Бас тақырыпЖаңалықтар

«Қызылорда-Жезқазған» тасжолы пайдалануға берілді

Қызылорда мен Жезқазған қалаларын байланыстыратын 400 шақырымдық автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Жаңартылған күре жол ресми түрде пайдалануға беріліп, ел игілігіне тапсырылды. Ауқымды жоба «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының тапсырысымен, Азия даму банкінің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылған. Жолдың ашылу салтанатына Премьер-министрдің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен мен мердігер ұйым өкілдері қатысты.

Суреттер «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ

Қайта жаңғырту жұмыстары Қызылорда және Ұлытау облысының аумағындағы 24-424-шақырым аралығын қамтыды. 2025 жылы Қызылорда облысындағы 192 шақырым жолдың құрылысы аяқталды. Ал биыл Ұлытау облысындағы 208 шақырым учаске толық жаңартылды.

– Біз үшін жол салып, атқарылған жұмысты шақырыммен есептеу ғана маңызды емес. Ең бастысы – Жезқазған мен Қызылорда тұрғындарының бір-біріне жылдам, қауіпсіз әрі жайлы қатынауына жағдай жасау. Кәсіпкерлер үшін де жүк тасымалы жеңілдейді. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асқан нақты нәтиже. Оның артында мыңдаған адамның қажырлы еңбегі тұр, – деді Дархан Иманашев.

Жол құрылысына 2 200-ден астам маман мен 1 400 техника жұмылдырылды. Жұмыс барысында шамамен 2,5 млн текше метр асфальтбетон қоспасы төселді. Сонымен қатар, төрт көпір, 120 су өткізу құбыры және 24 мал өткелі салынды. Жүргізушілерге арналған сегіз демалыс алаңы жабдықталды.

Жаңартылған жол Қызылорда мен Ұлытау облысы арасындағы көлік қатынасын жеңілдетеді. Сондай-ақ, жүк тасымалының тиімділігін арттырып, өңірлердің экономикалық байланысын нығайтуға ықпал етеді.

«Қызылорда-Жезқазған» тасжолының ашылуы «Астана-Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда» бағытын жаңғырту жұмыстарының маңызды кезеңіне айналды. Қазір «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ұзындығы 457 шақырым болатын «Қарағанды-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жобаны 2029 жылы аяқтау жоспарланған.

– Бүгін біз жаңартылған 400 шақырым жолды аштық. Бірақ мұнымен жұмыс аяқталмайды. Алда «Қарағанды»Жезқазған» бағытындағы құрылысты бітіру міндеті тұр. Біздің стратегиялық мақсатымыз – Астанадан Қызылордаға дейін сапалы әрі қауіпсіз автомобиль қатынасын қамтамасыз ету. Біз өңірлерді заманауи жолдармен кезең-кезеңімен байланыстырып, еліміздің біртұтас көлік желісін дамытып келеміз, – деп атап өтті Дархан Иманашев.

«Қарағанды-Жезқазған» жолы да толық жаңартылған соң Астана мен Қызылорда арасындағы автомобиль қатынасы жақсарады. Бұл жолаушылар мен жүк тасымалына кететін уақыт пен шығынды азайтуға мүмкіндік береді.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button