Дүние рас шолақ екен
Дүйсеке, менің аға-досым едің,
Енді сен де жоқпысың, есіл ерім.
…80-інші жылдары сеңді бұзып,
Айтыста айшықталған есім едің.
Ол кезде ашылмаған арал едік,
Алматы бардым алғаш саған еріп.
Рамазанмен үшеуміз қосылғанда,
Қарсыластар ала алмас қамал едік.
Біріміз-бірімізді құрметтедік,
Көңілдің терезесін кірлетпедік.
“Ел намысы-дедік те-ер намысы”,
Сан додада біз бірге жүрмеп пе едік?!
…Шеңбердегі бірі едім шерлінің мен,
Жайсыз xабар естідім желді күннен.
Анда-санда қалаға барғанымда,
Ойымды бөлісемін енді кіммен?
Қондырып кеудеге өлең көк кептерін,
Өткелінен өнердің өтпеп пе едің?
Жыл болған жоқ, қайғыма ортақтасып,
“Бекем бол бауырым”, деп кетпеп пе едің.
Еске алу ол күндерді қиын енді,
Тойға ғана жатсақ қой жиып елді.
…Тереңнен тебіреніп сөйлеп сонда,
Дүйсеке, жылатпап па ең дүйім елді.
…Жеткен xабар тағы да қаралы екен,
Бір байлығың жолдас пен жора ма екен?
Былтырдан бері менің түсінгенім,
Дүйсеке, дүние рас шолақ екен…
Мұқаш СЕЙТҚАЗИНОВ
(Дәридәй).