Жаңалықтар

Туған жердің табиғаты баурайды

Саяхат десе, бір бүйрегіміз бұрып тұрады. Алыс жолға аттанып, табиғаттың тылсым тынысын сезіну, туған өлкенің көрікті жерлерін тамашалап, тарихын тану – адам баласының әу бастан табиғатында бар құштарлық. Осы қызығушылықты тоғыстырған қарағандылықтар «3 қазан – Дүниежүзілік туризм күнін» ерекше форматта атап өтті. Қарағандыдағы Орталық саябақта «Белсенді туризм аумағы» ашылып, келушілер туристік құрал-жабдықтармен, велосипедтермен, SUP тақталарымен және қайықтармен танысты. Сонымен қатар, арқан жолында өз күштерін сынап, белсенді демалыстың жаңа мүмкіндіктерін байқап көрді. Ал, Қарқаралыда табиғат пен спортты серік еткен велоспорт әуесқойлары «Mountain Bike Qarqaraly» облыстық веложарысында бас қосты.

Суреттер
ұйымдастырушылардан

Арнайы алаңға жиналған қала тұрғындары туристік құрал-жабдықтардың түрлерімен танысып, жорыққа қажетті дүниелерді дұрыс таңдаудың қыр-сырын үйренді. Шатыр тігу, рюкзакты дұрыс жинақтау, жорық кезінде қажетті заттарды тиімді орналастыру секілді тәжірибелік сабақтар қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Әсіресе, табиғат аясындағы демалысты жаңадан бастағандар үшін мұндай тәжірибе пайдасын тигізді.

Облыстың туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская мұндай шаралардың маңызы зор екендігін баса айтты.

– Әр өңірдің өзіндік туристік бағыттары қалыптасып келеді. Ақтоғай, Шет және Қарқаралы ауданында экотуризмге басымдық берілсе, агротуризм мен өнеркәсіптік туризм де біртіндеп дамып келеді. Бұл бағыттардың әрқайсысы туризм саласына әртүрлі жастағы адамдарды тартуға мүмкіндік береді. Мәселен, Қарағанды облыстық туристік клубы осы бағытта белсенді жұмыс атқарып келеді. Ал, Туристік ақпарат орталығы саяхатшыларға, блогерлерге, жергілікті тұрғындарға және жалпы туризмге қызығушылық танытқан азаматтарға өңірдің туристік мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынып, туған жеріміздің көрікті орындарын кеңінен насихаттауға мүмкіндік беретін түрлі жобаларды жүзеге асыруда. Бүгінде Қарағанды облысының сертификатталған гидтері мен туроператорлары Сарыарқа өңірінің алдын ала пысықталып, тәжірибеден өткен бағыттары бойынша туристік сапарлар ұйымдастырады. Бұл – өңірдің туристік әлеуетін танытып, тұрғындар мен қонақтарға туған жердің табиғатын, тарихы мен мәдениетін жаңа қырынан тануға жол ашады, – деді басқарма басшысы.

Саябақ жағалауында арнайы туристік лагерь құрылған. Мұнда қала тұрғындары шатырлардың құрылымымен танысып, туристік рюкзактарды арқалап көрді. Келушілер әрбір құрал-жабдықты қызығушылықпен қарап, мамандардан жорыққа дайындық пен дала жағдайындағы тіршілікке қатысты сауалдарын да қойды. Әсіресе, бұл салаға балалардың қызығушылығы ерекше.

Шара барысында Қарағанды облыстық туристік клубы директорының орынбасары Павел Кистанов клубтың қалыптасу тарихына, оның өңірдегі туризмді дамытудағы рөліне кеңінен тоқталды.

Айта кетейік, тарихы 1963 жылдан бастау алатын туристік клуб бүгінде Сарыарқадағы туризм қозғалысын дамытуға өз үлесін қосып келеді.

– Біздің клубтың өзіндік туы бар. Оны облыстағы туризм қозғалысының негізін қалаушылардың бірі Николай Пагануцци әзірлеген. Туда клубтың эмблемасы бейнеленген. Ал, Қарағанды туристік клубын бүгінде менің әкем, су туризмінен спорт шебері Сергей Кистанов басқарады. Біз белсенді туризм бағыттары бойынша оқыту курстарын ұйымдастырамыз. Қазір клубымыздың қатарында үш мыңға жуық адам бар. Жыл сайын Қарқаралыда екі рет туристер слетін өткіземіз. Сонымен қатар, Нұра өзенінің бойындағы Теміртау қаласының Қызылжар жартас аумағында су туризмі техникасынан жарыс ұйымдастырамыз.

Желтоқсан айының басында Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде туристердің дәстүрлі кездесу кешін өткіземіз. Бізге қызығушылық танытып келген кез келген адамға туризмнің қыр-сырын үйретіп, өз тәжірибеміз бен білімімізді бөлісуге дайынбыз. Қатарымызға жастар да біртіндеп қосылып келеді. Дегенмен, туризмге орта жастағы және аға буын өкілдерінің қызығушылығы басым. Мәселен, клубымызда 95 жастағы Шамиль Мусин де бар. Біз осындай жетістіктерімізбен мақтанамыз, – деді Павел Кистанов.

Іс-шара барысында балалар мен жастардың қызығушылығын тудырған дүниенің бірі – арқанды жол. Мұнда қатысушылар биіктегі кедергілерді еңсеріп, ептілік пен төзімділіктерін сынап көрді. Қайықтар мен катамарандарды да тұрғындар жақынырақ көріп, мамандардан қолданылу ерекшеліктері жайында кеңінен ақпар алды.

Аталған іс-шараға қарағандылық Сергей Кепша да жұбайы Марина және қызы Елизаветамен бірге келіпті. Бұл отбасы әр демалыс табиғат аясына шығып, таза ауада демалғанды ұнататын көрінеді. Осы жолғы демалыста Орталық Саябаққа келіп, сала мамандарынан қажетті кеңесін алып қайтты.

– Біз Қарағанды облыстық туристік клубының мүшесіміз. Мен клубқа осыдан 20 жыл бұрын қосылдым. Содан бері туризм өміріміздің бір бөлігіне айналды. Бүгінгі шарада туристік жабдықтарды таныстырып, Нұра өзенінде қайықтар мен катамарандармен өтетін су жарыстары туралы айтып жатырмыз.Қызымыз да бізбен бірге саяхатқа шығады. Орманды аралап, тауға көтеріліп, табиғат аясында уақыт өткізгенді жақсы көреміз. Бұл біз үшін жай ғана хобби емес, бірге уақыт өткізудің, сергек жүрудің және туған жердің әсем табиғатын танудың тамаша мүмкіндігі. Отбасымен жорыққа шығып, жаңа бағыттарды бірге ашудың өзі ерекше қуаныш, – деді Сергей Кепша.

Бұл күні Қарқаралыда бесінші мәрте «Mountain Bike Qarqaraly» ашық облыстық веложарысы өтті. 21 шақырымдық сайысқа Қарағанды мен Теміртау қаласынан, ауданның әр қиырынан келген спортшылар қатысты. Бұл сайыста жарысқа қатысушылар өзара бәсекелесіп қана қоймай, шеберлігін де сарапқа салды.

Іс-шараның ашылуында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ербол Иксанов қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі. Ал, марафоншы, тәлімгер әрі жарыстың идея авторы Думан Бейсенаев спортшыларға жарыстың тәртібі мен талаптарын түсіндіріп, қауіпсіздік ережелеріне назар аударды.

– Қарқаралының табиғаты велоспорт пен белсенді туризмді дамытуға өте қолайлы. Алдағы уақытта бұл жарыс дәстүрлі түрде жалғасын тауып, жыл сайын ауқымын кеңейтеді деген сенімдемін. Келер жылы да қатысушылар санын арттырып, жаңа бағыттар мен мүмкіндіктерді енгізуге күш саламыз, – деді Ербол Қайырбекұлы.

Жарыстың қорытындысы бойынша ерлер арасында қарқаралылық велошабандоз Кирилл Корнукий топ жарды. Одан кейін мәре сызығын екінші болып қарағандылық Александр Дацюк кессе, үздік үштікті теміртаулық Максим Вишняков түйіндеді.

Қыздар арасында өткен бәсекеде теміртаулық Инна Вишнякова үздік атанды. Одан кейін қарқаралылық Ангелина Корнукий екінші болса, ІII орынды да қарқаралылық велошабандоз Дана Кәкібаева еншіледі.

Мерекелік бағдарламаның түйінін 200-ден астам мотоциклші қатысқан мотошеру қойды. Олар Қарағандыдағы Теннис орталығының алдынан бастап, қала көшелерімен өтіп, мотоәуесқойлардың кезекті маусымын жапты.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button