Елімізде түркиялық жетекші оқу орындарының филиалдары ашылады
Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен кездескен ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бағытындағы жобаларды таныстырды, деп хабарлайды ortalyq.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
– Тарихы, тілі және құндылықтары бір елдеріміздің мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейтіп, нақты іс-шаралар өткізу маңыздылығын атап өттік. Түркияның жетекші университеттерінің филиалдарын Қазақстанда ашу мәселесі пысықталуда. Қос диплом бағдарламаларын іске асыру бойынша Түркия жоғары оқу орындарымен тиімді өзара іс-қимыл жасалуда, – деп келіссөздер нәтижесімен бөлісті Мұрат Нұртілеу.
Ведомство басшының айтуынша, Түркияда оқитын студенттер саны соңғы үш жылда 2900-ден 8200-ге дейін өскен.
Сонымен қатар ведомство басшысы қарашада Түркістан қаласында өтетін Түркі мемлекеттерінің мерейтойлық 10-шы саммитіне қатысу үшін Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған келетінін атап өтті.