Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына – 110 жыл

Дариға, сол қыз

Әр өлеңін сүйсініп оқитын, әр ән-күйін түйсініп тыңдайтын бар қазақтың ең бір сүйікті ұлттық ақыны – Қасым. Мұхтар ӘУЕЗОВ тауып айтқандай күйлі, мұңды бұлбұл Қасым «қазақ поэзиясына барынша шынымен, анық жан тебірентер, оттай ыстық өксігімен келген-ді. Тек қана шыны мен сырын, бала өнерінің қанаты етіп әдебиетімізге әкелген еді. Тамылжыған тәтті күймен келді. Ақындықтың болайын деп тұрған бал бөпесі. Осы күнге шейін сол өлеңдерін оқысаң, көзіңе жас оралғандай боп балқытады. Шыншыл демі жаныңды жалындай шарпиды».

Осы бір оттай ыстық өксігімен келген Қасым бұлқына тасып, күндей күркіреп өткен соғыстан күй қанатты «Дариға, сол қыз!» әнін шырқап келді.

– Дариға, о дариға, шіркін дәурен, айтшы маған! «Дариға, сол қыз» әні Қасым кеудесіне қайдан, қашан қонған? Мүмкін, еркін Ертістің ерке тентек ұлына Семей шаһарында қонды ма? Әлде, жарқылдап, Шаған, Жайықта достарымен сайран салғанда жолықты ма? Дариға-ай, «Үш шошақ», «Қызыл көшен», «Қара кемерде» жалбыр тон жетім болып жүргенінде сен оны таптың ба? Архивтегі деректерді ақтарып отырғанда, ойға қалдым, неге біз Қасымның ата-анасының бауырында өткен алты жасқа дейінгі алтын балалық шақ, бал-бөбек өмірінен «Дариға, сол қыз» әніне қатысты бірде-бір дерек таба алмаймыз ба деп? Архивтегі күндердіміз кітапханадағы күндермен жалғасып жатты. Құдай қолдап, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегін, мен ақылың екі жақтап» деп Абай айтқандай Алматыдағы Ұлттық кітапханада алдымен «Білім және еңбек» журналының 1967 жылғы №6 санынан Аяпберген ертегішіні таптым. Аяпбергеніміз, кәдімгі, Қарқаралының қазағы. Ертеде, оқыған-тоқыған, сауатты, хат таныған қара таяқтарды қазақ «Қарқаралы қазағы» деп атапты. Сол бір Қарқаралы қазағынан қалған XX– ғасырдың басындағы заманда қазіргі интернеттегі «Телеграмм, Фейсбуг» іспеттес қызмет атқарған мыңдаған жыршылар, ертегішілер, күйшілер той – думанға толы сайын даланы аралап ойын-сауық құрып жүрген. Әрине, олар Қасымның әкесі Рахымжанның ауылын да айналып өтпейді. Қасым да олар туралы «Балалық шақтан бір елес» өлеңінде жазып кеткен ғой: «Қарадоқ, Күйген бекет, Талдың бойы, Кең жайлау ата-баба өткен тойы, тудай боп желбірген аспанында, Аманжол ұрпағының абыройы». Кең жайлауда қазақ ауылдарының көші бір-бірімен сыбай, көрші қонған соң той-думанда әні де, жыры да, ертегішісі де бір жерден табыла кетпей ме. Қасымның ұшқан ұясы Темірші болысы десек, оған жақын, сыбайлас қонған Тоқырауын, Берікқара, Кент болыстарының ауылдары бір шаңырақтың астында өскен қазақ баласы. «Қойы бірге қоралас, бидайы бірге – ұралас» қазақтың дәні мен әні мен қоса, ертегісі де бір болуы заңдылық. Ертегі – көненің көзі, әдеби жанр. Ақын Илияс Жансүгіров жырлаған: «Естісең ертегіні ескі сөзден». Ескі сөз – есті сөз. Қиял мен қисын. Заңгер Абайдың сөз қолданысына сай «Ескі сөз» дегеніміз жол мен қол, заң мен құқықтық тәртіп, жөн-жоба, салт-дәстүр. Ғалым А.Байтұрсынов айтқан: «Халықтың ұмытылған сөздері ертегіден табылмақ. Ертегі – халықтың ескіден қалған жұрнақтарының қордасы», – деп. Біз де, Қасымның «Дариға, сол қыз» әнінің шығу тегін, әдеби тарихын ертегі арқылы тауып отырмыз. Жаңағы «Білім және еңбек» бойынша Қасымның «Дариға, сол қыз» әнінің көркем төркіні іспеттес «Дариға қыз» хиссасын Тоқырауын бойындағы «Былқылдақта» Г.Потанинге айтып берген Аяпберген ертегіші. Әлихан Бөкейханов «Қазақ» газетіне Потанин жайында хабарландыру береді: «Осы келер жаз Потанин Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын өзені бойына бармақ ойда. Июнь басында Қоянды жәрмеңкесінде болмақ. Тоқырауында жаздай жатып, қазақты аралап көрмекші. Қазақтьң ертегі, жұмбақ, мақал, игі жақсыларыньң сөзін жимақшы». Потанинге жолбасшы болып, Тоқырауынға алып келген Том қаласының технологиялық институтының студенті Әлімхан Ермеков, біз сілтеме жасаған «Білім және еңбек» журналына Аяпберген ертегіші туралы дерек берген. Ал, Потаниннің 1913 жылы 13 шілдеде жазған хатында өзінің Тоқырауында өткізген күндері жайында толымды, жан-жақты ақпарат беріпті. Потаниннің жазбасына сай, оның жазғы Тоқырауын – Былқылдақтағы мекеніне осы жақтың беделі адамдары сәлем бере келген. Соның бірі Смахан Бөкейханов, Әлихан Бөкейхановтың туыс, ағайыны. Потаниннің 1913 жылғы қонағы Смахан Бөкейхановты 1920 жылдың қаңтарында Семей қаласының абақтысына большевиктер қамап тастағанда, Семей губерниялық революциялық комитетінің мүшесі Жақсылық Төленов Сібір ревкомынан оны заңсыз қамаудан босатуды талап еткен. Смаханның 1920 жылы түрмеге қамалуы, 1913 жылы Потанинді қарсы алуы заңды іс еді. Өйткені, ол – Бөкейханов қой. Смахан Потанинді өзінің Тоқырауынынан 100 шақырымдай оңтүстіктегі ауылына қонаққа алып кетуге уәде беріпті. Әлиханның Қасымхан деген туысы Потанинмен бір киіз үйде жатыптұрған. Потанинге ертегіші Аяпбергеннен бөлек ескі сөздің білгірі, ақын Нарманбет те Балқаштан арнай келіп жеткен. Тоқырауынға Ә.Ермековтің Былқылдақтағы қонағы Г.Потанинді біздің Жақып Ақбаев өз ауылына шақырады. Үйткені, Ж.Ақбаевқа Семейдің «Қос қарлығашы» атанған ерлі-зайыпты Нұрғали мен Нәзипа Құлжановалар келген еді. Құлжановтар ұйымдастырған әдеби-музыкалық кештеріндегі әртүрлі гимназияларда оқитын қазақ балаларының өнеріне тәнті болған Г.Потанин «XX-шы ғасырдың кереметі» деп таңқалыпты. Таң қалдыруға негіз бар еді, ол – қазақтың әлім сақтан дамып, түрленіп, өсіп-өніп келе жатқан әні мен өлеңі. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» дейді қазақ. Қасым ақынның 1943 жылы «Қазақтың әні мен өлеңін, Найзадай көтеріп келемін. Шығыстың аласа аспанын, Түндіктей түріп бір тастадым» деуінде қазақ ұлтындағы ең бір мықты мінез, Абай атап өткен – намысқорлық! XX-ғасырдың 40-шы жылдары Мағжаннан кейінгі қазақ поэзиясының террор мен топастықтың салдарынан тоқырау мен тозу трагедиясына ұшырауға аз-ақ қалғанда, «Бас қосылса арысқа, кім шабады намысқа?» деген сәт туғанда Қасым шықты сахнаға Махаббат гимні – «Дариға, сол қыз» әнімен.

Г.Потанинге 1913 жылы Аяпберген ертегіші айтып берген «Дариға қыз» хиссасының, жиһангердің жазуы бойынша «Девица Дарига» бұрындары Зайсан жақта жазылып алған әдеби мұра, бұл ертегі-жыр кітаби дүние дейді.

Г.Потанин 1914 жылы Қарқаралыға жаққа барған сапарының есебінде «Дариға қыз» жырын орыс тілінде «Девица Дарига» деп беріпті. Орыс тіліндегі аударма, әрине, қазақ жырының нәрі мен әрін, дәні мен мәнін, бар сән-салтанатын бере алмағаны анық. Потаниндік «Девица Дарига» сюжетіне ұқсас келетін қазақтың «Иранғайып Шаһ Ғаббас» атты хиқаясы бар. Екеуіндегі сюжеттік ұқсастық, баланың әкесін іздеп шығуы. Біз үшін Иранғайып хикаясының құндылығы оның Қасымның «Дариға, сол қыз» әніне тікелей қатысы барлығы. Аталған қисса Қазанда 1907 жылы Шамсуддин Хусаинов мұрагерлері Университет баспасында шыққан. Қисса-кітаптың қолжазбасын автор Қазандағы мырза Жүсіпұғлы Абдырахманға жолдапты. Баспадан шыққан бетте бұл кітап қазақ жұртына танымал болып тарай бастайды, ертегіші Аяпбергендей жүздеген жыршы «Дариға, сол қызды» елге жария еткен. Қиссадан бір-екі үзінді келтіре кетелік. Иранғайыптың түсінен бір үзік: «Отырған қасымдағы қызды көрдім, Дариға, қызды көріп көңілдендім». Жігіттің түсінде кірген қыз оған өңінде кезігіп бетіне жігіттің «Дариға» деп жалт қараған. Патшаның Иранғайыпты тануы: «Аһ, дариға, білмедім, перзентім деп, Зар жылап баласының басын құшты». Қиссаның авторының ата-тегін бірден ашып айтпай отырғанымыздың да өзіндік реті бар. Кітаптың авторы өзін «Қарқаралы қазағы асыл затым» деп таныстыра келе, әкесінің аты-жөні Өндір хәлфе қажы, өз есімі Мұхамедғали екенін жазған. «Иранғайып Шаһ Ғаббас» хикаясында көрсетілген Өндір хәлфе қажымыз М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбайды Меккеге бастап барған Өндірбай қажы, сүйегі Қаракесек, Ақша, Бошан, Байбөрі, Жүгіней тегі. 1913 ж. Қазанда Әбдірахман Жүсіпұлы өз қаржысына «Өндірбай қажы» деген кітап жазып шығарыпты. Кітап Семейдегі Абайдың әдеби-мемориальдық музейінде сақтаулы, Өндірбай Орынбор, Уфа медреселерінде оқыған. Оқуын бітірген соң 1870 ж. туған жері Абыралыға келіп, Мәремік тауының баурайынан медресе ашып, сол аймақтың балаларын оқытқан. Абайдың әкесі Құнанбай да Қарқаралыдан кітап алдырып оқып отырған. Қарқаралы – Құнанбайдың кітапханасы. Соныменен, өздеріңіз байқағандай кезінде Қарқаралы – Семей деп аталатын алып аймақта оқымысты, мәдениетті, өнерлі, бай-қуатты ел-жұрт өніп-өскен. Міне, осы бір қазақтың әдеби – рухани ортасында Аманжол – Рахымжанның Қасымының балалық шағы өтіпті. Қасымының жазуға жоспарлаған «Қарқаралы қазағы» романы мен «Дариға, сол қыз» өлеңінің төркін – тарихы, тағдыр – тамыры тым тереңде. Біз, оқымысты оқырманмен Қарқаралыға қатысы бар тағы бір дерекпен бөліссек деп отырмыз. Бір сәт, ойланып көрелікші, не себептен бүкіл Алаштың азаматтары тарихи қиын-қыстау кезеңде ылғида Қарқаралыда бастары қосылған? Өйткені, Қарқаралы 1824 жылдан көп бұрын, ертедегі Еңсегей бойлы Есім ханның тұсында қазақ елінің қамал – қорғаны еді. Ә.Бөкейхановтың бауыры Смахан Семейдің түрмесіне қамалғанда араша түскен губерниялық ревкомның мүшесі, халық ақыны Жақсылық Төленовтің Есім ханның әскерінің бір батыры Олжашының Қарқаралы басына арнайы 30-дан аса ісмер-шеберлерді ала келіп тау – орманның мықты ағаштарынан жауынгерлердің бес қаруына, ер-тұрман, әскердің көш-қонына қажетті барлық жабдықтарды дайындаған. Ж.Төленов «Қарқаралы суреті» деген өлеңінде былай деп жазады: «Ақ қайың, аспан зәулім қиын шатта, Не түрлі асыл ағаш одан басқа. Ырғай – сапқа, шырғайы – қорамсаққа. Мұндай тауды бола ма, мақтамасқа?!» Әрине, қазақтың Отан қорғау ісіне өз үлесін қосып, қамал-қорған, пана бола білген Қарқаралы тауын мақтаймыз, мақтанмыз. Ж.Төленовтің Қарқаралы тау-орманына байланысты келтірген ақпараты қаншалықты деректі жағынан дәлелді десек 1947-1949 жылдары Семейде Қазақстан Жазушылар одағының өкілі болған Қайым Мұхамедхановтың сөзіне жүгінейік. Қайым Алматыға халық ақыны Ж.Төленовке келесідей мінездеме беріпті: «Халық ақыны Ж.Төленов әдебиетімізге пайдалы ақын. Жақсылық хат танитын, сауатты, шығармасын өз қолымен қағазға түсіре алатын шамасы бар, екі үлкен поэмасы бар адам. Сонымен қатар, күнделікті өмірге араласып, үзбей өлең жазып жүрген жан, уақиғалы дастандар жазуға халі келетін ақын». Қ.Мұхамедхановтың бағалауына зер салсақ Ж.Төленов халық ақыны һәм жазба ақыны. 1919-1921 жылдары М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Ә.Ермековтер Ж.Төленовпен Семейде билікте бірге болған. Шыңғыстауда Жақсылық сот қызметі кезінде Шәкәрім, Көкбайлармен сұхбат құрған жан, қазақтың әр сөзін орнымен қолдана білген шебер. Жақсылық куәлік етеді: «Шәкәрімді көздеп атты» деп. Көздеп ату, яғни «қасақана, құқыққа қарсы басқаға қаза келтіру үшін ату». Шәкәрімге көзделген оқ Кремльде құйылған еді, мылтықтың шүріппесін басқан сорлы – орындаушы ғана. Міне, «Қарқаралы қазағы» деген философиялық ұғым Құнанбай, Абай, Шәкәрім, Жақсылық, Қасым атты тағдырлардан тұрады. Ал, «Дариға қыз» дастаны бізді сонау IX-X ғасырлардағы оқиғаларға алып кететін болған соң, оған кейін бір оралармыз. «Дариға, сол қыз» көне ағылшынның ой-санасымен де байланысы бар. Ағылшындардың арғы аталары тағдыр, жазмышты «становление» (өсіп-өну, болу) деген мағынадағы етістіктен туындаған «Wyrd», «Вюрд», «Вурд», «Вурт», «Урд» сөзімен атап, тағдырды қаһарлы, күшті, тіпті, құдайлардың өзі қорқатын әйел бейнесінде суреттегенін айта кетелік. Әзірше, біз Қасым Аманжоловтың балалық шағында тәлім-тәрбие алған әдеби-рухани ортасы туралы айтылуға тиісті деректермен сөзімізді аяқталық.

Марат АЗБАНБАЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button