Тұлға

Ізі – даңғыл, ісі – дара

      Біздің ауыл – Құттыбай, Бұғылы-Тағылы сілемінде, таулы жер. Ауылымның кешегі тынысын, дүниеден өткеніне бар-жоғы бір жыл болған, еңбек жолын шоферлықтан бастаған Рысқұл ҚАСЫМОВ ағамның өмірін әңгімелеу арқылы тарқатқанды жөн көрдім. Бәрі күні кеше болған өмір көріністері, өмір нақыштары.

    Реті келген соң айта кетейін, Шет ауданындағы Шет совхозы – Нұраталды совхозынан кейін екінші болып құрылған тарихи №316 деген айдармен ашылған совхоз. Кеңес үкіметі кезінде, осындай нөмірлеу үрдісі кең орын алған екен. Оның нөмірлі 4 (төрт) фермасы болды: №1(Шет совхозы орталығында, Үңіректе), №2 (Құттыбай), №3 (Қармыс), №4 (Тоғыз үй). Ал, №2 (Құттыбай) фермасында бірнеше малшылар отырған точкалар (төшкелер) болды: «Күшік», «Жастар» (Сулы жартас), «Бұғылы» (Тау астындағы баз), жаз айларында мал жайлауға шығарылатын, олар отыратын жерлерді гурт деп атайтын, олар Құттыбайдың айналасындағы шұрайлы жерлерде, бұлақ бастарында болатын: «Штат сайы», «Жұмырқонған», «Әйешқонған», «Саржанқашқан», «Әбжан үңгірі», «Қара ағаш», «Тайғанақ тас», «Қасқырқонған» сынды, ал жазда шөп шабу кезінде жылжымалы «Полевой стан» болатын.

    Бұл төшкелердің арасы да әртүрлі, кейбіреулері алшақ, кем дегенде 10-15 шақырымнан.

    Сол кезде біздің ауылда екі-ақ машина болды. Біреуі сүт таситын молоковоз, онда Сансызбай, ал екіншісі, ауылдағы шаруаның бәріне пайдаланылатын әмбебап әйгілі газик, («ГАЗ-51») оның шофері біздің ағай – Рысқұл болды. Екі машинаның да, екі шофердің де көргендері, басынан өткізгендері, қазір көрген түстей десем қателеспеспін.

    Таулы жер ерекшелігіне қара бұлт тартады да, қыста қар, жазда жаңбыр көп болады. Шолақ сай тез тасиды деген де сөз бар емес пе, тау үстінде су тұрмайды, бәрі ылдиға қарай ағады, яғни, сай-сала қашан да жұмсақ, былқылдап жатады, машина батып кетеді. Оның үстіне біздің жақта, таулы жер болғандықтан ба, «Тектұрмас» деген жерлер көп болады, бүгінгі ғылым тілімен айтсақ «жел розасы» – «роза ветров» деген құбылыс, ондай жерлер өзін мен мұндамын деп айтпайды, тек жергілікті тұрғындар ғана біледі. Табиғатта ауа райы да күрделі заңдылыққа бағынады, олардың да өз ағыны, өз жолы болады. Сондықтан, күн ашық желсіз болса да, жаңағы тектұрмастарда қыста бұрқасын, сырма болып тұрады, ал, жазда аңызақ жел, самал есіп, соғып тұрады. Бұл құбылыс жанға, малға жайлы болғанымен шоферларға жағдайсыз-ақ.

      Машина негізінен жайлаудағы гурттерге сауыншыларды таситын, яғни, ағай сағат таңғы төртте үйлерінен сауыншыларды жинап алып гуртке апарады, таңертеңгі сауын біткен соң қайта әкеледі, кешке қайтадан жайлауға апарады, оларды түнгі он бірде үйлеріне әкеледі. Олардың сауынға әндетіп барып, әндетіп қайтқандары бір тамаша көрініс, бір ғанибет еді. Екі сауын арасында ферманың басқа шаруаларын істейді, су, шөп, жем, жүн тасу, төшкедегілердің шаруасы – азық-түлік, жанар май, құрал-сайман, малға жем жеткізу керек, ауданға, совхозға жиналыстарға адамдарды апару, ауыл адамдарын көрші ауылдардың той-домалақтарына, бата жасауға апару, бәріне машина керек-ақ. Күндегі тәртіп осылай жалғасып жататын. Ағайдың біреуге жоқ дегенін ел естімеген екен. Бір машина бір шофер бүкіл ауылдың бар шаруасын атқарған. Ешқандай смена, сағатпен санасу деген болмаған, жұмысқа берілгендік, жұмыс бастылық, шаруақорлық, елгезектік, бауырмалдық, жанашырлық, жанкештілік…

     Міне, Рысқұл ағайдың Құттыбайдағы жалындаған жастық шағы, өткен ғасырдың алпысыншы жылдардағы өмірі, ісі менің есімде осылай қалған еді. Жарық станциясынан оқудан келген мені талай рет пойыздан тосып алатын, шығарып салатын, талай оның басынан өткерген жол азабын, онымен бірге мен де көрген едім, яғни куәгермін.

    Заман өзгере бастады, хал-ахуал түзеле бастады, техника, машина саны көбейді. Жол салына бастады. Алпысыншы жылдарда Кеңес үкіметі «Кеңес адамдарының бүгінгі ұрпағы коммунизмде өмір сүреді!» деп жария етті. Өмір қайнап жатты…

Міне, осы кезде, өз мамандығының ұңғыл-шұңғылын толық меңгерген, өмірден мол тәжірибе жинаған ағай Рысқұл Қасымовқа басқа жұмысқа ауысуға ұсыныс жасалды.

Осы жерде ағамыздың ұлағатты өмір деректеріне қысқаша тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын.

Рысқұл Ерденбайұлы 1940 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданының Шет совхозында «Үңірек» ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1957 жылы аудан орталығы Ақсу-Аюлыдағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті бітірген соң туған ауылында жұмысшы болып бастаған.

1959 жылы автокөлік жүргізуші мамандығын алғаннан кейін шофер, комбайыншы болып еңбек етеді, ұқыптылығымен, тиянақтылығымен, еңбекқорлығымен көзге көрінеді, социалистік жарыстың жүлдегері, еңбек екпіндісі деген атаққа ие болып, үлгілі азамат ретінде таныла бастайды. Жыл қорытындыларында бірнеше рет Құрмет грамоталарымен, ақшалай, заттай сыйлықтармен марапатталып, 1970 жылы Лениннің жүз жылдық мерейтойына арналған «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері болады.

Рысқұл еңбекқор, білікті маман, механизатор, үздік шофер ретінде келешекте МАИ қызметкерлігіне лайық деп танылып, аудан комсомол ұйымының жолдамасымен 1974 жылы Шет аудандық Ішкі істер бөліміне қызметке жіберіледі. Осы салада ағамыз табан аудармай 20 жылдан астам табысты еңбек етіп, майор шеніне дейін өсіп, зейнетке шыққанша халқына адал қызмет етті.

Ішкі істер органдарында қызметін жол-бақылау инспекторы ретінде бастаған Рысқұл ағамыздың бұл қызметте мемлекет және жекеменшік мүлкін қорғауда, қылмыстың алдын алуда іскерлік жоғары көрсеткіші үшін «Милиция үздігі» белгісімен (1976) және «Жол бақылау инспекторының үздігі» атағымен (1976) марапатталады.

1980 жылы Қарағанды облысы Мичурин совхоз-техникумын техник-механик мамандығы бойынша бітіреді. 1981 жылы Жезқазған облысы бойынша Жаңаарқа ауданында құрылған Шет, Ақадыр ауданы мен Қаражал қаласы карайтын ауданаралық облыстық МАИ басқармасының взвод командирі болып тағайындалады.

1984 жылы облыстық Ішкі істер басқармасының бастығының бұйрығымен Рысқұл Қасымов Жаңаарқа аудандық Ішкі істер бөліміне МАИ бөлімінің бастығы болып тағайындалады (1984-1994ж).

Осы қызметте еңбек еткен жылдары да еңбегі еленіп Қазақ КСР Ішкі істер министрінің №191 бұйрығымен МАИ қызметінде ақтарған жұмысы бағаланып, «Ішкі істер бөліміндегі Үздік қызметі үшін» деген кеудеге тағатын төсбелгісімен (1986ж) марапатталады. Жезқазған облыстық ішкі істер басқармасының Құрмет тақтасына (1987ж) ұсынылады. Сонымен қатар, ішкі істер басқармасының Құрмет кітабына (1989ж) енгізіледі. 1990 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды және көп жылғы милициядағы табысты қызметіне қарай ІІІ-ІІ дәрежедегі медальдармен марапатталған.

1984-1994 жылдар аралығында Жаңаарқа ауданында қызмет атқарған кездерде талай жетістіктерге жетіп, ұжымның сый құрметіне ие болып, халықтың ризашылығына бөленеді. Осылайша, Рысекең өзін өмірден көргені мол, іскер басшы, кемел ойлы тұлға ретінде таныта білді.

1994 жылы Шет аудандық ішкі істер бөліміне қарасты Жарық кентінің ішкі істер бөлімшесіне бастық болып тағайындалды. Рысқұл ағамыз бұл қызметті де өз мәнінде атқарып, 1997 жылы майор шенінде зейнеткерлікке шықты.

Жалпы Ішкі істер органдарында атқарған еңбегі үшін ағамыз 25 рет марапатталып, бірде-бір ескерту алмай халықтың құрметіне бөленіп, абыройға бөленген жан.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып отырған жоқ, Жарық кенті бойынша қоғамдық негізде Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. 1999-2007 жылдар аралығында №6 Жарық сайлау округі бойынша қатарынан 2 рет Шет аудандық мәслихатының тұрақты комиссиясының төрағасы болды.

Осы лауазымда жүргенде де тәуелсіз еліміздің гүлденуі мен халқымыздың игілігі жолында талай істерді атқарып еліміздің тыныс тіршілігіне белсене араласып жүрді. 2004 жылы Шет ауданының «Жыл адамы» атанды.

Адамгершілік қасиеттерді бойына мол сіңірген Рысқұл ағамыз салиқалы салмақты мінезімен, ақыл парасатымен, адал да кіршіксіз еңбегімен Жаңаарқа, Шет аудандары тұрғындарының арасында зор құрметке абыройға ие болған азмат еді.

Сұм ажал арамыздан аяулы Рысқұл ағамызды, бар жоғы 76 жасында кенеттен мезгілсіз, ортамыздан ойып әкетті, алып кетті. Амал қанша?

Біздің әулет орны толмас қазаға ұшырады. Рекең ағай біздің туымыз еді, нарымыз еді. Ағайға қарап ұлымыз өсті, қызымыз қылықты болды. Қазақ тәртібі бойынша біз кешегі Үмітжан деген апамызды «Ақке» деп, ал, Рысқұл ағайды «Көке» деп атадық. Рекең «Көке» деген атқа лайық болды, Көке десе көке еді, көкеміз болып өтті.

Ағай туралы көзі тірісінде баспа беттерінде үлкенді-кішілі мақалалар жазылды. Шет ауданының екі мәрте шыққан энциклопедияларына енді (2011,111-бетте; 2013, 236-бетте), 2008 жылы Алматыда жарық көрген «Қазақ жерінің зиялы азаматтары – Почитаемые люди земли Казахской» ғұмырнамалық жинақтар сериясы. 15-ші кітап. (Қазақстан Республикасы бойынша. «Дәуір», 2008. 712-бет) деген абыройлы кітабына енген. Ағай туралы материалдар, оның өнегелі өмірі, тындырған ісі, өмір үлгісі осы кітаптың 370-375 беттерінде біршама толық берілген.

Дегенмен, бір жағдайды айтпай кетуге болмас. Өткен ғасырларда қазақ халқының басынан талай ауыртпалықтар өткен, соның ең ауыры бүгінде Ұлы Отан Соғысы деп аталып жүрген қазақ-қалмақ соғысы болған. Ол соғысқа қазақ халқы тай-тұяғымен қатысқан, яғни бүгінгі әр қазақтың ата-бабалары дерлік қатысқан.

Рысқұл ағай, қазақ-қалмақ соғысында есімдері ел жадында қалған Есенаман батыр, Қыдыр батыр, Орынбай батыр, Тобышақ батыр, Қуатбек батыр бабаларының, тікелей тоғызыншы ұрпағы. Ол өзінің өмірінде осы батыр бабаларының лайықты ұрпағы екенін дәлелдеп кетті.

Осыдан үш жыл бұрын біздің әулет осы бабаларымызға құран бағыштадық, ас бердік. Жарықтан 17 шақырым жерде Қасиетті Сарысу өзенінің бойында Еркіндікте (Қаражартаста) мәңгі тыныстап жатқан әкелі-балалы Орынбай батыр мен Тобышақ батырларға ескерткіш қойдық, қоршау орнаттық.

Бұл шара кешегі әкелеріміз Көпберген мен Жұмырдың «қу заман, әттең қолдың келтесі» деген өксігі, үлкендеріміздің тұяғы Әбілтай Құйқабаев ағамыздың аманаты, Есенқұл Түсіпов ағайдың, күні кеше ғана ортамыздан кеткен Дәметкен Әбдіақасқызы жеңгейдің, Совет Құйқабаев пен Қали Алтайбаев ағайлардың, үш атаның ардагері, намысы, туы Серік Смағұлов ақсақалдың, Марат Шалғынбаев інімнің, жалпы біздің әулеттің арманы болатын. Рекең сол кезде ептеп ауырып жүргеніне қарамай, сыр білдірмей, бұл шараға қоян-қолтық ат салысты. Бәрімізді жұмылдырды, қаражатын берді, білетін деректерімен бөлісті, бар жан-тәнімен араласты. Енді, міне, ана жақта, сол бабаларының жанында. Амал қанша? Бұл да ағайдың өмірде бітіріп кеткен үлкен істерінің бірі еді.

Ел ортасында сыйлы болған, кешегі әкелері Қасым молда мен Қалқа молданың келісімін, ата салтымызды сыйлап, үлкендер сөзін жерге тастамаған ағай Рысқұл он алты жасында он бес жасар жеңгеміз Батимаға үйленеді. Екеуі қол ұстасып, тату-тәтті 59 жыл бірге болды.

Рысқұл ағамыз жеңгеміз Бәтима Қалқақызымен екеуі жеті бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияғы қондырған жандар, үлгілі отбасы. Бәтима жеңгеміз еңбек жолын балабақшадан бастап ұзақ жылдар бойы еңбек етіп «Еңбек ардагері» медалімен марапатталып зейнеткерлікке шыққан. Бүгін де «Алтын алқа» иегері, Батыр ана, ағайдың отын маздатып отыр. Алла Жеңгеме қуат берсін, Ағай көрмеген қызықты жеңгем көрсін, ағайдың ұрпағын Алла желеп-жебеп жүрсін!

Ағай Үңіректе туды, Үңіректен топырақ бұйырды. Ағайдың жатқан жері жайлы топырағы торқа болсын…

Өзі мына өмірден өтсе де, мына жұмыр жерде, Шет, Жаңаарқа өңірінде оның салған соқпағы қалды, ізі сайрап жатыр. Одан – оның мәнді де, сәнді өмір үлгісі, өнегесі, естелік қалды.

Бүгінде елге барғанда тау бөктерлерінен көмескі тартқан, шөп басып кеткен ескі жолдарды көргенде еріксіз аяулы ағам еске түседі. Амал қанша?

Келместің кемесіне мініп кеткен бауырым, ағатай, Көке! Туыстарың біз және мына Халқың барда Сіз ұмытылмайсыз, жаныңыз жәннатта болсын!

Ел-жұртыңыз, халқыңыз қаңтардың 21 жұлдызына белгіленген бір жылдық асыңызға дайындалуда…

Жеңіс ИМАНОВ,

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің доценті,

техника ғылымдарының кандидаты,

Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button