Шахтинск

Еңбек маусымы қорытындыланды

Қарағандыда ХV «Жасыл ел» еңбек маусымы қорытындылануына орай салтанатты жиын өтті.

Салтанатты рәсімге облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Нұржан Жетпісбаев, «Jas Otan» Жастар қанаты филиалының төрағасы Ержан Хамитов, облыстың жастар ресурстық орталығының директоры Расул Қасенхан, өңірлік штабтар өкілдері, белсенді жастар қатысты.

«Жасыл ел» жасақтары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2005 жылы құрылған-ды. Жыл санап еңбек маусымына қатысатын жастар саны артып келеді. Биыл жасақтар құрамында 2 мың адам еңбек етті.

Шахтинск қаласының жастары да үш жыл қатарынан қаланы тазалау мен абаттандыруға айтарлықтай үлес қосып келеді. Биыл бұл жастарды тиісті киім-кешекпен және қажетті құралдармен «Top Rank» ЖШС қамтамасыз етті. Жұмыс беруші іріктеу шаралары кезінде жасы 14-29 жас аралығындағы аз қамтылған, көпбалалы отбасынан және әлеуметтік осал топтарынан шыққан жастарға басымдық беріп, биылғы жазда 60 жас жұмыспен қамтылды.

 «Жасылелдіктер» 40 гектар аумақты тазартып, 130 ағаш отырғызды. Сондайақ, жиектастарды әктеп, жалпы ауданы 3 гектардың шөбін қырықты. Балалар ойын алаңдарын да реттеп, жарнама тақталарын тазалады. Шахан – Ескі Шахан – Қопай жолының бойындағы арна қоқыстан тазартылды. Тиісінше, әр жас 42500 теңгеден жалақы алды.

 Салтанатты жиында белсенді жастар марапатталды. Сондай-ақ, жастарды жұмыспен қамтыған «Top Rank» ЖШС директоры Қанағат Ешмағамбетов «Үздік жұмыс беруші» номинациясына ие болды.

Жанна АЙКЕШҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button