Саранда жаңа жедел жәрдем станциясы ашылды
Қарағанды облысында шұғыл медициналық көмектің инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы өңірде жедел жәрдем қызметіне 113 заманауи санитарлық көлік сатып алынса, биыл жаңа әлеуметтік нысандар іске қосылып жатыр. Осы бағыттағы жұмыстар аясында Саран қаласында жаңа модульдік жедел жәрдем қосалқы станциясы ашылды. Ол Саран қаласы мен оған жақын елді мекендерді қоса алғанда шамамен 47 мың тұрғынға қызмет көрсетеді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев халық денсаулығын қорғау мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Саран қаласының қарқынды дамуы әлеуметтік инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңартуды талап етеді.

Жаңа станция заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда жедел жәрдем бригадалары мен диспетчерлік қызмет үшін барлық қажетті жағдай жасалған.

Қызметкерлерге арналған демалыс бөлмелері, жұмыс кабинеттері, жылы еден жүйесі және техникалық жабдықтар қарастырылған.

Станция меңгерушісі Раиса Бизяеваның айтуынша, бұл – жедел жәрдем қызметкерлері үшін көптен күткен маңызды нысан. Енді бригадалар шақыртуларға жедел жетіп, заманауи әрі жайлы ғимаратта жұмыс істей алады.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



