Шет

Еңбегі көптің – өнбегі де көп

Аттың жүйрігі һәм тазының шалымдысы жиі ұшырасатын Шет ауданы тұрғындарының дені тірлігін төрт түлікпен байланыстырған. Ақадыр кентінен 10 шақырым жердегі Сарыалаит мекенінде орналасқан «Сержан» шаруа қожалығы да мал шаруашылығын тіршілік көзі деп біледі. Осы бір кенттен шыға ширатылған жайдақ жолмен тартқанда жарты сағаттық жерде орын тепкен шаруашылық туралы аз баян етейік.

Жердің құнары мен шүйгін шөпті қоспағанда, шаруашылық орналасқан жердің өзі бұйраты мен адыры көп малға ыңғайлы мекен көрінеді. Бозы мен көдесі аралас, ащылауыты жусаннан, қияқтан құралған жайылымды қосыңыз тағы. Осынау шұрайлы мекенді жайлаған шаруа қожалығының іргесі 2004 жылы Серік Алпысбаевтың бастамасымен қаланған.

Бұл мекенге келіп, 2000 мың гектар жерді алып, маңайдағы шаруалардың бірінен 180 бас марқа сатып алдық. 180 марқа келесі жылы тұсаққа шыққанда 120 қозы алдық. Осылай мал басы бірігіп, қазір 500 еділбай тұқымды қой, 200 сиыр, 60 жылқыға өсті. 3 үйір жылқының екеуі – асыл тұқымды. Оның біріне мұғалжар айғыр салынған. Ал, екіншісі Татарстаннан келген айғыр. Қой – толығымен еділбай тұқымы. 200 сиырдың 90-95 пайызы асылдандырылған. Қазіргі таңда осы ақбас сиырға Үкіметтен субсидия аламыз. 4 рет бұқа айырбастадық. Бүгінде маңайдағы жаңадан бастаған шаруа қожалықтары бізден алады бір жарым жасар бұқаларды. Сондай-ақ, 5 жаңа трактор, 2 «МАЗ», 1 «КамАЗ» тіркемесімен алдық. Шөпті орайтын құрылғы, жем тартатын тоқ диірмен де өзімізден, – дейді ақсақал.

Бастапқыда 2860 гектар жер телімімен істі бастаған қожалықтың бүгін 5400 гектар жері бар. Жердің жарты бөлігі жайылым болса, жартысы – шабындық. «Сержан» қожалығының қазіргі басшысы Сержанның айтуынша, олардың малынан артық қалдық қалмайды екен. Шөппен бірге шабылған қараған-тобылғыны мал жемеген соң басқа шаруалар сияқты босқа тастамайды. Арнайы ұнтақтайтын құрылғы арқылы тобылғы мен шөптің сабанын ұсатып, кешкісін өрістен келген малға кебекке араластырып береді. Көктей шабылған қараған-тобылғының тартылған жем күйі берілген түрі – ақбас сиырдың нағыз іздеп жүріп жер жерік асы.

– Ақбас сиырлардың бір ерекшелігі – шөп талғамайды. Бергеніңе семіреді. Қысқа өте төзімді. Салмақты басқа тұқымдарға қарағанда анағұрлым көп басады. Сүттілігі қазақы жай сиырдан артық емес бірақ. Айта кететін бір кемшілігі және бар. Олардың қарнын аштырмау – шарт. Күздің аяққы кезі аяз түсісімен қолға қаратамыз. Өйткені, салқынға ілігіп буындарын суық алса, қораға келіп қанша жем беріп күтсең де қайта етеюі екіталай. Сол себептен ертерек қолға ұстаймыз. Біздің жерге және өзімізге осы ақбас сиыр өте тиімді. Неге десеңіз, қазір ет алушылар салмақпен алады келілеп. Ақбастың ерекшелігі де осында. Жәрмеңкелерге апарған бір жарым жасар тайыншалар 230-250 келі салмаққа дейін басады, – деп атап өтті шаруашылық басшысы Сержан Жақыпбеков.

Шаруашылық аудандық, қалалық жәрмеңкелерге бір барғанда 200-300 келі ірімшік, май, 50-60 литр қаймақ апаратынын естіп, тіпті, таңқалмасқа болмады. Өнімнің бір шеті сонау Нұр-Сұлтан, Қарағандыға дейін жеткен. Өткен өнімдердің қаржысы шаруа қожалығында еңбек етіп жүрген екі отбасының айлығы мен киіміне, қала берді трактор, жүк көлігінің жанар-жағар майы мен сайманына жарайтын көрінеді. Атадан қалған істі дөңгелетіп әкеткен еңбекқор ұлдың жұмысы мұнымен тоқтамақ емес. Темірден түйін түйген ісмер жігіт бос уақытының болмайтынын мақтанышпен айтады. «Жазғытұрым қой құрттап, мал суарып, бие сауып қол тиіңкіремейді. Қазір шөп шабылып, қолдың босаған кезі. Өзіме ұнайтын ісімді қолға алып жатырмын» деп қыста жүруге арналған доңғалағы үлкен «Нива» автокөлігін меңзей берді. Түрлі бөлшектерден жол талғамайтын көлік құрайтын машығы бар. «Аты-тоны бар кісіде, Әзіретәлінің күші бар»,– деп бекер айтпаса керек. «Сержан» шаруа қожалығының қазіргі қауқары қауым асырардай-ақ.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button