы атандым, – деді Ержан Азайтұлы.

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, үздіктерге арнайы марапаттар табысталды. Сонымен қатар, жарыста ерекше көзге түскен спортшылар бірнеше аталым бойынша арнайы номинациялармен марапатталды.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



