Бас тақырып

Күй – домбыра

Төл мерекеміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Кеншілер мәдениет сарайында қазақ күй өнерінің алыбы, күйші Дина НҮРПЕЙІСОВАНЫҢ туғанына 160 жыл толуына орай облыстық «Күй қазына» атты күйшілер байқауы өтті. Байқауда күйдің төкпе және шертпе түрі бойынша 9-12 және 13-17 жас аралығындағы өнерпаздар облысымыздың әр өңірінен қатысып, бақтарын сынады.

Қашаннан қос шекті қара домбыра қазақ атымен қатар жүрер қазына һәм атадан балаға қалдырар бірегей мұра. Бұл байқаудың да негізгі мақсаты бабалар мұрасын қайта жаңғырту, күй өнерінің жаңа есімдерін анықтау. Алпыстан астам жас орындаушылар Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқынын», Орынбай Дүйсеннің «Балдырғанын», Жасарал Еңсеповтің «Әке арманы» және Қаршыға Ахмедияровтың «Қосбасары» сынды ел құлағындағы танымал күйлерді ортаға салды.

– Жалпы домбыра шерткен өзіме ұнайды. Менің хоббиім десе де болады. 5 жыл болды домбыра үйірмесіне қатысып жүргеніме. «Әлқиса» және «Көңіл толқыны» атты екі күйді дайындап келдім. Бұған дейін көптеген байқауларға қатысқанмын, бірақ дәл осындай ауқымды байқауға алғаш қатысуым, – дейді жаңаарқалық жас күйші Ерназар Базарбаев.

Иә, қатысушылар қазылар алқасының көңілінен шықпақ үшін барын салды. Бірі сахнада саусақтары майыса күй төксе, енді бірі оңашада байқауға алып келген өнерін пысықтап отыр.

– Қарағанды кешегі дәулескер күйші Тәттімбеттің елі, Сайдалы Сарытоқаның, Дайрабайдың, Қыздарбектің, Сембектің, Әбдилердің отаны. Одан бертін келе Әбікен Хасеновтің, Мағауия Хамзиннің, Мұхамеджан Тілеуханов сынды атақты күйшілердің алтын бесігі. Сондықтан бұл жердегі күйшілік сайыстың орны бір төбе. Бұл топырақтағы дарынның көп болуының өзіндік себебі – олардың іргесі берік қаланғанмектебі барлығында. Күйшілік мектеп ұрпақтан ұрпаққа, атадан балаға мұра, өсиет ретінде жалғасып келе жатыр. Сондықтан бұл сайыстан үлкен үміт күтеміз. Байқаудың жеңімпаздары болашақта кім біледі Отанымыздың мәдениетін алға сүйрейтін, дарынды азаматтар болып шығуы әбден мүмкін ғой. Бүгінгі сайыс Қарағанды мәдениетіндегі үлкен жобаның бірі деп айтуға болады. Себебі, жасөспірім орындаушыларға арналған бұндай кәсіби сайыстар көп деп айта алмаймыз. Байқауға қатысатын алпыстан астам талапкердің ішінде арнайы музыкалық білімі бар, қосымша үйірмелерден дәріс алған, халықтың дәстүрлі ортасынан шыққан өнерпаздар бар. Жарыс барысында жүйріктерді ел таниды ғой, сайыстың нәтижесінде жүйріктерге жанкүйер болайық, – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, күйші, әділ қазылар алқасының төрағасы Жанғали Жүзбай.

Әуелі 9-12 жасқа дейінгі өнерпаздардың өнері сарапталды. Бұл сайыста қазылар алқасының бірауыздан қабылдаған шешімімен қарағандылық жас талапкерНұрдәулет Сағатбек бас жүлдені яғни 80 мың теңгелік сертификатты иеленді. І орын – Қарағанды қаласының тағы бір талантты өрені Қазтай Нұрасылға бұйырды. Оған 40 мың теңге мен марапат табысталды. Ал, ІІ орын Шет ауданынан келген қатысушы – Сұраған Дидарға берілді. Оған 30 мың теңгенің сертификаты мен дипломы табыс етілді. ІІІ орынның 20 мың теңгелік сыйақысы – қарағандылық Болатбек Иманәліге бұйырды. Сонымен қатар 13-17 жас аралығында І орынды жеңіп алған Қарағанды қаласының дарынды ұлы – Мейрамбек Әнуаров. Оған арнайы 40 мың теңгелік сертификат пен диплом берілді. ІІ орынның 30 мыңдық жүлдесі – Шахтинск қаласының өнерпазы Қарасарт Нұрғисаға табыс етілді. Ал ІІІ орын алған – Асфандияр Мамырғалиев 20 мың теңгелік марапатты қанағат тұтты. Ілгеріде өткен күй атасы Құрманғазы мұрасы кешегі Динаның күй қазынасы осылайша ел жадын тағы бір мәрте жаңғыртты. Жас та болса өнері озғандардың талабы мен табандылығы тау теңселтердей еді. «Болам деген баланың бетін қақпай, белін буған» елміз қашанда. Сондықтан байқау қатысушыларына түгелдей ынталандыру сыйлықтары табысталды. Әрқайсысы алған жүлдесіне дән ризаАта-аналары мен туған-туыстарына хабарласып, жамыраса жеткізуде. Расымен жас өрендердің һәм ел болашақтарының бұндай байқауы санаулы ғана. Олар үшін бұл бір серпіліс һәм рухани азық болды.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button