Қарағандыда ашық аумақта ірі өрт шықты
Қарағандыда ашық аумақта өрт шығып, қазіргі уақытта құтқарушылар оны сөндіріп жатыр. Өрт Әлихан Бөкейхан ауданындағы Сахалин шағынауданы маңында тіркелген.

Қалың түтін қаланың бірнеше бөлігінен, соның ішінде Майқұдық жақтан да анық көрінген. Оқиға орнынан түсірілген фото және бейнематериалдарды тұрғындар әлеуметтік желілерге сала бастаған.
Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 10 қыркүйекте сағат 10:56-да түскен. Алдын ала ақпарат бойынша, аталған аумақта бұталар мен құрғақ шөп жанған.
Қазіргі таңда өрттің аумағы шамамен 1,5 гектарды құрайды. Оқиға орнына ТЖД қызметкерлері жіберіліп, өртті сөндіруге 14 маман мен үш арнайы техника жұмылдырылған.
Құтқарушылар қызыл жалынды ауыздықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Өрттің нақты шығу себебі мен аумағы әзірге анықталу үстінде.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



