Бас тақырып

Грант – еріккеннің ермегі емес

Қазір ел оңай ақша табуға бейім. Түрлі сайттардағы жарнамалар, ойын автоматтары ақша табудың жеңіл жолы көрінгенімен, қарызға батып жататындар қарасы қалың. Бұл – өз алдына бөлек тақырып. Біз қозғағалы отырған мәселе – мемлекет тарапынан берілетін гранттар. «Ашыққанға балық берме, қармақ бер» демекші, қайтарымсыз грантты алып, кәсіп ашып жатқандар қанша? Десек те, бұл гранттарды кейбір пысықтар пайданың көзіне айналдырғандай. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, көзге көрінген жайттардан түйгенім – осы.

Жұмыссыздық мәселесін шешу мен кедейлікті жою, ел экономикасының негізгі тірегі болып отырған шағын кәсіпкерлік аясын кеңейту мақсатында мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының түзелуіне қаншалықты әсер етуде? Түрлі бағдарламалар негізінде жыл сайын бөлінетін қаражат мақсатты түрде жұмсалып жатыр ма? Тұрмыс жағдайын түзеймін деген тұлғалар үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Әсіресе, жүйелі жоспары, нақты мақсаты, айқын бағыт-бағдарламасы бар адамдар үшін зор көмек. Бұл қатарға кейінгі жылдары көпбалалы аналар қосылды. Бір ғана 36 мыңнан астам тұрғыны бар Қарқаралы ауданында 2020 жылы 288 жеке кәсіпкерлік субьектісі тіркеліп, 100 адам грант иесі атанды. Бұл – жоғары көрсеткіш. Арнайы оқу курстарынан өтіп, комиссия алдында жоба қорғап, қаражатты алу да оңай шаруа емес. Жобалардың дені мал шаруашылығын дамытуға арналады. «Сиыр алсам, қаймақ шайқап, май айырамын, сүт сатып, ақша табамын» дегендер де жоқ емес. Егер шынымен солай болса…

Кей жағдайларда, қолында малы бар азаматтар да мал аламыз деп грант алады. Алған қаражатты басқа мақсатта жұмсап, қолындағы малды келген комиссияға көрсетіп, «аңқау» комиссияны «алдауға» шебер. «Байдың асын байғұс қызғанады» дегеннен аулақпыз. Алайда, берілген қайтарымсыз қаражаттың қорғаған жобаға жұмсалатындығын қадағалау механизмдерін жетілдіру әрі қатаңдату қажет. Аспаннан ақша жаумайтындығын жете түсінген жағдайда ғана мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмек – қайтарымсыз грант құмға сіңген судай болмас еді. Біле білген адамға, бұл қаражат еліміздің өркендеуі үшін маңдай тер сіңіріп, еселі еңбек етіп жүрген сіз бен біздің еңбекақымыздан ұсталатын салық. Қаржы елдімекендердің инфрақұрылымын қалпына келтіруге жұмсалса, әлдеқайда маңыздырақ болар еді.

Адам мен ақшаның қадірі қатар жүретін біздің қоғамда гранттың мәні бөлек. Істің ыңғайын білетіндер көзін тауып, грант алып, кәсібін дөңгелетіп, қатарға қосылып жатыр.

– Мен былтыр «Бастау-Бизнес» арқылы оқып, сертификат алдым. Жоба қорғау оңай болмады. Екі рет өте алмай, үшінші рет жылыжай ісі жөніндегі жобам қолдау тапты. Ауылдық жерде тұрғаннан кейін бау-бақша егуді жөн деп санадым. Топырағы құнарлы, суы мол жер. Жылыжай салуда поликарбонат және целлофан, әйнек материалдарын пайдаландық. Қандай шаруаны қолға алсаң да ынтамен кіріскен дұрыс. Таңмен таласа тұрып, бала-шағамызбен еңбектенеміз. Егер күн райы дұрыс болып, мол өнім алсақ деген мақсатпен жұмыла жұмыс жасап жатырмыз, – дейді көпбалалы ана, Жаңажол ауылының тұрғыны Әйгерім Дүйсегелдина. Мемлекеттік бағдарламаны орындау шарт. Бөлінген қаражатты дер уақытында игеру де зор жауапкершілікті жүктейді. – «Еңбек» бағдарламасы арқылы жүзеге асып отырған мемлекеттік гранттар игерілді. Республикалық бюджеттен бөлініп, аудан бойынша 20 адамға 11 млн. 668 мың теңге берілді. «Бастау-Бизнесте» немесе қысқа мерзімдік курстарда оқығандар және атаулы әлеуметтік көмек алатындар оқымай-ақ, яғни, сертификатсыз ала алады, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Нұрғиса Көшмағанбет.

Грант алғандар үш айдан кейін есеп тапсырады. Қаражаттың жұмсалған бағытын көрсетеді. Дұрыс-ақ. Егер алған малы жоғалып немесе басқадай жағдай орын алса ше? Олар не істейді? Бұл жағдайдағы іс-әрекет тетігі қарастырылмаған. Құмға сіңген қаражат деген осы емес пе?

Сөз жоқ, ақшаң болса, дүние де кең. Себебі, бәріміз пендеміз. Ұстағымыз, тапқымыз, дүние алғымыз келеді. Мемлекетті алдап емес, табан ақы, маңдай термен тапқан ақша да берекелі болары анық.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button