Қазақ спортының Жапониядағы жарқын жеңісі
Қазақстан құрамасы Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өткен XX жазғы Азия ойындарын 84 медальмен қорытындылады. Ұлттық құрама қоржынына 12 алтын, 24 күміс және 48 қола жүлде түсті. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан сегізінші орынға тұрақтады.

Бұл – Ханчжоуда өткен алдыңғы Азия ойындарымен салыстырғанда жоғары нәтиже. Ол кезде қазақстандық спортшылар 80 медаль, оның ішінде 10 алтын жүлде жеңіп, 11-орын алған еді. Қазақстан құрамасы 84 медальдік межеге бұған дейін 2014 жылы Инчхонда жеткен. Ал ең жоғары көрсеткіш 2006 жылғы Доха ойындарында тіркеліп, спортшыларымыз 85 медаль иеленген болатын.

Жапониядағы дода жүлде санымен қатар, тарихи жеңістермен де есте қалды.
Алтыннан алтынға
Қазақстанның алғашқы алтынын велошабандоз Рината Сұлтанова жеңіп алды. Ол жекелей уақытқа жарысуда топ жарып, кейін омниум сайысында күміс жүлде иеленді.

Алексей Луценко жекелей уақытқа жарысудан Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы атанды. Кейін топтық жарыста да алтын алып, Азия ойындарындағы алтын медаль санын алтыға жеткізді. Осылайша, ол Қазақстан тарихындағы жазғы Азия ойындарында ең көп алтын алған спортшы атанды.
Каратэден Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева чемпион атанды. Берульцева Ханчжоудағы жеңісін қайталап, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы болды.

Аралас жекпе-жек Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізіліп, Қазақстанға бірден үш медаль әкелді. Еркінғали Бүркіталин мен Қадырбек Шынбаев алтын, Санжар Әділов қола жүлде иеленді.

Академиялық ескек есуден Владислав Яковлев пен Иван Чернухин ерлер арасындағы рульсіз екі орынды қайық жарысында топ жарып, Қазақстанға осы спорт түрінен Азия ойындарындағы алғашқы алтынды сыйлады.
Семсерлесуден Руслан Курбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов командалық жарыста чемпион атанды. Қазақстан ерлер арасында командалық семсерлесуден 24 жылдан кейін алтын жүлдеге қол жеткізді.

Бокстан Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай чемпион атанып, қазақстандық боксшылардың Азия ойындарындағы алтынсыз 12 жылдық кезеңіне нүкте қойды.

Ал таеквондошы Тамирлан Тілеулес 58 келіге дейінгі салмақта топ жарып, Қазақстанға осы спорт түрінен жазғы Азия ойындарындағы тұңғыш алтын медальді әкелді.

Әлемдік рекорд және тарихи жүлделер
Ауыр атлет Алексей Чуркин 85 келіге дейінгі салмақта жұлқа көтеруден 173 келіні бағындырып, әлемдік рекордты жаңартты. Қоссайыста 378 келі нәтижесімен күміс медаль иеленді.
Семсерлесуші Артем Саркисян ерлер арасындағы жекелей қылыштасудан қола алып, Қазақстан тарихында Азия ойындарында осы сайыстан тұңғыш жүлдегер атанды. Кейін командалық жарыста да қола жүлдеге ие болды.
Қазақстан әйелдер құрамасы командалық шпагадан да тарихи жүлдеге қол жеткізді. Ирина Бакалдина, Владислава Андреева, София Николайчук және Дарья Самоделкина ел тарихында алғаш рет Азия ойындарының жүлдегері атанды.
Стенд атудан Даниил Почивалов, Әлішер Айсалбаев және Марк Почивалов командалық «трап» сайысынан қола медаль жеңіп алды. Бұл – Қазақстан ерлер құрамасының осы бағдарламадағы алғашқы жүлдесі.
Спорттық құзға өрмелеуден Дамир Тоқтаров «жылдамдық» сайысында қола алып, Қазақстанға Азия ойындарындағы осы спорт түрінен алғашқы медальді сыйлады. Ол жарыс барысында ұлттық рекордты да жаңартты.
Жеңіл атлетикадан Алина Чистякова жетісайыста қола жүлде иеленді. Милад Карими спорттық гимнастикадан еркін жаттығуларда күміс алып, Қазақстанға 32 жылдан кейін осы бағдарламада қайтадан жүлде әкелді.
Теннисші Юлия Путинцева жекелей сында қола медаль иеленіп, Қазақстан тарихында әйелдер арасындағы жекелей сында Азия ойындарының тұңғыш жүлдегері атанды. Кейін ол Анна Данилинамен бірге жұптық сайыста да қола алды.
Жүлдегерлер қатарын толықтырғандар
Жапониядағы Азия ойындарында алдыңғы додалардағы жетістігін жалғастырған спортшылар да көп болды.
Елдос Сметов 12 жыл үзілістен кейін Азия ойындарының жеңіс тұғырына қайта көтеріліп, күміс жүлде алды. Әбиба Әбужақынова қатарынан екінші рет күміс медаль иеленді. Эльмира Сыздықова да Азия ойындарындағы екінші медалін жеңіп алды.
Байдарка мен каноэде ескек есуден ағайынды Тимофей және Сергей Емельяновтар жүлдеге ие болды. Ольга Шмелева мен Стелла Суханова да бірнеше рет жеңіс тұғырына көтерілді.
Каратэден Софья Берульцева чемпиондық атағын қорғады. Әсел Қанай күміс, Нұрқанат Әжіқанов қола жүлде иеленді.
Семсерлесуден Руслан Курбанов пен Вадим Шарлаимов Азия ойындарындағы жүлделер қорын толықтырды. Велоспорттан Евгений Федоров күміс медаль алды.
Су добынан Қазақстан ерлер құрамасы да тарихи тұрақтылығын сақтады. Ұлттық құрама Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді және осы уақыт аралығында бірде-бір рет жүлдесіз қалған емес. Жапонияда команда күміс медаль жеңіп алды.
Қоржынды кімдер толықтырды?
Қазақстан ең көп медальді дзюдо мен күрестен – жеті-жетіден иеленді. Байдарка мен каноэде ескек есуден алты, семсерлесу, бокс және джиу-джитсудан бес медальдан жеңіп алынды.
Жалпыкомандалық есепте Қытай 169 алтын, 89 күміс және 83 қола медальмен бірінші орын алды. Жапония 83 алтын, 95 күміс және 91 қола жүлдемен екінші, Оңтүстік Корея 39 алтын, 43 күміс және 68 қола медальмен үшінші орынға тұрақтады.
Қазақстан құрамасының 84 медалі – ел спорты үшін маңызды көрсеткіш. Әсіресе әлемдік рекорд, жаңа спорт түрлеріндегі алғашқы жүлделер және ұзақ үзілістен кейінгі жеңістер ұлттық құраманың құрлықтағы бәсекеге қабілетін көрсетті.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



