Әйел неге әлі қорған іздейді?
Әлем аумалы-төкпелі геосаяси трансформациялар кезеңін бастан өткеріп жатқанда, адам құқығы – мемлекеттің шынайы бет-бейнесін айқындайтын басты өлшемге айналды. Оның ішінде, әйелдің қауіпсіздігі мен мәртебесі – қоғамның қаншалықты өркениетті екенін көрсететін ең қатал индикатор. Екі жыл бұрын елді есеңгіреткен трагедиядан кейін қабылданған «Әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заң Қазақстанның құқықтық жүйесінде бетбұрыс жасағаны рас. Содан бері ресми статистика тұрмыстық зорлық-зомбылықтың азайғанын алға тартады. Бірақ, бұл тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа түбегейлі тоқсауыл қойылды дегенді білдірмейді. Мәселен, облыста жыл басынан бері ғана дағдарыс орталықтарының сенім телефонына 351-ден астам адам хабарласып, 11 әйел тікелей көмек сұрауға мәжбүр болған. Ал, қауіпсіздік үшін 20 адам паналау орындарына орналастырылған.

Үнсіз үйдің айғайы
Отбасындағы зорлық-зомбылық – жеке адамның тағдырын талқандап қана қоймай, қоғамды іштей ірітетін үнсіз соғыс. Соңғы жылдары елімізде бұл мәселеге қатысты ресми статистикада белгілі бір оң өзгерістер байқалады. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы айларында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты құқықбұзушылықтар шамамен 20 пайызға азайғаны тіркелген.
Алайда, бұл көрсеткіштер толық тыныштық орнады дегенді білдірмейді. Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, елімізде әрбір оныншы адам тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін мойындайды.
Қарағанды облысында да белгілі бір төмендеу бар. Биыл отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстар 3,8 пайызға азайған. Оның ішінде, өткен жылмен салыстырғанда, биыл Қылмыстық кодекстің 99-бабы – адам өлтіру бойынша бірде-бір қылмыстық іс тіркелмеген.
Бұл туралы облыстың полиция департаментінің жанындағы Отбасына көмек көрсетудің бірыңғай орталығының жетекшісі Гүлбану Сәтбаева-Алпысбаева мәлімдеді.
– Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты ауыр қылмыстардың азайғаны байқалады. Атап айтқанда, адам өлтіру, зорлау деректері тіркелген жоқ. Дегенмен, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, ұрып-соғу сияқты қылмыстардың деңгейі әлі де өзгеріссіз қалып отыр, – дейді ол.
Тұрмыстық зорлықпен күрес тек жаза күшейтумен шектелмейтіні анық. Бұл – нақты адамдардың тағдырына араша түсу. Қарағанды облысында осы бағытта жұмыс істеп жатқан Отбасына көмек көрсетудің бірыңғай орталығы соның дәлелі.
– Жыл басынан бері бізге 1358 адам жүгінді. Оның 32-сі ресми арыз ретінде тіркелсе, 86 адам психологтан көмек алды.
42 адамның мәселесі медиатор арқылы шешіліп, 93 адамға заңгерлік көмек көрсетілді. 20 адам, яғни, 11 әйел мен 9 бала өз үйінен қауіп көріп, дағдарыс орталығына орналастырылды. 21 адамды жұмысқа орналастырдық. Одан бөлек, балаларға қатысты қамқорлық пен инклюзия мәселесі де шешілді, – дейді Гүлбану Ратайқызы.
Демек, статистика азайды деп арқаны кеңге салуға әлі ерте. Себебі, тұрмыстағы зорлық-зомбылық – заңмен ғана емес, әр отбасының ішкі мәдениетімен өзгеретін күрделі мәселе. Отбасын қолдау орталығы ұсынған дерек әйелдің әлі де қорған іздейтінін, бала әлі де қауіпсіздікке зәру екенін көрсетіп отыр.
Бір деректе бір тағдыр бар
Мәселен, соның бір мысалы – Қарағандыда орын алған бұл оқиға. 19 жастағы әйел бұрынғы күйеуінің аяусыз соққысынан кейін ауыр халде ауруханаға түсіп, дәрігерлер оның көкбауырын алып тастады. Бұл туралы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін «Шанс» орталығы мәлімдеді.
Небәрі 16 жасында тұрмысқа шыққан ол алғашында қамқорлық танытқан жұбайы уақыт өте келе өзгеріп, зорлық-зомбылық жиілегенін айтады. Анасы қызының денесіндегі көгерген іздерді байқаса да, бәрін жасырып келген. Орталық мамандары ер адамның әйелден баласын тартып алғанын да айтып отыр.
– Жалпы, қазақ қоғамында зорлық-зомбылықтың негізгі себептері патриархалды көзқарас, ер адамның үстемдігін қалыпты деп қабылдау, ішімдікке тәуелділік, тұрмыстық қиындықтар, психологиялық мәдениеттің төмендігі екені рас. Бірақ, осының бәрінен де қауіптісі – қоғамның үнсіздігі. Сондықтан, бұл мәселеде әркімнің жауапкершілігі бар. Жәбірленушіні кінәламай, керісінше қолдау көрсетіп, қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарлау – әркімнің азаматтық ұстанымы. Сонымен қатар, балаларды зорлықсыз ортада тәрбиелеу, құрмет пен теңдікті үйрету – ұзақ мерзімді шешімнің негізі, – дейді Гүлбану Сәтбаева-Алпысбаева.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар да күшейтілгенін айтқан болатынбыз. Құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шаралар нәтижесінде жыл басынан бері әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны 7,6 пайыз төмендеп, 1595-тен 1481-ге азайған. Бірақ, ұрып-соғу фактілері бойынша 942 дерек тіркелсе, қорғау нұсқамасын бұзу бойынша – 194, ерекше талаптарды сақтамау бойынша 345 құқықбұзушылық анықталған.
Қорғау нұсқамаларының саны да 2467-ден 2122-ге дейін қысқарған. Алайда, осы нұсқамаларды бұзатындардың болуы мәселенің түбегейлі шешілмегенін аңғартады.
Мәселен, ерекше талаптарды бұзғаны үшін жауапқа тартылғандар саны 2,6 пайыз артқан.
– Бүгінде облыста әйелдер мен балаларға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында 13 үкіметтік емес ұйым және құқық қорғау бағытындағы қоғамдық бірлестіктермен тығыз байланыс орнатылған. Соның ішінде, 6 дағдарыс орталығы тұрмыстық зорлық құрбандарына нақты көмек көрсетіп келеді. Қарағанды мен Теміртау қалаларындағы отбасына көмек орталықтары, «Мой дом», «Ана үйі – Дом мамы», Бұқар жырау ауданындағы «Мир добра» ұйымдары – қауіптен қашқан әйел үшін уақытша болса да қауіпсіз панасына айналған, – дейді Гүлбану Ратайқызы.
Қауіпсіз қоғам санадан басталады
Тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күрестің ең тиімді кешенді тәсіл екенін айтады халықаралық сарапшылар. Яғни, алдын алу, қорғау және жазалау қатар жүруі тиіс. Мәселен, Еуропа елдері негізге алған «Стамбул конвенциясы» мемлекеттерге нақты үш бағытты міндеттейді: зорлықтың алдын алу, жәбірленушіні қорғау және құқық бұзушыны міндетті түрде жауапқа тарту.
Көптеген елдерде бұл жүйе нақты жұмыс істейді. Мәселен, қорғау ордері енгізіліп, агрессорға жәбірленушіге жақындауға тыйым салынады. Дағдарыс орталықтары тәулік бойы жұмыс істейді, ал, сенім телефондары кез келген уақытта көмек көрсетуге дайын. Одан бөлек, полицияға түскен әр шақыртуға жедел әрекет ету – заңмен бекітілген міндет. Тіпті, зорлық жасаған адамдармен де жұмыс жүргізіледі. Яғни, тек жазалау емес, олардың мінез-құлқын өзгертуге бағытталған арнайы бағдарламалар іске асырылады.
Дегенмен, бұл мәселе толық шешілген жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әрбір үшінші әйел өмірінде кем дегенде бір рет физикалық немесе жыныстық зорлыққа ұшырайды. Ал, аталған мәселеге қатысты қоғамның көзқарасы өзгермей, бұл күресте түбегейлі жеңіс болмақ емес.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»



