АймақЖаңалықтар

Өңірде егіс көлемі ұлғайды

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, аймақта көктемгі дала жұмыстары қарқын алды. Егістік көлемі ұлғайып, дәнді және майлы дақылдарға басымдық беріліп отыр. Биыл өңірде 1 миллион 230 мың гектарға дәнді және майлы дақыл егіледі. Қазірдің өзінде 400 мың гектарға жуық алқапқа тұқым себілген. Сонымен қатар, картоп пен көкөніс егу жұмыстары да қатар жүргізілуде. Диқандар тұқыммен, техникамен және жеңілдетілген дизель отынымен толық қамтамасыз етілген.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

«Шахтёрское» шаруа қожалығында егіс науқаны бірер күнде аяқталады. Биыл алқаптарды әртараптандыруға басымдық беріліп, майлы дақылдардың үлесі артты. Шаруашылықта алғаш рет күнбағыс егілді. Жалпы, 32 мың гектардан астам жерге дәнді дақыл, 6500 гектарға жуық алқапқа майлы дақылдар егілген. Зығыр мен күнбағыстан бөлек, суармалы жерлерде рапс өсіріледі.

Шаруашылық директоры Георгий Прокоптың айтуынша, егіс алқабының 70 пайызына бидай егілген. Сонымен қатар, сояның бес сұрпы, бұршақтың екі түрі егілуде. Биыл алғаш рет суармалы жерге үш түрлі жүгері егілген, ал, болашақта климатқа бейім түрлері таңдалмақ.

Суармалы егіншілікті дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр. Картоп алқаптары кеңейіп, биыл 750 гектарға картоп егілді. Бұл былтырғыдан 250 гектарға артық. Осыған байланысты өнім сақтау қоймалары да кеңейтіліп жатыр. Қазір шаруашылықта жалпы сыйымдылығы 20 мың тонна болатын екі көкөніс қоймасы бар, тағы 15 мың тонналық қойма салынып жатыр. Сонымен қатар, төртінші көкөніс қоймасының құрылысы жоспарланған. Жобаның құны 4 миллиард 330 миллион теңге.

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпановтың айтуынша, науқанға 229 егіс кешені, 19 мыңға жуық трактор, 4 мыңнан астам тұқым сепкіш және қосымша 9 мыңға тарта техника тартылған. Шаруалар тұқыммен және жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз етілген. Жанар-жағармайды әділ бөлу үшін түрлі-түсті таңбалау мен электронды есепке алу жүйесі енгізілген.

Мамандардың пікірінше, биылғы егіс науқаны өңір экономикасына оң әсер етеді. Майлы дақылдар мен суармалы алқаптардың көбеюі ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Егіс көлемінің артуы мен жаңа технологиялардың енгізілуі шаруалардың өнімділігін арттырады. Мамандар науқанды белгіленген мерзімде аяқтап, мол өнім алуға үмітті.

Зере ӨМІРҒАЛИ
Е. Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button