Экономиканың дамуы – тұрақты
Қарағанды облысының экономика басқармасы қызметінің негізгі бағыттары – стратегиялық, экономикалық жоспарлаумен мониторинг жүргізу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және облыстық коммуналдық меншікті басқару болып табылады.
Өткен жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында, Nur Otan партиясының сайлауалды тұғырнамасының бағыттарында және басқа да бағдарламалық құжаттарда белгіленген міндеттерді шешуге бағытталды.
2021 жылы экономиканы қалпына келтіру, оны оң және тұрақты өсу үрдісіне жеткізу бойынша шараларды іске асыру жөніндегі жұмыстар одан әрі жалғасты.
Қарағанды облысында тұрақты әлеуметтік-экономикалық ахуалды сақтауды қамтамасыз ету мақсатында «Дағдарысқа қарсы 2020-2022 жылдарға арналған жоспар» әзірленді. Бұл жоспардың негізгі бағыттары – қолжетімді қаржыландыруға, жұмыспен қамтуға, инвестиция тартуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және бағаның өсуіне жол бермеуге бағытталған іс-шаралар болып табылады.
НЕГІЗГІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕР
2021 жылы жалпы өңірлік өнімнің өсімі 1,2%-ды (2021 жылдың 9 айында), инфляция 8,5%-ды құрады, нақты жалақы 5%-ға өсті. 2020 жылғы деңгеймен салыстырғанда өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 2,2%-ға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,9%-ға, сауда және көлік саласында тиісінше 11%-ға және 3,8%-ға өсті. Тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны 25,2%-ға өсті. Тұрғын үй қоры 663,3 мың шаршы метрге артты. Облыстың негізгі капиталына 2020 жылғы деңгеймен салыстырғанда 12,1%-ға өсіммен 809 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды.
СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖОСПАРЛАУ
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында айқындалған әлеуметтік-экономикалық саясаттың міндеттері мен басымдықтарын ескере отырып, мемлекеттік жоспарлау жүйесі шеңберінде Облыстың 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы әзірленіп, бекітілді. Облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы Облысты дамыту жоспары болып қайта қалыптастырылды. Қарағанды облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қабылданған құжаттары – Стратегиялық көрсеткіштер карталары, ұлттық жобалар ескеріле отырып әзірленді. Халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейін арттыруға бағытталған облысты дамытудың 9 басым бағыты белгіленді. Премьер-Министр мен облыс әкімі арасындағы Меморандумға енгізілген жоспарлы мәндерді айқындау және нысаналы индикаторлардың іске асырылуын мониторингтеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
ЭКОНОМИКАЛЫҚ БЕЛСЕНДІЛІКТІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ШАРАЛАРЫ
Экономиканың өсу құралдарының бірі мемлекеттік қолдау болып табылады. Өткен жылы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға 191,8 млрд. теңге бөлінді немесе 2020 жылмен салыстырғанда 9,5%-ға артық, оның ішінде Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іс-шараларды жүзеге асыруға 11,8 млрд. теңге бөлінді. 67 іс-шара бойынша жұмыстар аяқталды. «Дипломмен – ауылға» жобасы шеңберінде 245 әлеуметтік сала, агроөнеркәсіптік кешен мамандарымен ауылдық округ әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері тұрғын-үй сатып алды, 401 маман көтерме жәрдемақы алды.
Облыстың моноқалаларында жалпы сомасы 3,5 млрд. теңгеге 9 жоба жүзеге асырылды, оның ішінде Жезқазған қаласында жылу желілерінің екінші кезегін қайта қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстары; Шахтинск қаласы бойынша Шахан кентінде қазандық пен жылу желілерін салу; Сәтбаев қаласында батыс, шығыс аудандары мен №8 шағын аудан аумағындағы жерүсті суын құрғату және бұру; Балқаш қаласында Бертіс шығанағы ауданында инженерлік коммуникациялар (электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, кәріз желілері және кәріз-сорғы станциясы) салу; Қарқаралы қаласында В.Рей көшесіндегі 36 пәтерлік 2 тұрғын үйге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (электрмен жабдықтау, сыртқы су құбыры және кәріз, жылу желілері) салу жұмыстары жүргізілді. 6 жоба аяқталды, 3 жоба 2022 жылы жалғастырылады. «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын толық көлемде жүзеге асыру жалғасын тапты. Арнайы жоба шеңберінде 24 ауылдық елді мекенде 5,4 млрд. теңгеге 59 іс-шара бойынша жұмыстар жүргізіліп, 81,6 мың ауыл тұрғыны қамтылды. 45 жоба бойынша жұмыстар аяқталды, 14 жоба 2022 жылы жалғастырылады. Жобалардың ең көп бөлігі көлік саласында – 58,3%, әлеуметтік салада – 26,7%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында – 15% жүзеге асырылуда. 24 ауылдық елді мекенде 5 білім беру, 4 денсаулық сақтау, 2 мәдениет және 34 көлік нысаны (105,7 шақырым жол) жөнделді. Жоба бойынша 33 ауылдық елді мекенде барлығы 837 жаңа жұмыс орны ашылды.
2022 жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы іс-шараларының 51 жобасын жүзеге асыруға 8,9 млрд. теңге көзделген. Жобаларды мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін пайдалана отырып, іске асыру белсенді түрде жалғасуда. Қарағанды облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті жүзеге асыру шеңберінде 2021 жылы денсаулық сақтау саласы бойынша жалпы сомасы 4,5 млрд. теңге болатын 10 шартқа қол қойылды. Аталған барлық жобалар жекеше қаржылық бастама тәртібінде қолға алынған және мемлекеттік міндеттемелерді қамтымайды. Бұл бюджетті күрделі шығындардан айтарлықтай «босатып», жеке инвестицияларды тартуға мүмкіндік берді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша жасалған шарттардың арқасында облысымызда денсаулық сақтау саласының дамуы денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық базасын нығайту, аурудың алдын алу, балалар медицинасын дамыту бағытында қолға алынды. Мамандандыруды тереңдету нәтижесінде және ауруханалар мен емханалардың заманауи медициналық аппараттармен, құрал-жабдықтармен жақсы қамтамасыз етілуі арқасында медициналық қызмет көрсету сапасы жақсара түсті. Жаңа технологияларды қолдану арқылы денсаулық сақтау қызметтерін көрсету қамтамасыз етілді. Жоғары білікті дәрігерлер корпусы қалыптасты. Мұның барлығы медициналық мекемелер жұмысында аурудың алдын алуға, сондай-ақ, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға басты назар аударуға мүмкіндік берді. 2021 жылы Балқаш қаласында бактериологиялық медициналық зертхана, Сәтбаев қаласында компьютерлік томография кабинеті, Қарағанды қаласында нефрологиялық орталық, Қарағанды қаласында сәулелік диагностика орталығы, Теміртау қаласында 2 емхана, Қарағанды қаласында 3 емхана және Балқаш қаласында оңалту орталығы ашылды. Салалық мемлекеттік органдардың және қалалар мен аудандар әкімдіктерінің ұсыныстары негізінде іске асыруға ұсынылатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының пулы ай сайын қалыптастырылады, бүгінгі таңда бұл жалпы сомасы 40,9 млрд. теңгені құрайтын 14 жобаны құрайды. Ағымдағы жылдың негізгі бағыттары:
– ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бағдарламалық құжаттары мен тапсырмаларында облыс бойынша белгіленген мақсаттар мен міндеттерді қамтамасыз ету;
– бағдарламалық құжаттарда айқындалып, облыс қабылдаған міндеттемелерге мониторинг жүргізу;
– мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту, сондай-ақ басқармалардың жетекшілік ететін салалары бойынша өңірлердің бастамаларын қолдау болып табылады.
2022 жылы өнеркәсіпті 2%-ға, ауыл шаруашылығын 3,6%-ға; құрылысты 7%-ға, көлік қызметін 2,1%-ға, сауданы 3,2%-ға арттыру есебінен облыс экономикасының 2021 жылы қол жеткізілген деңгейден кемінде 3,4%-ға өсуін қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Алға қойған міндеттерді орындау бойынша жұмыстар жалғасады.
Азамат МҰҚАНОВ, Қарағанды облысы экономика басқармасының басшысы.