Руханият

Екіұдай дерекке кім нүкте қояды?

Біраз жылдан бері Қаныш Сәтбаев туралы деректерді оқып жүріп, Сәтбай әулеті жөнінде біраз мағлұматқа қанық болдым. Әсіресе, баянауылдық өлкетанушы Кәрімтай Өкпеұлы марқұмның деректерінде Имантай ақсақал туралы көп айтылады. Өкпе атамыздың Имантай, Сәдуақастармен дәмдес, сырлас болғанын білеміз. Шорман, Сәтбай әулеттеріне құс баптап, аралас-құралас қатынаста болыпты. Тіпті, Имантай, Сәдуақас ақсақалдар өздерінен жасы кіші болса да, Өкпе атамызды құрметтеп, «Өкетай» деп атаған екен. «Имантай қайтыс болғанда Өкпе атамыз барып жерлеуіне қатынасқан» дейді атам. Кәрімтай атамның жазбасында Имантай Жыржыс қажының медресесінде қайтыс болған делінеді.

Содан, дерек көздерін оқи келе, Имантайдың қайтыс болуы туралы екіұдай пікір бар екенін білдім. Екі түрлі пікір білдірушілер де Сәтбай әулетіне жақын болған адамдар. Бір жақ: «Имантайды Баянауыл түрмесінде 1928 жылы қайтыс болды» – десе, екінші тарап: «Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Ақжар ауылында Жыржыс қажының медресесінде қайтыс болды», – дейді. Енді дерек көздеріне тоқталсақ.

Бүгінде Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Үміткер (Қылыш Бабаев атындағы ауыл) ауылында тұратын Жеңіс Шәдетов «Бұқар баба елінде» деген кітабының 43-бетінде «…Қаныш аға әкесі Имантай қайтыс болғанда елде болмаған екен. Бұл өңірде алғашқы ірі бай ретінде 1928 жылы Сәтбай мен Шорман ұрпақтары тәркіленеді. Ол кезде Сәтбай ұрпағының үлкені Имантай болатын. Имантай тұтқындалып, Баянауыл түрмесіне қамалады. Ертеңінде менің әкем Жұмаш Бая­науылға келеді. Әкей бұл уақытта Ақкелінде ашылған болыстық қосшының төрағасының қызметін атқарған, 1929 жылдан партия мүшесі, кейін совет – партия шаруашылық қызметтерінде болады. Түрмеге келген әкеме түнде Имантайдың қайтыс болғанын хабарлайды. Сол жерде ат-арба тауып, әкем Имантай ақсақалдың денесін Айрыққа алып келеді, ел-жұрт жиналып жерлейді» делінген. Ал, Бөпежан Аяпбергенов пен Қалмұқан Исабай жазған «Қаныш аға, осындай еді» деген кітаптың 62-ші бетінде: «Қаныш Сәтбаевтың Қарағанды облысының ауылдық округінен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат болу үшін 1950 жылдары сайлау­шылармен кездесуге келген сапарында, Ақкелінде бір мектепте оқыған, әрі рулас ағайыны Жұмаш ағаймен кездесіп қалады. Сонда Жұмаш ағай:

– Әй, Қаныш, мен сенің әкеңнің денесін Баян түрмесінен алып шығып, Айрыққа әкеліп жерлеген Жұмаш Шәдетовпін. Әруақты аттама. Мына Үлгіде тұрамын. Сен келедіні естігеннен бері, «өтіп кетер ме екен» деп, жол аңдудамын. Үйіме соғып, дәм татып, қонағым бол, – дейді. Осы сапарда Қаныш Жұмаш ағай үйінде қонақта болады. Сол кезде түскен суреттер де бар. Ал, Шәмшиябану Сәтбаева жазған «Сәулелі әулет» еңбегінде «Имантай өзінің туған жерінде, Баянауылда, 1928 жылы қайтыс болды. Шешесі Күнсұлу, бәйбішесі Нұрым, әйелі Әлима жатқан зиратқа жерленді», – делінеді.

Ал, енді екінші тараптың келтірілген дәлелі Жыржыс қажымен байланысты. Бұқар жырау ауданының өлкетанушы ұстазы Қалиас­қар Шыныбектегі (Qojalar.kz сайтына) дайындаған мақалада былай делінеді.

«…Жыржыс ата 1919 жылы Мекке-Мәдина барып, қажылық парызын өтейді. Сол жолда онымен атақты Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантай кездеседі (Жыржыс пен Сәтбай Меккеге бірге барған, ал Имантаймен ауыл арасы жақын болғасын жиі кездесіп тұрған – Е.К.). Мешіттің ішіне кіріп, Жыржысқа сәлем беру үстінде Имантай о дүниеге аттанады. Бұл жөнінде Мәшһүр Жүсіптің өлеңі де бар. Сол уақта осынау өлкеде Мәшекеңнің айтуынша, 70-тен астам адам қажылық парызын өтепті. Осы сапардан келісімен өз қаржысымен қазіргі Ақжар ауылынан 7 шақырым «Үш сала» деген жерден мешіт пен медресе салады. Бұл жерді халық күні бүгінге дейін «мәдрәс» деп атайды. Онда маңайдағы Қарқаралы, Қайнар, Баянауыл төңірегінен балалар жинап, діни дәріс береді. Бұл Сарыарқадағы Құнанбай мешітінен кейінгі екінші діни ошақ десе де болады… », – дейді.

Ал, белгілі екібастұздық өлкетанушы Серік Жақсыбаев марқұм «Қаржас ұрпақтары» деген кітабында: «Имантай өзінің туған жерінде, қазіргі Теңдік ауылының жанында қайтыс болып, шешесі Күнсұлу, бәйбішесі Нұрым, екінші әйелі Әлиман жатқан зиратқа жерленген», – десе, ал, осы кітаптың 77-бетінде «Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантай осы Медресе үйінде 1928 жылы қайтыс болыпты», – дейді.

Дерек көздерін жинақтай келе, Баянауыл кітабының 33-бетінде: «Ел аузында нақты әулиелік қасиеті бар деп Қожа Жыржыс қажыны айтады. Ол мешіт, медресе ұстаған. Жыржыс қажы 1845 жылы Баянауыл ауданы Көкдомбақ елді мекенінде дүниеге келіп, 1929 жылы қазіргі Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы, Ақжар ауылында жерленген. Қ.Сәтбаевтың әкесі Имантай сол Жыржыс­тың мешіт үйінде қайтыс болған» – делінген.

Химия ғылымдарының докторы, профессор Бораш Төлеуов ағамыз Жыржыс қажы туралы дайындаған мақаласында былай дейді:

«Ел адамдарының айтуы бо­йынша, Қаныш Сәтбаевтай ұлы ғұламамыздың әкесі Имантай ақсақал Баянауылдан келе жатып, өзінің нашарлағанын сезісімен, қасындағы серіктеріне тез арада Жыржыс қажының мешітіне жеткізуді сұраса керек. Сондықтан жолдастары жолдағы Теңдікке де тоқтамастан, шұғыл түрде атаған жеріне жеткізіп, сол жерде бақилық болған деседі. Жыржыс атамыз да осындай елге сыйлы адамның соңғы демі шыққанша қасында болып, дұғасын оқып отырған екен. Кейінірек жаназасын да шығарыпты.»

Баянауылдан шыққан белгілі тарихшы ғалым Мақсат Алпысбес: «1991 жылы Сәтбаев музейінде директор болған Төлеутай Әбжанұлы Әбілдиннің айтуынша, 1928 жылы Имантайды Баянауылдың милиция НКВД-на әкеп, қамап, қинап, ұрып-соғып босатып жібергенде, Сабындыкөлдің маңайында кетіп бара жатып ұрып-соғудан қайтыс болды деп айтып отыратын» – дейді.

Белгілі тарихшы, ғалым Жамбыл Артықбаев ағамыз Имантайдың өліміне қатысты әкесінен естігенін 2009 жылы шыққан «Баянауыл» кітабының 171-бетінде былай жазыпты:

«…Имантай Сәтбайұлы 1928 жылы үкімет орнап, аласапыран басталған кезде Жыржыс қажы мешітінде қайтыс болды. Біздің әкеміз марқұм: «Ел ішін үрей билеген уақыт еді. Қыстауға ерте қондық. Қандыадыр деген жер. Шідертінің басы қатарлас Бала Шідерті бар. Бір күні кешке таман, ымырт үйірілген шақта үйдің ішінде отыр едік, біреу есік қақты. Қорқып-үркіп отырған кезіміз, қорқа-қорқа есік аштық. Жанында бір жолдасы бар Имекең екен.

– Қоштасуға келдім, – деді Имекең. Қойнында ахиреті бар. – Баянға шақырып жатыр, үкіметтің көк үйін көрмейін деп, Құдайдан ақ өлім сұрап Жыржыс қажы мешітіне бара жатырмын. Құдайдан алатын жаныңды кісі қолында кіріптар етпей ақ-адал ала көр деп келе жатырмын, – деп, апамызбен көрісті де, қоштасып аттанып кетті», – деуші еді.

Біздің әжеміз Жамал Имекеңнің қарындасы болады. Атамыз Имекеңмен – бастас, замандас. Әжеміздің әкесі Әбділдә – Сәтбаймен немерелес Әділбектен туады. Ақкелінде алғашқы ағаш үйді салған сол кісі еді дейді, жас өліпті де жесірін, екі баласымен (Әбділдә, Төлеген) Сәтбай алып өз қолында өсірген. Имекеңнің біздің Жамал әжемізге қоштасып келетін себебі осы деуші еді біздің үлкендер», – деп аяқтайды.

Жамбыл Артықбаев айтқандай, пікір Кәрімтай Өкпеұлы атамыздың жазбаларында да кездеседі. Ол кісі Қаныштың бәйбішесі Шәрипаның Қазалапқа айтқанын (Қазалап Жыржыс қажының баласы – Е.К.) былай баяндайды: «Өзіңіз білесіз, Әйтімді (Имантайды) Баянға милицияға шақыртты деп хабар келген соң ол кісінің Жамал деген туысы (Жамбыл Артықбаевтың әжесі – Е.К.) Қызылтауда тұрмыста болатын және сіздің әкейге амандасып қайтайын, алдағы күнді кім біледі деп Жамал апамызбен амандасып, содан сіздің үйге келіп, Ишан атамның мешітінде намаз оқып отырып қайтыс болды. Бір-біріне ықылас-ниеттері осындай еді ғой. Қазір біздер бір-бірімізді жағдайымыз келіп тұрса да, ол кісілердей сағынбаймыз ғой, – деп әңгімесін тоқтатыпты.

Егер, Жамбыл ағамыздың нұсқасына сенер болсақ, онда Имантай, Бала Шідерті өзен бо­йына жақын жатқан Қандыадыр қыстауынан сонау Баянауылға бармас бұрын Жыржыс қажы ауылына тартып отырғаны көңілге қонымдырақ сияқты. Себебі, Баянауылға қарағанда Жыржыс ауылы жақынырақ.

Енді, бұл деректерді қорытындылай келе менің түйгенім екі пікірде шындыққа жақын. Екі тарапта әке-атадан естігені бойынша мағлұмат берген. Алайда, бір тараптың пікірі жансақ естуден, яки болмаса, оқиғаларды шатастырып алудан туындаған болуы мүмкін. 2001 жылы Жыржыс қажының шөбересі химия ғылымдарының докторы, профессор Арыстан Ғазалиев бабасының басына ескерткіш, ал өткен жылдың соңында «Асыл мұра» жобасының жетекшісі Амантай Акишев бауырымызбен бірлесіп, медресе орнына ескерткіш белгітас орнатты. Ол кісілер Имантай Сәтбайұлының Жыржыс бабасының медресесіне жиі келіп, араласып сыйласқанын, Жыржыс атасының Сәтбаймен бірге қажылықта болғанын алға тартады. Әрі Жыржыс атасы мен Сәтбай әулеті арасында жақын қарым-қатынас болғанын мақтан тұтады.

Бүгінде Мұса Шорман ауылында тұратын ардагер ұстаз, мектеп директоры, өлкетанушы Хайридден Музафаров ағамыз былай дейді:

– Негізі 1928 жылы Имантайды Баянауылдың түрмесіне тергеу­ге шақырғаны шындық. Ол кісіге НКВД адамдары келіп, Айрық қонысынан Баянауылға тергеуге алып кеткен. Сәдуақас Мұсаұлы көреген адам ғой, билік ауысқасын бір өзгерістің болатынын сезіп, Баянауыл байларына, өзінің ағайын-туыстарына үгіт-насихат жүргізген. «1928 жылы конфискация болады, малдарыңды тартып алады, сондықтан қазірден қамданып малдарыңды сатып, ақшаға айналдырып басқа жаққа кетіп қалыңдар» дейді. Бірақ, байлар сенбеген. Өздерінің шалқып отырған өмірінен бас тартқысы келмеген. Содан, Бөкеш (Қаныштың ағасы) өзінің туған-туыстарын Омбыға апарып тастаған. Оның ішінде, Қаныштың әйелі Шарипа да бар. Бірақ, туған жерімнен кетпеймін деп Имантай қала берген. Тергеуде неше күн болғанын білмеймін. Ол кісіні тергеуден уақытша босатқан. Сол кезде жанында болған аталас туыс Жұмаш, көшірі Нұрландар Баянауылдан алып келіп, Ақжардағы Жыржысқа апарған. Имантай өлімге алдын ала дайын болған. Сол кезде иманы берік адамдар өлім сәттерін сезе білген болар. Жыржысқа «жаназамды өзің шығар» деп аманаттаған екен. Имантай Баянауыл түрмесінен шыққасын Жыржыс қажының үйінде қонақта болған. Бір нұсқа бойынша Жыржыс қажымен қош­тасып Айрықта қайтыс болған дейді. Ал, екінші нұсқа бойынша Жыржыс қажының үйінде намаз үстінде сәждеде қайтыс болған делінеді. Сонда нақтысы Жұмаш пен Нұрлан Баянауыл түрмесінен алып шыққан, одан кейін Жыржыс қажы ауылында қайтыс болғаны дұрыс сияқты, – дейді.

1928 жылы Имантайдың шолақ белсенділердің тәркіленуіне ұшырап, Баянауыл түрмесіне бірнеше рет шақырылғаны шындық. Себебі, содан бір жыл бұрын 1927 жылы Сәдуақас Шормановта Павлодарға сотқа шақырылып, Сәдуақас ағайдың «Адамның сотынан бұрын, Алланың сотына кетемін» деген дұғасы қабыл болып, сотқа жетпей жолда қайтыс болған еді. Шорман мен Сәтбай әулетін қудалап, оларды қайыра-қайыра түрмеге жауып, дүние мүлкін тәркілеп жатқаны осы тұрымтай тұсына сәйкес келген аласапыран уақыт еді. Тағы бір дерек көздерінен оқуым бойынша, Имантай Жыр­жыс қажыға Меккеге қажылыққа бару үшін жиі барып жүрген делінеді. Әкесі Сәтбайдың басына Меккеге туған жерінің топырағын апарып, басына белгі қойғысы келген дейді. Бірақ, Сәтбай әулеті қудаланып, бұрынғы дәурендері кетіп жатқанда қажылық сапарын ойластырып жүрді дегенге сенер-сенбесінді білмейді екенсің. Бәлкім, медресеге барып жүрген кезі сәл одан ертерек уақытта болса керек. Алайда, енді бір дерек көзінде елдегі аласапыраннан шаршаған Имантай Меккеге барып қажылығын өтегісі келген делінеді. Мүмкін солай да болған шығар. 1928 жылы Қаныш Мәскеу­де болған. Әкесінің өліміне, әрі немере ағасының қамауға алынғанына алаңдап жазған хаттары сақталған. Осы хатта да «әкем Баянауылда кенеттен қайтыс болды» делінеді.

Ал, енді, бүгінде көзі тірі, сексенге тақап отырған Жеңіс Шәдетов ақсақал да өз әкесінен естігенін жоғарыда айтып өттік. Әкесі Жұмаш Қанышпен бір мектепте оқыған дедік. Ол кезде бүгінгі Мұса Шорман ауылында тұрыпты. Бұл кісінің әкесі «Имантайдың мәйітін Баянауылдан арбамен өзім алып келіп, Айрыққа қойдық» дейді. Енді мұндай әңгімені ойдан құрастырып айта салды дегенге сене алмайсың. Имантай жай адам емес, әйгілі әулеттің шаңырақ иесі. Одан қалса, Қаныштың өзі еліміздің беткеұстар ғалымы. Оның үстіне, жалғыз жерлеген жоқ, ел-жұрт болып арулап қойдық дейді.

Сонымен, құрметті оқырман, анау-мынау емес, қазақтың маңдайына біткен Қаныш Сәтбаевтай тұлғаның әкесі Имантайдың қай жерде қайтыс болғанын нақтылау керек шығар. Медеу Сәрсеке де өз еңбегінде бұл туралы нақты айтпаған. Имантай туралы өте көп мағлұматты жазып келгенде неліктен қайтыс болғандығы туралы нақтылап жазбаған екен деймін. Бұл тақырыпқа терең бармаған дейін десең, кітаптың беташарын Сәтбай, Имантайдан бастап тарихты арыдан қозғап, Имантай туралы кітапта өте көп баяндайды. Бірақ Имекеңді өз елінде қайтыс болды деп қысқа қайырған. Медеу ағамыз Қаныш туралы жазу барысында қаншама баянауылдық ақсақалдармен кездесті. Солардың бірі болмаса, бірі нақтылап неге айтпаған екен деймін. Түрмеде қайтыс болды деген ақпарат бейжай қарай салатын мәселе емес қой. Ол жердегі өлім адам қолымен қасақана өлтірілген болуы да мүмкін ғой. Егер, шын мәнінде түрмеде өлсе, онда ұрпақтары, ағайын-туыстары бұл туралы там-тұмдап болсын айтып қалар еді деген ой келеді. Медеу ағамыз Имантайдың бауырында өскен Әбсәлам Жәмінұлының баласы Тәрмізимен бірге елдегі ақсақалдарды аралады. Қаншама сұқбат алды. Өзім туып-өскен Баянауыл ауданы, Жарылғап ауылындағы Имантайдың атқосшысы, жылқышысы болған Қасен ақсақалдың баласы Нұрлан ақсақалға арнайы келіп, Қаныш туралы дерек жинақтаған болатын. Нұрлан ақсақал Имантайдың өлімі туралы неге ашық айтпады екен. Қасен де, Нұрлан да Имантайдың шарапатын көрген адамдар еді ғой. Егер, нақты деректер айтылғанда Медеу Сәрсеке Қаныш туралы еңбегінде еш жасырмай жазып кетер ме еді. Әлде, кітаптың негізгі мақсаты Қаныш туралы болғасын Имантайдың өлімі туралы екі түрлі дерек болғасын бір жаққа бұра тартқысы келмеді ме екен?

Имантайды көрген, бірнеше мәрте мәжілістес болған Әлкей Марғұлан «…Қаныштың өз әкесі Имантай – ақылды, момын, терең ойлайтын, әр нәрсені ақылмен, сабырмен шешетін кісі болатын. Көп жасаған өмірін ол кісі ескі заманның әділетсіз, зұлымдық істеріне қарсы қойып, жәбірленген, жапа шеккен адамдарға көмек көрсетуді зор мақсат еткен. Имекеңнің бұл жақсы қасиеттерін ол кісімен істес кедейлер – Қозыбағар мен Қасен жақсы білетін. Олардың бүгінгі ұрпақтары совхоз жұмысшылары Заир мен Нұрлан да ол қасиетті әлі күнге ұмытпаған» – деп жазады. Міне, көріп отырғанымыздай Әлкей де Имантай туралы дерегінде әкелі-балалы Қасен мен Нұрланды атап кетеді.

Сөз соңы Имантайдың өлімі туралы екі түрлі пікір бар. Бір деректе Баянауылдан тікелей денесі жеткізілсе, екінші деректе Ақжар ауылында Жыржыс қажының алдында қайтыс болады. Тіпті Жыржыс қажы жаназасын да өзі шығарыпты. Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп те жазып өткен дейді. Бірақ, осы уақытқа дейін Мәшһүр өлеңінде Имантайдың өлімі туралы еш жерден кездестірмедім. Мәшһүр Жүсіп Жыржыс қажымен бірге Қарнақ медресесінде бірге оқыған, сыйлас, замандастар. Имантайдың өлімі туралы бір жазылса Мәшһүр Жүсіптің еңбектерінде болуы мүмкін ғой.

1929 жылы Жыржыс қажының қазасына берілген аста Мәшһүр Жүсіп өзінің батасында:

«Аллаға керек нәрсені
Жыр­жыс атқарды,
Жыржысқа керек нәрсені Алла берді» – деген екен. Енді Жыржыс қажының медресесінде 1928 жылы қайтыс болған Имантай туралы да бір дерек қалса, керек еді. Егер, болса ол туралы неге еш жерде кездеспейді. Болмаса, неліктен Мәшһүр Жүсіп айтып өткен дейді. Бұл туралы мәшһүртанушылар не дейді? Имантайдай елге абыройлы болған адамның өлімін қашанға дейін екі түрлі дерекпен айтып жүре бермекпіз?

Ернар КЕЙКІ,

академик Е.Бөкетов атындағы

Қарағанды университетінің аға оқытушысы.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button