Бас тақырыпЖаңалықтар

AI & Digital Bridge 2026: форумның екінші күні

2 қазанда AI & Digital Bridge 2026 форумына 25 мыңнан астам адам қатысты. Іскерлік бағдарламаға 300-ден астам спикер, оның ішінде 90-нан астам шетелдік сарапшы қатысып, 60-қа жуық панельдік сессия өтті. Көрме алаңында 90-нан астам стартап, 49 IT-компания және 50 жеке стенд пен павильон таныстырылды.

Суреттер министрліктен

Форумның екінші күнінде жасанды интеллект экономикасы, технологиялар мен капитал үшін жаһандық бәсеке, мемлекеттің цифрлық трансформациясы, инфрақұрылым, адами капитал және технологиялық кәсіпкерлік мәселелері талқыланды.

Басты сессиялардың бірі «The New Economy: Powered by AI» болды. Пікірталаста жасанды интеллекттің әлемдік экономиканы өзгертуі және өсудің жаңа модельдерін қалыптастыруы сөз болды. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Жаслан Мәдиев, Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов, 01.AI негізін қалаушы Кай-Фу Ли және басқа сарапшылар қатысты.

«The New AI World Order» сессиясында жасанды интеллекттің жаңа әлемдік архитектурасы, технология, есептеу қуаты, капитал және халықаралық ықпал мәселелері қаралды. Ал «Capital for the AI Era» сессиясында AI жобаларына инвестиция салудың негізгі өлшемдері талқыланды.

Адами капиталға арналған «Who Will Power the AI Economy» сессиясында жасанды интеллект дәуірінде сұранысқа ие дағдылар, білім беру мен технологиялық бизнестің өзара байланысы сөз болды.

Мемлекеттік цифрлық трансформацияға арналған «Digital Qazaqstan 2029» сессиясында экономиканы, мемлекеттік басқаруды және әлеуметтік салаларды цифрландыру мәселелері қаралды. Сондай-ақ телекоммуникациялық инфрақұрылымның жасанды интеллект дәуіріне бейімделуі талқыланды.

Форум аясында eGov 3.0, цифрлық денсаулық сақтау, киберқауіпсіздік, GPU инфрақұрылымы, AI-native қалалар, венчурлық инвестициялар және стартаптарды халықаралық нарыққа шығару тақырыптары да қамтылды.

Екінші күннің нақты нәтижесі ретінде жасанды интеллект, инвестиция, білім беру, технологиялар трансфері, цифрлық денсаулық сақтау, киберқауіпсіздік және технологиялық инфрақұрылым салаларында 41 меморандумға қол қойылды.

Құжаттардың қатарында «Қазахтелеком» АҚ мен Network School арасындағы жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, Astana Hub пен United Ventures меморандумы, BGlobal Ventures пен PanDev арасындағы инвестициялық серіктестік және XAG технологияларын Қазақстанға трансферттеу жөніндегі уағдаластықтар бар.

AI & Digital Bridge 2026 форумы 1–3 қазан аралығында Астанадағы «ЭКСПО» халықаралық көрме орталығында өтуде. Биылғы форумның негізгі ұстанымы – «Kazakhstan is the Eurasian AI Hub». Басты мақсат – халықаралық тәжірибе мен инвестиция тарту, кадр даярлау және жасанды интеллект компанияларының дамуына қолайлы жағдай қалыптастыру.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button