Тұлға

ДАРА ТҰЛҒА ЕДІ

     Кезінде дәуірі жүріп, дүйім жұртты аузына қаратқан Дәуітәлі ақынмен біз бір мектепте білім алдық. Ол менен бір класс жоғары оқыды. Ақтоғайдағы М.Горький атындағы №1 орта мектептің тоғызыншы класында оқып жүрген кезім болатын. Қазан айының іші еді, бір күні аудандық «Арқа еңбеккері» газетінде менің «Кітабым» деген өлеңім жарық көрген. Бүкіл кластың және мені танитын басқа да кластардың оқушылары, сабақ беретін кейбір мұғалімдер: «Сен ақын екенсің ғой» деп құттықтап жатыр. Мен әжептәуір марқайып қалдым. Бізге астанамыз Алматының оқу орнын бітірген жас жігіттер – Елубай Адамбаев тарих пәнінен, Төкен (Төлеуқадыр) Тыныбеков неміс тілі пәнінен сабақ беріп жүрді. Бұл екі мұғалім тіпті ерекше риза болды. Сол жылдары класымыздағы Балтабек Әбеуовтің әңгімелері мен мақалалары аудандық газетке жиі шығатын. Бір әңгімесі облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде де басылды. Енді өлең, әңгіме жазатын оқушының класта екеу болғандығын олар баса айтты.

Содан көп ұзамай Елубай мұғалім мен Төкен мұғалім мектепте жас әдебиетшілер үйірмесін ашатындықтарын айтып, Балтабек екеумізді және әдебиетші болуға талпынған басқа да балаларды сол үйірмеге жазылуға шақырды. Сөйтіп, үйірме өз жұмысын бастап кетті. Үйірменің старостасы өлеңдері аудандық газеттерге бұрыннан шығып жүретін, он бірінші сыныпта оқитын Тілеген Айтжанов болды. Мүшелері оныншы сыныпта оқитын Дәуітәлі Стамбеков, Сәдуақас Мұқанбеков (кейін Торғаев болып жазылды), Төкен Оразбеков, тоғызыншы сыныпта оқитын Балтабек Әбеуов, Базыл Аманжолов, Торғай Бейсекова, мен және басқа да оқушылар еді. Біз үшін үйірменің жұмысы өте қызықты болды. Онда жаңадан жазылған өлеңдеріміз оқылып, ол талданып, жақсы-жаман жақтары айтылатын. Егер кемшілігі болса, оны түзету жолдары қарастырылатын.

Сондай бір жолы Дәуітәлінің «Қысқы кеш» деген өлеңі талқыланды. Өлең өте жақсы жазылыпты. Бораннан кейінгі табиғаттың қысқы кештегі көрінісі сәтті бейнеленген. Тек өлеңнің бір жолында «сілікінген» деген сөз қолданыпты. Егер бұл сөзді «сілкінген» деп жазатын болса, қара өлеңнің бір буыны жетпей қалады екен. Өлеңді талқылай келе ол сөзді «дүр сілкінген» деп жазу ұсынылды. Бұл тіркес бәрімізге ұнады, кейін газетте де осылай жарық көрді.

Дәуітәлі мектепте оқып жүрген кездерінің өзінде өлеңге ерекше құмар болды. Сонысына қарай шығарған өлеңдері де мөлдіреп тұратын. Оның өлеңдерінде жеңіл юмор, кейбір сәтте жап-жақсы философия болатын. Кейіннен осы қасиеттерін ол тереңдете, шыңдай түсті. Қандай тақырыпқа жазбасын оның көркемдігіне, ұйқасына, мазмұнына, тәрбиелік мәніне ерекше көңіл бөлетін.

Көп оқитын, жасынан зерделі болатын. Әлем әдебиетінің, орыс әдебиетінің классиктерін сол кездің өзінде жақсы білетін. Оныншы сыныпта оқып жүргенде мектепте болатын әр түрлі әдеби кештерге үзбей қатысып, сол кештерде сұрақ-жауаптарға, викториналық сұрақтарға дұрыс жауап беріп, жүлделерге ие болатыны есімде.

Домбыраны жақсы тартатын, әжептәуір әншілігі де бар еді. Суретті тамаша салатын. Бірге оқитын қыздардың суретін айнытпай салып беретін. Әсіресе, өзі ұнататын А. деген қыздың суретін әр қырынан салып, мақтана көрсетуші еді.

Сабақтан бос уақыттарында спортпен, оның ішінде бокспен шұғылданды. Оның спорттың бұл түрін қалауына ағасы Әбдіқадырдың әсері болғандығы сөзсіз. Өйткені, ол кісі талай жарыстарда қарсыласын бет қаратпайтын былғары қолғап иегері болып еді. Дәуітәлі де сол ағасы сияқты оң қолының ыңғайына дөп келіп қалғанды қалпақтай ұшыратын, соққысы жойқын болды.

Алматыға барып, жоғары оқу орнына түсіп, тұрақтап қалды. Үй болды. Әдеби орта, жақын достар тапты. Қосағы біздің облыстың Нұра ауданында туып-өскен Фарида өте жақсы жар болып кездесті.

Бір жолы жарым Нұрғайын, қызым Ләззат үшеуіміз «Просвещенец» демалыс үйіне кәсіподақтың жолдамасымен барып, демалып жатқанбыз. Қалаға қыдыруға таудан төмен түсіп, кешке қайтардағы бір сәтте амандық білмек мақсатпен Дәуітәлінің үйіне телефон-автоматтан хабарласып едік:

– Қазір үйге келіңдер, – деп бұйырды амандық-саулық жоқ. – Дүйсекең келейін деп отыр. Сол кісімен бірге боласыңдар…

Осыны айтты да телефонның құлағын қоя салды. Дәукең айтса – бітті. Оны сөзсіз орындау керек. Еріксіз «Қазақфильм» ықшам ауданындағы үйіне келдік. Қонағы келіпті. Бұл «Дүйсекең» деп отырғаны – қазақтың белгілі ақыны Дүйсенбек Қанатбаев екен. Шынында да бұрын сырттай білетін Дүйекеңмен жақсылап таныстық. Ақкөңіл, аңқылдаған азаматтың талай тамаша әңгімелері мен жаңадан жазған өлеңдерін тыңдап, бір жасап қалдық.

Айтпақшы, Дәуітәлі үй-жайдың қиындығын көп көрді. «Жетім бұрышты» жағалап жүріп, сол кездегі астананың талай жерінен пәтер жалдап тұрды. Ақыры табандылығының арқасында «Қазақфильм» ықшам ауданынан үш бөлмелі тамаша пәтер алды. Алматыға барғанда күтіп алып, үйіне алып келетін, қаланы аралатып көрсететін. Сонау Медеуге дейін барып, сан рет қыдырған едік. Сол кездерде бір байқағаным – Дәуітәлінің үйі қонақтан босамайтын. Әсіресе, жоғары оқу орнына түсуге келгендер талай күн ошарылып жатып алатын еді. Кейде орын болмай қалғандықтан, ас болмеге дейін жататын кездер болатын. Ондай сәттерде досымның да, оның жарының да қабағында кірбің байқалмай, келгендерді күтіп алып, шығарып салып жүреді.

Бір жолы көшеде келе жатқанымызда бір жігітті тоқтатып алып, сөйлесіп тұрды. Мен ақырындап алыстап кеткен едім. Сәлден соң артыма қарасам, сол қолымен әлгінің жағасынан бүріп ұстап алған, оң қолының сұқ саусағын шошайтып алып, әлденені айтып: «Олай істеуге болмайды», – деп қояды. «Әңгімелері» бітіп, келе жатқан жолда «Әлгі кім?» деп сұраймын ғой, сонда ол: «Бұл бәлен деген белгілі ақын ғой. Жуырда бір рецензиясы жарық көріпті. Бәлен деген жас ақынға өлгенше шүйлігіпті. Ол болашағынан үміт күттіретін ақын. Ол туралы бұлай жазуға болмайтындығын түсіндірдім», – деген еді.

Дәуітәлінің осындай қызба сәттері көп болатын. Ол әділетсіздікке төзе алмайтын, бірбеткей еді. Айтайын деген сөзін бүгежектемей тіке айтатын. Достыққа адал, арамдыққа жаны қас еді. Бірақ, ешқашан да өзін көрсетіп, өзеуреген жан емес. Таланты жетпей жатқан жандарды да кемсіткен жоқ. «Кімнің ақын, кімнің ақын еместігін өмірдің өзі екшейді» дейтін байыппен ғана.

Өмірін өлеңмен тығыз байланыстырған ақын бір жақсы өлең жазғанда балаша қуанатын. Онысын бізге оқып, өзі мәз болатын. Біржанға арнап поэма жазып жатқандығын айтып, қуанып жүрді. Оның жекелеген үзінділерін оқып беретін, кейде Біржанның әніне салып сол поэмадағы:

«Теміртас, Асыл, Ақық – қарақтарым,

Білмедім кеш батқанын,

таң атқанын,

Үш жылда жалғыз жүріп,

жалқы бастан,

Өткіздім жан ақпанын,

жан аптабын», – деген жолдарды және басқа шумақтарды өзінің майдақоңыр дауысына салып, домбырамен қосылып шырқайтын.

Кезінде өз тұрғыластарынан оза шығып, Халықаралық «Алаш» сыйлығын иемденген, жұртшылықтың сүйікті ақыны болған жерлесім әрі досым Дәуітәлі Стамбеков бүгінгі күні арамызда жоқ. Егер тірі болғанда бүгінгі таңда оның 70 жасқа толған туған күнін тойлап жатушы едік. Қазір оның қайталанбас дара, өзіне ғана тән өрнегі, үзіліп тұрған үні бар жыр жинақтары ғана қолымызда. Дәуітәліні сағынған шақта сол жыр жинақтарын қолыма аламын. Оның есімі ешқашан ұмытылмайды. Қазір Ақтоғай ауданында өзінің туған жеріндегі мектеп Дәуітәлінің атымен аталады. Сол ғана дәтке қуат.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button