Теміртау

Дінді түсіндіру – дінге шақыру емес

Әсілі, кез келген діннің түпкі мақсаты адамды ізгілік пен мейірімге шақыру ғой. Ертеректе жұрт дін ұстаған адамды үлгі етіп, соңына еретін. Ал, қазір үрке қарайтын күйге түсті. Өз мүддесін ойлаған топтар адамның сенімімен ойнап, тура жолды іздеген жандарды қараңғы түнекке қарай бастауда. Бұл экстремизм мен терроризм құбылыстарының көбеюіне жол ашты. Елімізде жаһанға жайылған діни экстремизмге қарсы күрес қарқынды жүргізілуде. Бұл істен теміртаулықтар да қалыс қалған жоқ. Қазіргі таңда Теміртау қаласында адасқандарды тура жолға шақыру жұмыстары қалай жүріп жатыр? Саралап көрсек…

Құрыш қаладағы діни ахуал

Дәл осы сауалдың жауабын білмекке «Теміртау қаласының конфессияаралық қатынастардың мәселелерін зерттеу және сараптау орталығы» КММ директоры Ержан Хамитовты сөзге тартқан едік. Айтуынша, бүгінде Теміртау қаласында ресми тіркелген 17 діни бірлестік жұмыс істеуде. Олардың ішінде мұсылмандық – 3, православтық – 2, католиктік – 1, протестанттық шіркеулер – 11. Бұлар – дәстүрлі дін бағытын ұстанатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына бағынатын ұйымдар. Сонымен қатар, қалада жат ағымның жетегінде кеткен жандар да бар екен. Орталық мамандары мұндай азаматтарды ұдайы бақылауда ұстап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Соның нәтижесінде, өз қателігін ұғынып, тура жолға түскен жандар да кездеседі.

  • Біз қаладағы ресми тіркеуден өткен және тіркелмеген барлық діни ұйымдарға мониторинг жасап, қанша адам жиналатыны, қандай уағыз айтылатыны туралы ақпарат алдық. Сонымен қатар, дәстүрлі емес бағытты ұстанатын жандарды анықтап, олармен жеке жұмыс істеудеміз. Өйткені, біреулер діни сауатсыздықтан тура жолдан тайқып кетіп жатса, келесілері қасында жүрген достарының айтқанына ілесіп, арам пиғылдылардың арбауына түсіп қалып жатады. Саналары жат ағыммен уланған жандарды тура жолға салу қиын, әрине. Бірақ, атқарылып жатқан жұмыстардың оң нәтижесі бар, – дейді Ержан Болатұлы.

Оның айтуынша, Теміртау қаласында діни ахуал тұрақты деуге толық негіз бар. Экстремистік топтардың әрекеті, жат ағымда жүрген жандардың мемлекетке деген теріс пиғылы байқалмайды.

Адаспау үшін не істеу керек?

Жат ағымның жетегінде кеткен жандардың өмірбаянына үңіліп көрдіңіз бе? Араларында жоғары білім алып, жақсы қызмет істегендер, өмірде айтарлықтай жетістікке жеткен жандардың барын көргенде еріксіз таң қаласыз. Көзі ашық, көкірегі ояу жандар қалайша тура жолдан тайқып, былыққа батып жүр? Мәселенің мәнісі адамның рухани жан-дүниесінде жатыр екен. Яғни, адам күйзеліске түсіп, өмірдің мәнін іздейтін сәттер болады. Материалдық құндылықтардан жалығып, Құдайға апарар жолға жетуді көксейді. Дінге мойын бұрады, ақпарат іздейді. Дәл, осы кезде діни сауаты жоқ жандар жат ағым иелерінің сөзіне ұйып, ізіне еріп кетеді екен. Ержан Хамитовтің айтуынша, Құдайды іздеген жан мешітке барып, діни білімді имамдардан алғаны абзал. Әрі интернеттегі ашық дереккөздер мен уағыздарға да сене беруге болмайды. Өйткені, деструктивті ағым өкілдері өз қатарын толықтыру мақсатында құрбандықтарын ғаламтордан іздейді, торына түсіреді. Сондықтан да, дінге қатысты ақпаратты ҚМДБ тарапынан мақұлданған әдебиеттен ғана алып, мешіт имамдарының уағызына ғана мойын бұру керек. Әрине, кейде ресми мақұлданған әдебиеттердің өзінде күмәнді ойлар көрініс беруі мүмкін. Көңілге күдік ұялататын сәттер болса, бірден теологтардың көмегіне сүйенген жөн.

Қандай жұмыстар атқарылуда?

Дін – қылдай нәзік дүние. Оны талдау мен талқылау – көлденең көк аттының емес, кәсіби біліктілігі жоғары ұстаздар мен теолог мамандардың құзіретінде. Әйтсе де, осы күні діни ілімі болмаса да, ойдан-қырдан естіп-білген ақпаратымен-ақ діни пәтуа шығара салатын жандар көбейді. Бұл – адасуға бастайтын қадам. Жат пиғылды жандар өз қатарын толықтыру үшін көбіне жастарды жағалайтыны тағы бар. Өмірде көрген-білгені аз, діни сауаты төмен жандар қармаққа оңай ілінеді ғой. Сондықтан да, Теміртау қаласының конфессияаралық қатынастардың мәселелерін зерттеу және сараптау орталығының мамандары студент жастардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

  • Оқу жылы басталған соң қаладағы жоғары оқу орындарында студенттермен, жас мамандармен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Дінді түсіндіру – дінді насихаттау емес. Біз – зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан да, жастарға дін ұстанбаңдар немесе нақты бір дінді ғана ұстаныңдар деп айтуға құқығымыз жоқ. Біздің міндетіміз жастарға деструктивті ағымдар туралы ақпарат ұсыну және қандай кітаптарды оқуға болмайтынын, уағызшылардан кімдерді тыңдауға болмайтынын айту, – дейді Ержан Хамитов.

Дінді түсіндіру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жолға қою мақсатында оқу орындарымен және қаладағы діни ұйымдармен тығыз байланыс орнатылған. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына теологтармен қатар имамдар да тартылған.

Кадр мәселесі – өзекті

Дін мәселесінің тым күрделеніп кетуінің бір себебі – кадр тапшылығы. Жетпіс жылдан астам уақыт атеистік көзқарастағы қоғамда өмір сүрдік. Дінді жасы үлкен ата-әжелеріміз ғана ұстанды. Жас буын олардың әрекетін ескіліктің сарқыншағы деп бағалап, дінге мойын бұра қойған жоқ. Әрі компартия дінсіз қоғамды насихаттаған еді. Ал, тәуелсіздік алған соң азаматтардың діни сеніміне еркіндік берілді. Елімізде мешіттер, шіркеулер көптеп ашылды. Жастар жағы да иманға бет бұрып, дінге мойын бұрды. Елімізге сантүрлі ағымдардың еніп кеткені де осы тұс. Білікті де білімді теологтардың жетіспеуі діни ағымдарды зерттеп, ақ пен қараны ажыратуға мүмкіндік бермеді. Бүгінде осыдан опық жеп отырмыз. Әрі кадр тапшылығы әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Ержан Болатұлының айтуынша, Теміртау қаласында да теологтар жетіспейді екен.

  • Бізге исламтанушылар, теологтар жетіспейді. Қазіргі таңда бізде штатта екі теологтың орны бос тұр. Егер, осы мамандықтар бойынша жоғары оқу орнын бітірген мамандар келсе есігіміз ашық. Біздің жұмыс – мемлекет келешегі үшін маңызды. Дін мемлекеттен бөлек болғанымен қоғамның ажырамас бөлшегі ғой. Әрі мемлекет дінге араласпағанымен, діннің мемлекет ісіне араласып кетіп жатқан жағдайлары бар. Егер қоғамда діни алауыздық туындаса, ол елдің экономикалық дамуын тежеп, әлеуметтік араздықтардың өршуіне алып келеді. Сондықтан да, азаматтардың адаспай, тура жолда жүруін қамтамасыз ету – басты міндет, – дейді Ержан Болатұлы.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button