Руханият

Дәуренбек ӘРКЕНОВ: «Ән салсам жан сарайым ашылады»

Арқа ән мектебінің белді өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов 9 сәуір күні «Шалқыма» концерт залында «Ән өлкесі – Сарыарқа» атты жеке шығармашылық кешін өткізбек. Тек Арқа өңірін ғана емес, қазақтың кең даласын әнімен әлдилеп келе жатқан талантты әншімен кеш алдында жолығып, дәстүрлі әннің өрісі жайында сұхбаттасқан едік.

– Төлеген Айбергенов «Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның» дейді. Ал, әнші боп өмір кешудің салмағы қандай?

– Адам нағыз талант болса, әнді шын сүйсе, әншілік қанында болса, білімін жан-жақты шыңдаса әнші болу қиынға соқпайды. Сондықтан маңдайыма әнші болуды жазған Алла Тағалаға шексіз ризамын. Дәстүрлі ән айту, халық әндерін жаңғырту еш қиын емес, керісінше ән айтқаннан шығармашылық ләззат аламын. Ән салсам жан сарайым ашылады.

– Дәстүрлі ән деп атау дұрыс емес, ол қазақ халқының классикалық әні, солай айтылуы керек деген пікірлер бар. Оған қалай қарайсыз?

– Дәстүрлі ән деген «Традиционное пение» деген сөзден шығып, қалыптасып кеткен ғой. Филармонияда ежелден «Традиционное пение» деген бөлім жұмыс істейді. Бұл пікірдің төркіні – ұлтқа тән музыкалық қуаттың ауқымын тарылтып тұр, Ақан сері, Біржан сал, т.б. композиторлардың әндері классикалық әндермен тең деген ойдан туса керек. Қазақ халқында бұрын опера болмаған. Десе де, классикалық ән дегенде ойға бірден операмен айтылатын ән келеді. Дәстүрлі ән десе ұлттық киім, таным-түсініктен бөлек қазақ халқына тән музыкалық бояу менмұндалайды. Демек, дәстүрлі ән дегенге құлақ әбден үйренді, аракідік халық әндері деп те аталады. Өзіңізге белгілі, дәстүрлі әнде бірнеше мектеп бар ғой, кейінгі жылдары бесінші мектеп ресми атала бастады. Шығыс мектебіне Тарбағатай, Әсет, Абай әндері кіреді. Ел құлағы үйренген ұғымнан бөлек, қазақтың классикалық әні деп атап кету қиынға соғады деп ойлаймын. Бірақ біздің Ақан сері, Біржан сал, тағы басқа халық композиторларының әндері Италияның операларынан диапазон қуаты жағынан артық болмаса, кем түспейді.

– Бір сөзіңізде Кенен Әзірбаевтың, Манарбек Ержановтың, басқа да халық композиторларының тамаша әндері Кеңес өкіметінің идеологиясына сай сөзге жазылған соң, танылмай қалды деген едіңіз. Ол әндерді сақтаудың, ұрпаққа жеткізудің қандай тәсілі бар деп ойлайсыз?

– Енді ол кезеңде әндердің көбі шахтерлерге, жұмысшыларға, еңбеккерлерге, партияға арналып, сол кездегі идеология талабына сай жазылғаны рас. Әні ғажап, бірақ сөзі бүгінге сай емес. Кеше ғана Ұлытау облысының Жәйрем кентінде Манарбек Ержанов атындағы «Сайра бұлбұл» атты тұңғыш республикалық конкурс өтті. Көптеген талантты балаларды көріп шексіз риза боп келдік. Сол байқауда Манарбек Ержановтың Кеңес өкіметі тұсында жазылған әндері сөзінің бірді-екілі тұсы сәл өзгертіліп айтылды. Бірақ ондай әндерді түбегейлі басқа сөзбен алмастыру орынсыз. Өйткені ол – тарихтың бір беті.

– Әнге обал емес пе?

– Әнге обал болатыны рас. Десек те, сол күйінде тарих боп қалады. Ондай әндерді халыққа жеткізудің бір жолы, меніңше осындай конкурстар. Осындай атаулы конкурстарда тарихта қалған әндер жарыққа шығып, халыққа жетеді. Мысалы, Манекеңнің «Жұмысшылар» деген әнінде «Жалтақ, жалқау, жексұрын оларға орын бермейміз, социалдық жарыста» деген сөздер бар. Залда отырғандардың ішіндегі Кеңес дәуірін білетін жандар күліп жатты, әрине. Бүгінгі ұрпақ қабылдай қояр ма, ол жағы беймәлім…

– Қазақ классикалық әндерінің әрқайсысының туу тарихы бар десек артық айтпаймыз. Десе де, қазір концерттерде әннің тарихын айту әдебі қалып барады. Репертуарыңыздағы әндердің тарихы жайында ойлағанда қазақ дүниетанымының қандай ерекшелігін танисыз?

– Дәстүрлі әнде біздің тіліміздің мәйегі, атбегілік дәстүрі, таным-түсінігі, дүниетанымы айқын аңғарылып тұр. Ақанның әндерін алсақ «Қыран құс», «Құлагер», «Көк жендет», «Қараторғай» барлығында дерлік қазақтың өмір сүру салты жатыр. Сонысымен ерекше, сонысымен құнды. Төрт түлік малды танып, табиғаттың, тау-тастың қыр-сырын біліп өскен балаларға халық әндерін үйрену, оның иірімдеріне бойлау қиынға соқпайды. Ал төрт түлікті көрмеген, тау-тасты кезбеген қала балалары дәстүрлі әндегі сөздің кілтін, әннің образын аша алмай қалады. Сол себепті ауылдың керегесін кеңейтіп, дамыту керек. Қазақ ауылдан жырақтаған сайын қазақтығынан алыстайды.

– Балқаштағы «Сарыарқа» ұлттықфольклорлық ансамблінде концертмейстер, көркемдік жетекші болған екенсіз. Қазір де жиі ел аралайсыз. Аудандардағы мәдениет ошақтарының жай-күйін қалай бағалайсыз?

– Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестікте 2006 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатырмын. Алғаш «Арай» ансамбліне қабылданып, кейін ансамбльдің көркемдік жетекшісі болдым, бүгінгі таңда дәстүрлі әншілердің көркемдік жетекшісімін. Маған белгіленіп берілген концерттік жобалар бар. Жуырда сондай жобаның бірі «Ән-керуен» аясында концерттік номерге жергілікті сазгерлердің әндерін қосып, Ақтоғайға концерт қойып келдік. Жанды дауыста өткен концертті ауыл халқы керемет қабылдады. Біз ол жаққа қобыз, үш ішекті домбыра, сазсырнай апардық. Бала күнімізде Мәдениет Ешекеев, Манарбек Ержанов аталарымыз Алматыдан шығып ауыл-ауылды аралаған ғой. Ал, қазір Алматыдан келген әртістердің бәрі қолына флешка ұстап келеді. Жанды дауыста айтылмаған әнге халық тұшынбайды. Мәселен, Жәйремдегі конкурста зал толы болды, халық екі күн тапжылмай қазылармен бірге өнерпаздарды тыңдап отырды. Өйткені, дәстүрлі ән біздің қанымызда бар, адам да өсімдік секілді өзінің түп-тамырынан қуат алады.

Қазір, Аллаға шүкір, бұрынғыдай шаң басып қалған Мәдениет үйлері жоқ. Барлық жерде аспаптар мен жабдықтар жаңартылған, қызметкерлерге де жағдай жасалып жатыр.

– Біздің газетке руханият жанашыры Нұрлан Дулатбековтің мақаласы шығып, автор Тәттімбет колледжіне академиялық мәртебе, концерттік бірлестікке жаңа ғимарат берілсе деген ұсыныстарын айтты. Арқа ән өнерінің белді өкілі ретінде бұл ұсынысқа қалай қарайсыз?

– Ол кісінің ойын Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестікте жұмыс істеп келе жатқан бізге дейінгі үлкендер де, бізден кейінгі жастар да, қатарлас әріптестер де толық құптайды. Бәріміздің армандап отырғанымыз – жаңа ғимарат. Концерттік бірлестікте үш оркестр, көптеген шағын ұжым, бірнеше бишілер тобы бар. Оның барлығы бір жерде отыратындай үлкен бір мәдениет ошағы болса деп армандап келе жатқанымызға талай жылдың жүзі болды…

– Арқаға ғана емес бүкіл Қазақстанға танымал домбыра жасаушы шебер Аман Сәдуақасов та біздің басылымға жарияланған мақалада Қарағанды өңірінде домбыра жасайтын цех ашу керек деген мәселе көтерді…

– Бұл жақта домбыраны кәсіби түрде жасайтын тек Аман аға ғана. Мұндағы ансамбльдерге аспаптарды Алматыдан алдыратынымыз рас. Менің домбырамды да Аман аға жасаған. Ол кісіге 1995 жылдан бері домбыра жасатып келе жатырмын. Аман ағаның сөзінің жаны бар.

– Шәкірт тәрбиелейсіз, өзіңіз де ұстаздан тәлім алдыңыз. Дәстүрлі әндегі ұрпақ сабақтастығы қалай жүріп жатыр?

– Қазір Құдайға шүкір, дәстүрлі ән қанатын кеңге жайды. Баяғыдай емес, қазір барлық өнер мектептерінен домбыра мен дәстүрлі ән сыныбы ашылды, ауыл-ауылда да бар. Қарағандының барлық аймағында дерлік дәстүрлі ән сыныбы ашылды. Оған Құрманғазы атындағы консерваторияны, Астанадағы «Шабыт» университетін бітіріп, дәріс беруге келіп жатқан мамандар да бар. Жуырда ғана Саран қаласына дәстүрлі ән бойынша балалар арасында өткен байқауға қазылық еттік, 90 бала қатысты. Таяуда Кеншілер мәдениет сарайы Ақан серінің 180 жылдығына балалар мен ересектер арасында конкурс ұйымдастырып жатыр. Сондай байқауларға жиі барамыз. Ең аз дегенде 30-40 баладан қатысады. Ата-аналар да қазір сергек, балаларын ұлттық аспаптарға, дәстүрлі әнге береді. Жеке хабарласып, «Балам сізден сабақ алса?», дейтін ата-аналар көп. Келіп дайындалатындар бар. Бұйырған уақытты балаларға арнап, білгенімді үйретуге тырысамын.

– Болашағынан үміт күтетін шәкірттеріңізден кімдерді атар едіңіз?

– Талапты, талантты шәкірттерім баршылық. Мысалы, кеше ғана Манарбек Ержанов атындағы «Сайра бұлбұл» атты байқауда бірінші орын алған Нұрболат Ұзақбаев – төл шәкіртім. Биыл Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын Амангелді Күзембайдың сыныбынан бітіреді. Ол осы жақта Тәттімбет атындағы колледжде оқып жүргенде де республикалық конкурстардан жүлделер алып жүрген.

– Бұл концертіңізде тек өз әндеріңіз орындалады екен. Жеке шығармашылық кеш етіп өткізудегі себеп қандай?

– Туған жерге, ауылға, ата-анаға, балалық шаққа, бозбала кезге деген сағыныштан туған әндердің саны 10-нан асып қалған екен. Сол әндердің барлығы бірінші рет қатар орындалғалы отыр. Өнердегі әріптестерім бір-бір әннен орындайды, дайындық жаман емес, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі, Тәттімбет атындағы Өнер колледжінде ұстаздық ететін Азат Әбдіғалым, Шыңғыс Сәрсенбай есімді бауырларымыз қатысады. Сонымен қатар, өзіміздің Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілері де өнер көрсетеді.

– Әннің сөзін қалай таңдайсыз? Ерекше талғаммен қарайсыз ба?

– Жалпы композитор болайын, сөзге арнап ән жазайын деп ойлаған емеспін. Өнер адамының түрлі жағдайдан алған әсері, туған ойы музыка арқылы сыртқа шығады. Балқашта 11 жыл тұрдым, жастық шағым, отау құрған кезім сол шағын қалада өтті. Білім алдым, дос таптым, өнерге біржола бет бұрдым. Ал, Балқаштан Қарағандыға көшіп келгеннен кейін Балқаштағы кездерімді сағындым. Бұл жақта шыны керек алғаш мені ешкім құшақ жая қарсы алған жоқ қой. Кеудемді сағыныш кернейді, туған жерге деген аңсар ерекше. Бір күні үйдегі кітаптарды оқып отырып, Жанболат Башар ағамыздың кітабын аша қалсам, «Балқашым – байтағым» деген өлең ұшыраса кетті.

«Шалқиды төсің айдынды
Толқындар тулар айбынды
Сағынып жүрем қашанда
Төсіңде жүрген ай-күнді», – деген жыр жолдары маған сұмдық әсер етті. Сағыныш шоғын үрлегендей ыңылдап ән жаза бастадым. Ол дағдыға айналып, газет-журналдардағы, кітаптардағы өлеңдерді жиі оқитын болдым, өлең сөзі әсер етсе ән жазылатын болды. Қойлыбай Асан ағамыздың

«Сарылып сары белден ән салайын,
Ән салсам ашылардай жан сарайым.
Бозторғай бебеу қаққан бозбеткейге
Бозала таңда тұрып қарсы алайын», – деген өлең жолдарынан ауылда бозала таңда тұрып қойды өрістеткеніміз, әкеміздің сол кездегі тіршілігі көз алдыма келді. Одан кейін анама, әкеме, өнердегі ұстазымыз Мейірхан Адамбеков ағамызға арнап ән шығардым. Әр әннің осындай туу себептері бар.

– Сұхбат бергеніңізге рақмет. Шығармашылық кешіңіз сәтті өтсін!

Әңгімелескен Назым ДҮТБАЙ, 

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button