Дала әуенін әуелеткен сазгер
Саналы ғұмырын сазгерлікке арнаған, осылайша «Қазақ саз өнерінің сайыпқыраны» атанған Нұрғиса Тілендиевтің өнер жолы дүйім жұртқа аян.
Оның шығармашылығы қазақ кино индустриясының демеуші шегіндей. Неге десеңіз, қай қазақ киносын алсаңыз да саундтрегі немесе эпизодтардағы әуендері Нұрғиса Атабайұлының туындысы.
Бүгінде «Ата толғауы», «Әлқисса», «Махамбет» күйлерін игермей күйші күй тартпайды. Құстар әнін білмеген әншіні әнші деу қиын секілді. Осы бір дала дабылын қаққан тұлғаның атын жыл сайын қазақ концерт залдары жаңғыртып-ақ жатыр. Атын асқақтатып рухын аялаудан кенде емеспіз. Соның бірі «Шалқыма» концерт залында өткен Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған «Өз елім» концерті.
– Қазіргі есі кеткен эстрада жанры көптің есін алды. Әсіресе, жас жеткіншектер шетелдің түрлі әуендерін жаттап, оны түсініп түбегейлі зерттеуге бейімделіп, қазақ әуендері олардың қасында қалыс қалып бара жатқан секілді. Нағыз қазақ музыкасының аталары осы Нұрғиса, Шәмші сынды тұлғалар ғой қашанда. Бұл жыл жаңарып, ғасыр алмасса да мызғымайтын дәстүр болып қалмақ. Жалпы Нұрғиса Атабайұлының шығармашылығы кез келген қазақ баласына таңсық емес. Тек оны бойлап ұғып, санаға сіңіре білу керек. Біз сол кісінің шәкірті болған соң көзін көріп, сырласқан соң жанымызға жақынырақ тұтамыз. Бірақ ұлттың ұлықтығы батыры мен ақынының ортақтығында емес пе, – деді Тәттімбет халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Ерлан Бақтыгерей.
Расында, қазақ маңдайына айбоз болып біткен бірегей тұлғаның бүгінгі мұрасы баршамызға ортақ. Жалпы, Нұрғиса Тілендиевтің дирижерлігі де, күйшілігі де, композиторлығы да жалпақ жұртқа белгілі. Бозбала кезінде қолына қару ұстап қан майданға аттанып, әскер сапында ерлік көрсеткені де ұрпаққа үлгі. Ол Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге барарда өзіне екі жас қостырып алған. Осылайша ел мен жерге деген махаббат сұрапыл соғыста жауға қарсы да тайсалтпады.
Қараорман қазақтың қайғысы мен қуанышын құстың қос қанатындай қатар әнге қосқан Нұрғиса Атабайұлының әндері патриоттық рухқа, лирикалық сағынышқа толы. Ал өнер қайраткерінің дүниеге келу тарихы, өмір сүрген кезеңі, шығармашылық жолы сияқты құндылықтар да көптің қызығушылығын тудыратыны сөзсіз.
– Ол туралы көзкөрген кісінің әңгімесін естісеңіз қисая кетіп аяғына дейін жаттай тыңдауға құштармыз-ақ. Міне, кеш барысында даңқты өнер иесінің өмірі мен шығармашылығын арқау еткен деректі фильм көрсетіліп, көрерменге көрнекті тұлға жайында кең мәлімет берілді. Концертінде ең танымал туындылары орындалып, жан рахатына бөлендік. Алған әсерден әлі арыла алмай отырмыз, – дейді концертке сонау Ұлытау облысынан келген Арай Бақтыкелдіқызы.
Залға жиналған қауымға ұсынылған шығармалар ішіндегі көптің есінде қалған «Ата толғауы», «Көш керуен», «Ақ шағала», «Қилы кезең», «Өз елім», «Аңсау», «Сағындым ғой», «Сарыжайлау» «Махамбет», «Құстар әні» туындылары. Мысалы, Тәттімбет халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Сержан Мұсайын орындаған «Сағындым ғой» әні тыңдарман жадын жаңартқандай. Кешегі қазақ ән өнерінің берені Мейірхан Адамбеков орындаған туынды қайта жаңғырып ескіні еске салды. Әнші мен тыңдарман арасындағы алтын көпір деген осы болар бәлкім…
Жан АМАНТАЙ,
Оrtalyq.kz