ҚарТУ-да әлемнің 16 мемлекетінен келген 272 студент білім алады
Әлемнің 16 мемлекетінен келген шетелдік 272 студенттің арасында Ресей Федерациясынан – 83, Түрікменстаннан – 56, Өзбекстаннан – 51 және Ауғанстаннан келген 17 студент бар. Сондай-ақ Әзербайжан, Германия, Қытай, Украина, Қырғызстан, Палестина, Армения, Тәжікстан, Индонезия, Бангладеш, Моңғолия және Беларусь азаматтары да осында білім алуда. Жақында Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде International Students Welcome Day ұйымдастырылды.

Іс-шараға әлемнің түрлі елдерінен келген студенттер қатысып, университеттегі оқу мүмкіндіктері, академиялық ұтқырлық, көші-қон талаптары мен қауіпсіздік ережелері туралы ақпарат алды.

Унивеситеттің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, 2026-2027 оқу жылында университетке 172 шетел азаматы қабылданды. Оның 142-сі бірінші курсқа түссе, тағы 30 студент оқу орнында алғаш рет ашылған дайындық бөлімінде білім алып жатыр. Бұл бөлім шетелдік жастардың негізгі білім беру бағдарламаларына дайындалып, жаңа оқу ортасына бейімделуіне мүмкіндік береді.

Шетелдік талапкерлерді тарту мақсатында университет халықаралық байланыстарын кеңейтіп келеді. Study in Kazakhstan бастамасы аясында оқу орнының өкілдері Үндістан, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан және Өзбекстанда талапкерлермен кездесіп, инженерлік-техникалық білім алу мүмкіндіктерін таныстырған.

Welcome Day барысында студенттерге Қазақстандағы көші-қон талаптары мен қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Кездесуге Қарағанды облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Дидар Ибрагимович Алхамин қатысып, елде болу тәртібі, тіркеу рәсімдері және жеке қауіпсіздік мәселелері жөнінде мәлімет берді.

Университетте биыл шетелдік азаматтарға арналған дайындық бөлімі де алғаш рет ашылды. Бұл бөлімде жастар негізгі білім беру бағдарламаларына кіріспес бұрын жаңа оқу ортасына бейімделіп, қажетті дайындықтан өте алады. Ал мемлекеттік стипендиялық бағдарлама шетелдік талапкерлерге Қазақстанда жоғары білім алуға қосымша мүмкіндік беріп отыр.

Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, студенттер университет басшылығы мен тиісті бөлімдердің өкілдеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Мәдени бағдарлама да ұйымдастырылып, түрлі мемлекеттен келген жастардың бір-бірімен танысып, жаңа ортаға тезірек бейімделуіне жағдай жасалды.

Welcome Day барысында студенттерге Қазақстандағы көші-қон талаптары мен қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, SafeTravel.kz жобасы аясында тегін SIM-карталар табысталды.

Шетелдік студенттер санының артуы Қарағандының халықаралық білім беру орталығы ретіндегі әлеуетін нығайтып, қазақстандық техникалық білімнің шетелде танылуына жол ашып отыр. Университет халықаралық академиялық байланыстарды дамыту, білім алмасу бағдарламаларын кеңейту және шетелдік студенттерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмысын жалғастыруда.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



