ЕСІМІҢІЗ КІМ? Немесе АТЫ-ЖӨНГЕ ОРФОГРАФИЯ ЕРЕЖЕСІ ЖҮРЕ МЕ?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев таяудағы он жылда қазақстандықтардың өмір салты түбегейлі өзгеретіндігін айта келіп, қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылым-білім процестерінің ерекшеліктеріне байланысты латын графикасына көшудің терең логикасы барын ұлт азаматтарының санасына салды.
Осы орайда жаңа әліпби қабылдауды әркім өз аты-жөнінің жазылу транскрипциясын анықтаудан, тіл-әдебиетшілер курсының практикалық «әл-қиссасын» әрбір тыңдаушы өзінің және оқушыларының аты-жөндерін латын графикасымен сауатты бедерлеуден бастаса игі болар еді.
Кезінде халқымыздың қаһарманы Бауыржан Момышұлының өз аты-жөнін қазақшалап жаздырғанын тарихи Қазан төңкерісі де жоя алмаған «ұлыорыстық шовинизм» елесінен қаймыққан атқамінерлер үлгі-өнеге ете алмапты. Қазақстан республикасының ресми тәуелсіздігі жарияланған соң ғана Үкіметіміз әркімнің аты-жөнін төлқұжатына ежелгі айтылу-жазылу үлгісімен қазақшалап жаздыруға мұрсат берген тұста, бірқатар қаламгер қауым бірден бастамашылық танытты. Сол жылдары, мысалы, «Қарқаралы» газеті редакциясында істейтін Максым Омарбеков – Мақсым Омарбекұлы, Сапаргали Ламбеков – Сапарғали Ләмбекұлы, Шаймурат Малгаждарович Оспанов – Шаймұрат Малғаждарұлы Оспан, менің «Аскарова Назипа Кожаевна» аты-жөнім жаңа төлқұжатқа Асқар Назипа Қожақызы болып түсті. Кезінде орыстілді АХАТ қызметшілерінің сауат-жетесінің «арқасында» туу туралы куәлікке өрескел бұрмаланып жазылған талай аты-жөндердің жаңа төлқұжаттарға дұрысталып қазақша жөнімен жазылғанына куәміз.
Ұлтымыздың оқымыстылары орыс шенеуніктерінің қазақы атаулар орфографиясын өрескел бұрмаламауы үшін, лингвистік сұңғылалықпен аты-жөндерін Умаров, Ауэзов, Умурзаков, Джансугуров, Дюйсенгалиев, Балгужин, Кузбаков, Бюрабеков деп, сауатты әдіспен ресімдеткен болса, бұл да бізге қалған өнегенің бірі. Әйтпегенде, актриса Н.Орынбасарованы «Аринбасарова» деп жазған олар Өмірзақовты «Амирзаков» деп жаза салуы кәдік еді. Ұлы лингвист Байтұрсынов тәліміне қанып өскен сол аталарымыздың сұңғыла үлгісін латынға көшудегі керек тұстарда қолдана білгеніміз абзал.
Тілдерді зерттейтін лингвистика ілімінің синтаксис және транскрипция тараулары ғасырлар мұғдарында ұлт-ұлыстар тілі мен лексикон ерекшелігіне қарай өзгеріп-қалыптасқан атаулар мен аты-жөндердің (Фазыл-Пазыл-Базыл-Бәзіл-Базель-Василь-Василий; Фатима-Патима-Батима; Андропов-Антропов; Сулейман-Сүлеймен-Соломон; Саламатин-Соломатин; Афанасьев-Апанасов және басқасы) түрлерін де қарастырады. Сөйтеді де, жоғарыдағыдай есімдер мен атаулардың төлқұжатқа түскен үлгісінен өзгертуге (яғни есімнің «атамзаманғы» этимологиясы мен морфема-түбірін түгендеуге) орфографияның ережесі жүрмейтінін анықтайды.
Паспорттағы «Ибраев» фамилиясын газетке, экранға «Ыбыраев» деп, «Ибраимов» атауын «Ыбырайымов», Акбаров атауын «Ақпаров», «Слямов» атауын «Ісләмов», Сисенбековті «Сейсенбеков» деп «түзеткенімізге» аты-жөн иелерінің қабақ шытатынын ескерейік. Сол секілді Рахим, Рахима, Рахимов, Илья, Ильяс аттарын да кез келген тілдегі БАҚ-та өзгертпей жазған жөн: сөз төркіні «раһим», «ибраһим» деген арабтық ұғымнан ғой. Күні ертең латынға көшкенімізде де бұл есімдер «һ» әрпі арқылы жазылмақ.
Бірден айтайын, мақаламда келтірілген аты-жөндердің бәрі теледидар титрынан, газеттен алынған нақты кісілердің есімдері. Осы орайда әредік ұшырасатын Шибутов, Чокпаров, Майкутов, Чокпутов, Чонов, Кикимов, Чужиков болып жазылуы қалыптасқан аты-жөндерді – арғы «тегі» таза қазақы ұғымнан шыққан есімдерді орфоэпия салтын сақтаймын деп түзетілмей, құжатында қалай жазулы – БАҚ бетінде солай жазуы керек деп ойлаймын. Баяғыда Қуға іссапармен келген облатком жауапты қызметкері Чужикова ханым өз тегінің газет репортажында «Шұжықова» деп жазылғаны үшін ашуланған екен. Негізінен, онысы жөн еді: кім де болмасын төлқұжаттағы аты-жөнінің баспасөзде бұрмаланғанын кінәлауға құқылы. Сондықтан, Жугралина, Дугалова, Мажитаева, Исимбаева, Карагусова, Токушев, Искаков, Журинов, Балгужин, Ходжа, Досполов, Кикимов, Рахимбекова сияқты тұлғалардың аты-жөндерін өздері өтінгендей, төлқұжаттағы үлгісімен жазған жөн. Аты-жөні түркілерге тән «ин» аффиксіне бітетін Айсарин, Төреғожин, Кейкин, Салахаддин, Байғанин, Жангелдин, Зейнуллин болып келетіндердің жағдайы бәрінен де ұтымды, әрине.
Ал, енді тоталитаризм жылдары төлқұжатқа Урбисинов, Кидирмагамбетов, Бурбаев, Меерманов, Исенжулов болып өрескел жазылған отағалары әулеттен-әулетке кете беретін тектерін паспорт айырбастау кезінде ата-бабаларының аруағын риза қылып, «Өрбісін», «Қыдырмағамбет», «Бөрібай», «Мейірман», «Есенжол» деп дұрыстатып алса ғанибет болмақ.
Енді бір айтатыны, өткеннің өкінішіне, ұлттық тілімізді ұмыта жаздағанымызға кеңестік дәуірдің тізгінін ұстағандар кінәлі десек те, тәуелсіздікпен бірге қайтып оралған құндылықтарымызды жарқырата алмай жүрген өзімізде де салғырттық бар. Бұған мысалды сәбилерге есім қою мәселесінен келтіруге болады. Ұлтымызда әйел затына жарасатын Жәмила, Нұриля, Үрниса, Гүлниса, Тоқмейіл, Жамал, Айтбану, Мәрия, Гүлбәден, Нәркес, Айнамкөз сияқты, ер-азамат болар ұлдарға жарасатын Нартай, Айтмұқан, Заңғар, Байтұрсын, Имандос, Есенғали, Ерқара, Ануар, Жәнібек, Тәңір-Берген, Ғабд-Рахман, Сағынжан, Жарылғасын, Нұрділда сияқты айбарлы есімдер барын ескермей жүрміз. Оның есесіне, бізде екінің бірі Ерік, Берік, Қанат, Марат, Ерлан, Нұрлан аттылар. Мұның еш айыбы жоқ қой, десек те қыздарымызға Аяна, Саяна, Сабина, Раяна, Даяна секілді есімдер беру сәнге айналды. Біздің орыстілді қазақтар ресейліктер секілді, Олжас Омаровты «Алжас Амаров», Орынтай Оспановты «Арынтай Аспанов» деп айтуын қоймай келеді (бір қызығы, қазақша сөздерді орыстілді қазақтан гөрі, елімізде тұратын ағылшындар мен немістер, жапондар мен вьетнамдар акцентсіз, әйбат айтатын болыпты).
Бір қарағанда ұсақ-түйек көрінетін осы жәйттерді жас әріптестерімнің қаперіне салуды жөн көрдім. Бұл ойларым – айсбергтің мұхит бетіндегі ұшы ғана. Бұл – қоғам болып ой бөлісетін, ел болашағының мәселесі. Президентіміздің: «Заман ағымына саналы түрде қабілетті болу керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды, …жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс» дегеніне сәйкес, аударма тілінің сапасын да жетілдіруіміз қажет. Елбасының шетелдік ақпарат алмасу тілінің нақтылыққа негізделгені туралы ескертуін ұғынып, жазу емлесін ауырлататын басы артық жалғау, шылаудан құтылуымыз, іскерлік тіл стилін оқырманға насихаттай жүруіміз дұрыс болар еді.

Нәзипа АСҚАР,
ардагер журналист.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.