Жаңалықтар

Жаңа бастама емес, нақты нәтиже қажет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы ел дамуының алдағы кезеңіне арналған басымдықтарды айқындап, мемлекеттік басқару жүйесінің алдына нақты міндеттер қойды. Өндірісті өркендету, инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік нысандар салу, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу секілді бағыттардың барлығы түптеп келгенде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет етуі тиіс. Алайда, кез келген бастаманың құндылығы оның жариялануымен немесе жоспарға енгізілуімен өлшенбейді. Ең бастысы – көзделген жобаның қаншасы жүзеге асты, қандай нысан пайдалануға берілді, тұрғындар қандай игілікке қол жеткізді және оның өңір экономикасына әсері қандай болды деген сауалдарға нақты жауап болуы керек.

Сурет ЖИ арқылы жасалды

Жоспардағы мерзім мен нақты жағдай

Бұл ретте Жолдауда белгіленген міндеттерді орындау барысында бұрын басталған жобалардың да назардан тыс қалмауы маңызды. Себебі, жаңа жоспарлар мен тың бастамаларға басымдық берілгенімен, өткен жылдары қолға алынған құрылыстар мен инфрақұрылымдық жобалардың тағдыры да өзекті. Мерзімінен кешіккен нысандардың жай-күйі, аяқталмай қалған жұмыстардың себептері және оларды пайдалануға беру уақыты ашық көрсетілуі қажет. Сонда ғана өңірдегі даму жұмыстарының нақты көрінісі қалыптасып, жоспар мен орындалған істің ара-жігі айқындалады.

Қарағанды облысында бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп отыр. Алайда, мұндай жобалардың нәтижесін бөлінген қаражатпен немесе құрылыс жұмыстарының пайыздық көрсеткішімен ғана бағалау жеткіліксіз. Жаңа мектеп есігін ашып, оқушы қабылдауы, медициналық нысан тұрғындарға қызмет көрсетуі, ал өндірістік кәсіпорын жоспарланған қуатында жұмыс істеп, жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуы керек.

Мәселен, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, 2023-2025 жылдары өңірде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 92 медициналық нысанның құрылысы аяқталған. Дегенмен, жаңа ғимараттың салынуы жұмыстың толық аяқталғанын білдірмейді. Онда білікті мамандардың болуы, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы және тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасы да назарда болуы тиіс. Өйткені, ауыл тұрғыны үшін медициналық көмекті уақытылы әрі сапалы алу мүмкіндігі маңызды

Жобалардың орындалу барысын бағалағанда, олардың бастапқы мерзімі мен қазіргі мәртебесін салыстырудың маңызы зор. Бұл ретте Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына назар аударуға болады. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ресми мәліметінде 100 орындық кешенді 2025 жылы аяқтау жоспарланғаны көрсетілген. Алайда, 2026 жылғы сәуірде жарияланған ақпаратта негізгі құрылыс жұмыстарының аяқталуға жақын екені, ішкі әрлеу мен аумақты абаттандыру жұмыстарының қалғаны айтылды. Бұл – бір ғана нысанның құрылыс барысына қатысты мәселе емес. Қарағайлы кентіндегі инфрақұрылымдық жобалардың орындалуы жергілікті тұрғындар мен депутаттардың да назарында. Облыстық мәслихат депутаттарының жұмыс сапары барысында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтау, сапалы ауызсумен қамту, су бұру жүйесін пайдалануға беру және кентішілік жолдарды жөндеу мәселелері көтерілген. Осыдан-ақ әлеуметтік нысан салумен қатар, оған қажетті инженерлік инфрақұрылымды да уақытылы әзірлеу керектігі аңғарылады. Өйткені, бір нысанның толыққанды жұмыс істеуі көбіне өзара байланысты бірнеше жобаның сапалы әрі мерзімінде орындалуына тәуелді.

Тұрғын үй құрылысы саласында да мерзім мәселесі өзекті. Қарағанды қаласында 2026 жылы бюджет қаражаты есебінен басталған бірқатар тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, жалпы саны 730 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Атап айтқанда, 30-шы шағынаудандағы үш үй, «Трилистник» тұрғын үй кешеніндегі №9 үй және 14-ші шағынаудандағы үш тұрғын үй құрылысы межеленген. Қала әкімі Мейрам Кожухов кейбір нысандарда инженерлік коммуникацияларды тарту жұмыстарының ұзаққа созылғанын, ал жекелеген құрылыс жобалары бойынша сот процестерінің мерзімге әсер еткенін мәлімдеген еді.

Бұл жерде негізгі мәселе – жоспарланған пәтер санын жариялау ғана емес, олардың нақты қашан пайдалануға берілетіні. Себебі, баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін әрбір кейінге шегерілген мерзімнің өзіндік салмағы бар. Құрылыс аяқталғаннан кейін тұрғын үйлердің сапасы, инженерлік желілердің дайындығы және пәтерлердің заңды иелеріне берілуі де назардан тыс қалмауы тиіс. Жоспарланған 730 пәтердің қаншасы нақты тапсырылғаны жөніндегі қорытынды көрсеткіш те осы жұмыстың нәтижесін бағалауға мүмкіндік береді.

Инфрақұрылымның сапасы – халықтың өмір сапасы

Өңірдің орнықты дамуы жол, су, жылу және электр желілерінің жағдайымен тікелей байланысты. Сондықтан, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарының нәтижесі тұрғындардың күнделікті өмірінен көрінуі қажет. Биыл Қарағанды облысында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға шамамен 71,2 млрд теңге қарастырылған. Оның есебінен 91,4 шақырым электр желісін жаңғырту, 12,3 шақырым жылу желісін жаңарту және 280 шақырымға жуық су құбыры мен кәріз желілерін салу және қайта жаңғырту жоспарланған.

Сонымен қатар, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдан бері облыс бойынша жалпы құны 134 млрд теңге болатын, ұзындығы 420,6 шақырымды құрайтын 30 жоба электрондық платформаға енгізілген. Оның ішінде, 14 жоба бойынша 83,4 млрд теңгеге 151,3 шақырым инженерлік желіні қамтитын құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілген. Ал, 2027 жылға арналған тағы 12 жоба жоспарланған.

Әрине, мұндай ауқымды жұмыс бір жылдың ішінде толық аяқтала қоймайды. Дегенмен, оның тиімділігі игерілген қаражатпен ғана өлшенбеуі керек. Мәселен, жылу желілері жаңартылғаннан кейін апат саны азайды ма, су құбырлары тартылған елді мекендерде тұрғындар үздіксіз ауызсумен қамтылды ма, электр желілерінің өткізу мүмкіндігі артты ма? Нәтижені айқындайтын негізгі өлшемдер – осы. Егер инфрақұрылымға қомақты қаржы бөлінгенімен, тұрғындар бұрынғыдай коммуналдық қиындықтарға тап болса, онда жұмыстың тиімділігіне қайта баға беру қажет.

Автожол саласында да осындай ұстаным маңызды. 2026 жылы өңірде республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарды, қалалық көшелер мен көпірлерді қоса алғанда, 643 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Оған 61,3 млрд теңге қарастырылған. Нәтижесінде, нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесін 97 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұл көрсеткіштің қаншалықты орындалғаны жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейінгі жол сапасы, көлік қозғалысының қауіпсіздігі және тұрғындардың қатынау мүмкіндігі арқылы бағалануы тиіс.

Мәселен, Қарағанды – Жезқазған автожолын қайта жаңғырту жобасы да өңір үшін стратегиялық маңызға ие. Ресми мәлімет бойынша, жобаны қаржыландыру халықаралық қаржы институттарының қарыздары есебінен мақұлданып, 2026 жылы мердігерді анықтау рәсімдері жүргізілген. Құрылыс жұмыстарын 2029 жылға дейін аяқтау жоспарланған. Мұндай ұзақ мерзімді жобалар бойынша әр кезеңнің нақты орындалу барысын жариялап отыру маңызды. Сонда тұрғындар жобаның қай сатыда тұрғанын, қандай жұмыстар атқарылғанын және түпкілікті нәтижеге қашан қол жеткізілетінін біле алады.

Инвестицияның қайтарымы – жаңа жұмыс орындары

Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды бағыт – инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және өндірістік әлеуетті арттыру. Қарағанды облысы үшін бұл мәселенің маңызы ерекше. Себебі, өңір экономикасының негізін өнеркәсіп құрайды. Алайда, инвестиция көлемінің өсуі өздігінен әлеуметтік-экономикалық тиімділікті білдірмейді. Кәсіпорын іске қосылып, өндіріс көлемі артқанымен, оның жергілікті халықты жұмыспен қамтуға, қосымша салық түсімдерін қалыптастыруға және өңірдің өндірістік тізбегін кеңейтуге қосқан үлесі де ескерілуі керек.

Қарағанды облысы әкімдігінің 3 қарашадағы ресми мәліметіне сәйкес, 2032 жылға дейін өңірде жалпы құны 7 трлн теңге болатын 186 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде, 36 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Ал, 2026 жылдың тоғыз айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,2 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9 пайызға өскен.

Бұл – өңір экономикасының даму қарқынын көрсететін маңызды көрсеткіштер. Дегенмен, 36 мың жұмыс орны әзірге жоспарланған межені білдіреді. Сондықтан, әрбір инвестициялық жоба бойынша оның басталу және аяқталу мерзімі, құрылыс барысы, өндірістік қуаты мен нақты ашылған жұмыс орындары жеке-жеке саралануы қажет. Жаңа кәсіпорынның есігі ашылғанымен, онда тұрақты жұмыс орындары құрылмаса немесе жобалық қуатқа қол жеткізілмесе, инвестицияның күтілген қайтарымы толық қамтамасыз етілді деуге келмейді.

Осы тұрғыдан алғанда, өңірде жүзеге асырылып жатқан өндірістік жобалардың нәтижесін жүйелі бақылау маңызды. Мәселен, Qarmet кәсіпорнын жаңғырту, Балқаштағы мыс балқыту зауыты, Ақтоғай ауданындағы тау-кен байыту кешені секілді ірі жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған. Олардың әрқайсысы жаңа өндірістік мүмкіндіктермен қатар, білікті мамандарға деген сұранысты қалыптастырады. Сондықтан жұмыс орындарының саны ғана емес, жергілікті кадрларды даярлау, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және еңбек жағдайын жақсарту мәселелері де назарда болғаны жөн.

Есеп емес, ел көретін нәтиже

Мемлекеттік жобалардың тиімділігін бағалаудағы басты талап – ашықтық пен жауапкершілік. Жоспарланған жұмыстардың орындалу барысы туралы ақпарат тұрғындарға түсінікті әрі қолжетімді болуы керек. Әрбір нысанның бастапқы мерзімі, қазіргі мәртебесі, игерілген қаражаты, жауапты мердігері және пайдалануға берілетін уақыты нақты көрсетілгені абзал. Ал, мерзімінен кешіккен жағдайда оның себебі түсіндіріліп қана қоймай, мәселені шешудің нақты жолы ұсынылуы тиіс. Дегенмен, жоспардың сапасы оның мазмұнымен ғана емес, орындалуымен өлшенеді. Сондықтан, бұрын басталған жобаларға түгендеу жүргізіп, олардың қазіргі жағдайын саралау, мерзімінен кешіккен нысандарды аяқтаудың нақты кестесін бекіту және жаңа бастамалардың орындалуын тұрақты бақылау қажет. Бұл бір жағынан бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына ықпал етсе, екінші жағынан мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын арттырады.

Түптеп келгенде, Жолдауда айтылған міндеттердің өміршеңдігі халықтың күнделікті тіршілігінде сезілетін өзгерістермен айқындалады. Тұрғын үшін уақытында тапсырылған мектеп, сапалы медициналық қызмет, жөнделген жол, үздіксіз берілетін жылу мен ауызсу, тұрақты жұмыс орны әлдеқайда маңызды. Сондықтан, өңірдің даму қарқынын жаңа жобалардың санымен емес, аяқталған нысандардың сапасымен, көрсетілетін қызметтің қолжетімділігімен және құрылған жұмыс орындарының нақты нәтижесімен бағалау қажет. Өйткені, қоғамға кезекті бастама емес, басталған істің баянды нәтижесі керек.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq Qazaqstan

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button