Етікшінің етік тіккені ләзім

Ақтоғай ауданына келіп, ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарынан қиын кезде ұйымдасып, бүгінде аяғынан тұрған шаруа қожалықтары туралы сұрастырғанымда олар «Теректі» қожалығына баруға кеңес берді. Жетекшісі Қайырберлі Бейсенбин деген азамат. Осында көп жыл зоотехник болып істеген. Бөлімше басқарған. Біліктілігімен, білімімен, адами қасиеттерімен көпшілік құрметіне бөленген. Өз ісіне мығым. Шағын шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Аңшылығы да бар. Әңгіменің майын тамызады. Барған соң өзіңіздің де көзіңіз жетеді. Оның үстіне аудан орталығынан онша қашық емес. Осы жерден он шақты шақырым жерде бұрынғы Жәмші совхозының Бірлестік бөлімшесі бар. Қыстағы соған тиіп тұр.

«Ұрыста тұрыс жоқ». Кейіпкерім туралы жоғарыдағыдай мінездемені қанағат тұтып, «Теректі» шаруашылығына тартып кеттім. Талай сапарға шығып жүріп, дәл осындай оң-шұңқыры көп жерді көргенім жоқ. Жүргізуші жігіт рульмен алысып шаршады. Машинасын оңға бұрса да, солға бұрса да доңғалағы шұңқырға барып түседі.

Бұрын сайрап жатқан жол ғой,– дейді ақталған кейіппен маған бұрылып. Одан тараған соң Бірлестік бөлімшесінің де түндігі жабылды. Сегіз жылдық мектебі бар еді. Қазір бес-алты-ақ түтін қалды. Табиғаты қандай?!

Жүргізуші жігіт айтса айтқандай екен. Биік тауды бөктерлей өскен тал-терек, биші қайың, шоқ-шоқ шілік. Терең шатқалды қуалай арнасы кішігірім өзенге бергісіз бұлақ ағып жатыр. Тек осы әсем табиғаттың көркін иесіз қалған ауыл сұрқы алып тұр. Менің айналаға сұқтана қараған қалпымды аңғарған жүргізуші жігіт:

Мына сай-салада өспейтін жеміс-жидек жоқ. Демалыс күндері бүлдірген, таңқурайына, қарақат теруге осында келетінбіз. Қайран ауыл қаңырап қалды ғой,– деді.

Содан соң:

Сіз табиғатты тамашалай тұрыңыз. Мен бір минутқа мына шеткі үйге кіріп шығайын,– деп шатыры жоқ, қабырғасы жартылай құлаған ғимаратқа беттеді.

Мен жүргізушім келгенше маңайға шамалы барлау жүргіздім. Кезінде тіршілік қайнаған үйлердің іргетасы ғана қалған. Бірен-саран қоралар бұзылмапты. Біреуінің есігін ашып қалсам, дегерес қойының аппақ жүні төбеге тіреліп тұр. Екінші, үшінші қорада да осындай көрініс. Иелері өртеуге қимай, қораға үйіп кеткен ғой. Одақ тұсында алтынға баланған қайран жібек жүн!

Қайырберлінің қыстағы расында қашық емес екен. Биік-биік терек көмкерген бір қыратты асып түскенде келіп қалдық.

Қыстақ маңынан қолдың табы аңғарылады. Басы артық ештеңе жоқ. Ақ шаңқан, еңселі үйдің сыртында қос кошаева шана, тәртесі көтерілген шағын арба тұр. Жаңадан салынған үлкен баздың маңында үш-төрт бұзау ойнақтап жүр.

Машинаның даусын естіп, үйден қою мұрты бар, орта бойлы жігіт ағасы шықты. Өзін «Қайырберлі» деп таныстырып, үйге бастады. Бір жақсысы сауал қойғызбайды екен. Арнайы келген шаруамыздың жайын білген соң көсіле жөнелді.

Әкем Сейділдә 1925 жылы туған. Темірден түйін түйетін ұста болған. Соғыс басталғанда колхоз бастықтары «Ұстамыз кетсе, колхоз құлайды» деп военкоматқа қайта-қайта барғыштап жүріп, қанды қырғыннан алып қалған. 2000 жылы өмірден озғанша қолынан балғасы түскен жоқ. Маңайындағыларға қайырымы мол еді. Ешкімнің көңілін қайтармайтын. Талай адамның қажетін ашты. Мына үйдің сыртында тұрған екі шана мен арбаны әкейдің көзіндей көріп, әлі пайдаланып жүрміз.

Анам Күлтай үй шаруасында болды. Ерте қайтты. 1987 жылы 49 жасында. Бір құрсақтан үш ұл, бес қыз тараған едік. Әкейден кейін көп ұзамай Бақытжан есімді інім 37 жасында қайтыс болып кетті. Жүректен. Қалғандарымыз ұрпақ өргізіп, жүріп жатыр­мыз. Өзіме тетелес інім Мейірхан науқан кезінде келіп, көмектесіп тұрады.

Мамандығым – зоотехник. 1970 жылы Қарқаралыдағы техникумды тәмамдағанмын. Жәмші совхозының үш бөлімшесінде зоотехник болып істедім. Бертінде біраз жыл Калинин бөлімшесін басқардым. Совхоз тараған соң, үлесімізге бір трактор, бір машина, шамалы мал алып, осы теректі қыстағына келіп, шаруа қожалығын құрдық. Басында он отбасы бірігіп кіріп едік. Қазір өзіміз ғана қалдық.

2002 жылы сол тұстағы аудан әкімі Рысқали Әбдікеровтің көмегі арқасында тауарлы несие арқылы үш жылға 100 тоқты алдым. Жәмші совхозы дегерес тұқымын өсірген. Осы игілікті істі аяқсыз қалдырмау мақсатында «Шорманов», «Тасболат», «Теректі» шаруа қожалықтарын біріктіріп, серіктестік құрдық. Жетекшіміз Орынбай Шорманов есімді жігіт. Бірлестік Шормановтың атында. Өнімді осы серіктестік арқылы өткіземіз. Өнім болғанда еті ғана ғой. Жүн мен тері жатыр үйіліп. Қолмен қырқамыз. Ала бейнет. Қырықпайын десең, жазда малға обал. Қой жарықтық қайдан білсін, жібек жүнінің үкіметке керек болмай қалғанын.

Қазақта «Малмен көзін ашқан» деген сөз бар ғой. Мен еңбек жолымды зоотехник болып бастадым. Сондықтан, шаруа қожалығын ұйымдастырғанда тек қой өсірумен шұғылданамын деген мақсат қойдым. Өйткені, бұл сала маған етене. Меніңше етік тігумен етікшіні, таға соғумен ұстаның айналысқаны жөн.

Осы қыстақта Өсербай Қалышев ақсақал 30 жыл қой баққан. Бертінде қайтыс болды. Мен шаруа қожалығын ұйымдастырғанда жиі келіп, жайылым, суат жайында ақыл-кеңесін беріп кететін.

Өрісіміз кең, жайылым шұрайлы, маңайдағы тау қысқы боран-шашыннан қалқан. Нағыз қой өсіретін жер.

Қайырберлі осы жайларды айтып, бір тыныстағанда әңгімеге зайыбы Айтбала араласты.

Жеңгеміз 25 жыл ұстаз болып, 48 жасында зейнет демалысына шығыпты. Бірлестіктегі мектепте 15 жылдан артық оқу ісінің меңгерушісі, интернат меңгерушісі болыпты.

Сол кезде мектепте үш жүзден астам бала оқыды. Интернатта жүзге жуық бала тәрбиеленді. Қазір жұрнағы да жоқ. Жаңа жолда көрген шығарсыз. Әрі-бері өткенде адамның жүрегі сыздайды,– деп еске алады жеңгей.

Кейінде Калинин бөлімшесіндегі мектепте он жылдай оқу ісінің меңгерушісі болған. Сол мектепте зейнет демалысына шыққан.

Алланың берген 6 баласы бар,– деп әңгімесін сабақтады жеңгей, – Кенжеміз Саят өзімізде көмекші. Заң колледжін бітірген. Ресей-Қазақстан университетінің заң факультетінде сырттай оқып жүр. Айгүл, Гүлжан есімді қыздарым өзімнің жолымды қуып, ұстаздық етіп жүр. Жаз айларында қыздарымыз бен келіндеріміз немере-жиендерімізді әкеліп, құрт-майларын жинап әкетеді. Ондайда бір жасап қаламыз…

Осы тұста Қайырберлі тағы бір тың тақырып қозғады.

Әкейдің есімі бұл өңірге ұсталығымен қоса аңшылығымен де әйгілі еді. Қолы қалт етсе, қақпанын арқалап, тау-тасты кезіп кететін. Менің де бір мезгіл мылтық асынып, аң қағып қайтатын әдетім бар. Жасымда әкей мені қасынан тастамайтын. Бір жолы терең шатқалдағы қасқырдың апанын көрсеткен. Жылда сол тұсты бір шолып кететінмін. Таяуда сол апаннан төрт бөлтірік алдым.

Саятшылық жөніндегі әңгімесін осылайша қайырған Қайырберлі қайтадан шаруашылық жайына ойысты.

Үйіміз де, қорамыз да жаңа. Осында көшіп келген бойда өз күшімізбен салып алғанбыз. Мал қысы-жазы судан тарығып көрген емес. Іргемізде бұлақ ағып жатыр. Одақтан мұра болып қалған скважинамыз бар. Суды мотор арқылы тартамыз. Жем-шөпті жылда жетерліктей етіп әзірлейміз. Бәрі өзіміз үшін ғой қазір қарамағымызда 300-ге жуық аналық бар. Мақсат – мал басын одан әрі өсіре беру. Біздің қыстақ аудан орталығынан онша қашық емес. Алдағы уақытта электр жарығын тартады деген сөз бар. Бұл сыбыс шындыққа айналса, жағдайымыз жақсара түсері даусыз. Үкіметтің шығынан мал өнімдерін мол өндіру арқылы қайтарар едік.

Тілеуқабыл БАЙТҰРСЫН,

Журналистер одағының мүшесі.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.