МедицинаБас тақырып

Қарағандыда сібір жарасына қарсы арнайы оқу-жаттығу өтті

Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданында сібір жарасына күдіктенген жағдайдағы іс-қимылдарға арналған арнайы оқу-жаттығу өтті. Медицина қызметкерлері мен жедел қызмет өкілдерінің қауіпті инфекция анықталған кездегі әрекет ету алгоритмі пысықталып, науқасты оқшаулау және эпидемияға қарсы шараларды ұйымдастырудағы тәжірибелік дайындығы тексерілді.

Суреттерді түсірген авторлар

Іс-шараны Қазыбек би ауданының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы ұйымдастырып отыр.

Оқу-жаттығуға «Қалалық алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығы» ЖШС-нің медицина қызметкерлері, Қарағанды облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығы филиалының мамандары, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.

– Іс-шараның мақсаты – аса қауіпті инфекцияларға қарсы әрекет ету, дайындықты арттыру, медицина қызметкерлерінің теориялық және  практика дағдыларын жетілдіру. Оқу-жаттығу барысында күдікті науқасты анықтау, шұғыл хабарлама беру, науқасты оқшалау, жеке қорғаныш құралдарын пайдалану арқылы мамандар медициналық ұйымдардың дайындық деңгейін бақылап, инфекция таралуының алдын алу бойынша практикалық жұмыстарды  жетілдірді, – деді Қарағанды қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының  бас маманы Әсет Омар.

Жаттығу барысында қатысушылар эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдай кезіндегі бірлескен іс-қимыл алгоритмін пысықтады. Атап айтқанда, шартты науқасты уақтылы анықтау, алғашқы эпидемияға қарсы шараларды ұйымдастыру, науқасты жедел оқшаулау және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша практикалық дағдылар жетілдірілді.

Сонымен қатар, мамандар 2022–2026 жылдарға арналған аудан аумағын карантиндік және аса қауіпті инфекциялардың әкелінуі мен таралуынан санитариялық қорғау жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарының орындалуын тәжірибе жүзінде тексерді.

Мамандардың айтуынша, оқу-жаттығудың өзектілігі эпидемиологиялық мониторинг нәтижелерімен расталады. Атап айтқанда, 2025 жылы Қарағанды қаласында Жамбыл облысынан әкелінген сібір жарасының бір жағдайы тіркелген.

– Бұл оқу-жаттығулар мамандардың тәжірибелік дағдыларын жетілдіру, халық арасында сібір жарасының алдын алу шараларын тиімді жүргізу және мұндай іс-шаралардың маңызын түсіндіру үшін өткізіліп отыр. 2025 жылы өңірімізде сібір жарасының бір жағдайы тіркелді. Сол кезде барлық қажетті санитариялық-эпидемиологиялық шаралар толық жүргізіліп, жағдай сәтті бақылауға алынды, – деді Қазыбек би ауданы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Салтанат Тулакпаева.

Сібір жарасы – аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ауру көбіне терілік түрде кездеседі, ал сирек жағдайларда өкпелік немесе ішектік формада өтіп, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Инфекцияның негізгі көзі – ауыл шаруашылығы жануарлары: ірі қара мал, жылқы, қой және шошқа.

Адам инфекцияны көбіне ауру малды күту, мәжбүрлі сою, терісін өңдеу кезінде немесе жұқтырылған ет пен сүт өнімдерін тұтыну арқылы жұқтырады.

Қоздырғыш терідегі микрожарақаттар арқылы еніп, 2–3 күн ішінде қызыл дақ пайда болады. Кейін ол карбункулға айналады. Көбіне бет, мойын және қол секілді ашық дене бөліктері зақымданады. Ауру дене қызуының 39–40°C-қа дейін көтерілуімен, әлсіздікпен, бас ауруымен, тәбеттің төмендеуімен, жүрек айнуымен және құсумен қатар жүреді.

Сәнерке ХАСЕНОВА,
Жанерке ХАСЕНОВА
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ студенттері

Басқа материалдар

Back to top button