Боқты көтерілісі: Қарақшылары кім, басмашылары кім?

Біздің төл тарихымызды жаза бастағанымызға отыз жылдың жүзі болыпты. Оның өзінде кәсіби тарих- шылар емес, тарих маңын төңіректегендер жазып жатыр. Бұл топқа өлкетанушыларды, шежірешілерді, жазушыларды, жорналшыларды жатқызуға болар.

Бүгінгі күн тұрғысынан алғанда, еңсемізді тіктеген отыз жылымыз аз уақыт емес. Келген жерімізден алдыартымызға көз жүгіртсек, біраз шаруа тындырған сындымыз. Бажайлай түссек, түк бітірмеген болып шығамыз.

Себеп жеткілікті. Бұған дейін біздің тарихымызды басқа жұрт жазып келген. Өзіміздің жазғымыз бар. Бірақ, біздің тарих жазу машығымыз жоқ, бар болса, онымыздан ажырап қалғанбыз. Сонан да біздің төл тарихымызда сусаниншілдік белең алып тұр. Басқасын қойғанда, әлі күнге дейін Кенесары хан мен Оспан батырдың соғыстарына баға бере алмай келеміз.

Төл тарихымызды ашып қарасақ, жоңғарлардан басқа ешкіммен соғыспаппыз. Шын мәнінде, соғыстан көз ашпаған елдердің бірі біз емес пе едік? Кез келген қарулы қақтығыс катаклизмге бастайды. Сондай катаклизмдер қазақ даласында күні кешеге дейін толастамай келді. Оның ұзын санын да білмейміз. Мыңнан асыпты десе де селт етпейміз, мыңға тақау десе де мақаулығымыздан жазбаймыз.

Абыралы көтерілісі, Созақ көтерілісі десе естігенімізді білдіріп, басымызды көтереміз. Ал Тоқырауын көтерілісі, Шет көтерілісі, болмаса Боқты көтерілісі десе, солардың бірі шығар деп тон пішіп, сүлесоқтығымыздан таймаймыз.

Айтып отырған Боқты көтерілісіміз сонау жиырмасыншы жылдардың соңы мен отызыншы жылдардың басында өткен. Айнал- дырған сол үш жылда қазақ даласында төрт жүзге тақау көтеріліс болыпты. Бұл – ресми деректердің сілемі. Олай дейтініміз, сондай талай кө- теріліс, толқулар қағаз бетіне түспей қалған. Түссе, тұмшаланған. Шеке леріне «Мәңгі құпия» деген гриф қойылған. Сол гриф әлі алынбай келеді.

Жақында ғана сол көтерілістердің энциклопедиясы шықты. Академия- лық энциклопедия. Содан іздеген-дерімізді таба алмадық. Оны айтасыз, өзіміздің Тоқырауын (Ақтоғай) көтерілісі туралы бір ауыз сөз таппадық.

Осыдан кейін не айтуға болады?

Сөз қылып отырған Боқты көтерілісі туралы да тапқан дерегіміз шамалы. Ақпарат кеңістігін шарлап та тұщымды дүниеге жолықпадық. Бір қарағанда бар сияқты, бір қарасаңыз жоқ сияқты. Бар болатыны С.Нығметжановтың, Ю.Поповтың, Ж.Алпысбаеваның көңілге қонымды жазбалары бар. Қалғанының бәрі – жақсылы-жаманды көшірмелері.

Қайсысын ашып қарасақ та, шаруалар көтерілісі деген жазбаны көресіз. Сол-ақ екен көз алдыңызда қолдарына айыр, аша ұстаған жүдеу жандар тұра қалады. Мынау Ресей фильмдерінде сондай әйелі-еркегі аралас тобырлар жүруші еді. Соның елесі ме деп қаласыз.

Сонымен, Боқты көтерілісі дегеніміз не? Оның мәртебесі қандай болмақ? Шаруалар көтерілісі ме?

Ең алдымен, бұлар сай-саладан, қырдан-ойдан жиналған тобыр емес. Бір аймақтың, болмаса, өңірдің тұр- ғындары. Демек, бұлар бір-бірімен туыс жандар. Қан туыстығы – қандай көтерілістің болсын, ішкі қуатын арт- тыратын факторлардың бірі. Шаруалар көтерілісі дейін десек, көтеріліс басшыларының барлығы да сол кездегі сауатты, көзі ашық, ел тізгінін ұстаған бақуатты азаматтар. Оның үстіне шиті мылтық, бердеңке, винтовка, гранаталары болған. Өздеріне жоқ қаруды өзгелерден тартып алған. Демек, осы бас көтерулеріне алдын ала дайындалған. Көтерілісшілер сапына советтік қызыл аппаратта қызметте болған, кейін сенімсіздік көрсетіліп жұмыстарынан тайдырылған партократтар да тартылған. Түрлі себептермен қазақ даласына жер аударылған орыс қашқындары да осы топты тапқан. Олар көтерілісшілерді соғыс тактикасына дағдыландырған, қару соғуға қатысқан. Және айнымай аяғына дейін тұрған.

1931 жылғы 8 майда ашылған №02157 істің айыптау қорытындысында былай деп жазылған: «1931 жылы наурыздың ортасында мүлкінен айрылған ағайынды байлар Серіков Әбді, Әшкер, Мұқаш, Ыбырай және олардың балалары ауылда коллективтендіру тәрізді саяси шаруашылық науқанын жүргізу, тап ретінде байлар мен құлақтарды жою кезінде Қазақстанда Кеңес үкіметі құлайды деген өсек таратып, Қу және Қарқаралы аудандарының территориясында құрамында 500- 600 адамы бар контрреволюциялық банда ұйымдастырған. Олар біраз ауыл кеңестерін, колхоздарды, коммунистерді, қару-жарақты басып алып, Кеңес үкіметін құлатып, байлардың үкіметін құруды мақсат еткен».

Бұл көтеріліс басқа өңірлермен байланыс орнатып, жаушы ұстаған. Ол аз десек, көтерілісшілердің штабы болған. Көтерілісшілердің құрылтайы шақырылып, оның мақсаты, жоспары дәйектелген. Демек, бұл шаруалар көтерілісі емес.

Көтеріліс бір күнде бірнеше жерден бас көтерген. Оның құпиялығы сонша, советтік жаншу аппараты алғаш бетте дәрменсіздік танытқан. Көрші аудандардың чекистерінен кө- мек сұрауға мәжбүр болған.

Олай болса бұл көтеріліс – халықтық көтеріліс!

Қызыл кепеу, милиция өздерінің дәрменсіздігін бүркемелеу мақсатымен бұларға қарақшылар деп қара таңба басқан. Дұрысы, қызыл таңба!

Өйткені, оларды қалың бұқараға бөжекей етіп көрсетіп, банда деген!

Кісі өлтіруші, тонаушы, зорлықшы топ ретінде тергеусіз, сотсыз атып тастап отырған.

Көтерілісті басуға Семей губерниясының үш ауданының әскери отрядтары тартылған. В.Михайлов «Ұлы жұт жылнамасы» кітабында былай дейді: «В городе около 300 человек заключенных последние дни абсолютно ничего не получают и живут на передачах, если кому носят. В домзаке цинга, обострение туберкулеза, цинга в детдомах».

Бұл 1931-1932 жылдардағы Қарқаралыдағы жағдай. Өздері нан тауып жей алмай отырып, осыншама адамды қамақта ұстаулары қалай? Бұлар кісі өлтіруші, болмаса ұрықары емес, бұлар банда-бүлікшілер еді. Бүлікшілердің атылғандары атылып, аман қалғандары еді бұлар. Бұл үштіктің үкімі шыққанымен, жергілікті үкімет сол үкімдерін өздері орындай алмай жатқан түрі бо- латын.

Боқты көтерілісін зерттеу базасы жеткілікті. Қанша адам атылды, қаншасы итжеккенге айдалды? Бәрі белгілі. Қағаз бетіне түспеген белгісіз тұстары да жетерлік. Олай болса, кез келген дерекке жітілікпен қарау керек болады.

Осы жерде мынадай бір деректі айта кетейік.

Тоқсаныншы жылдардың аяғында белгілі жорналшы Серікбай Алпысов «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде «Қамбарлар көтерілісі» деген көлемді мақала жариялады. Соған орай, редакцияға хабарласушылар көп болды. Сол келушілердің бірі Боқты көтерілісін басуға айырплан- ның қатысқанын айтып еді. Мұндай әңгімені белгілі жазушы, өлкетанушы Кәмел Жүністегі ағамыз да айтады. Ағамыздың айтуы бойынша бұл әңгімені әкесі Ыбыш Жүнісов айтқан екен. Ал, Ыбыш әкеміз үлкен қызметтер атқарған адам. Ақтоғай, Шет аудандарының аудандық газеттерінде редактор болып қызмет істеген. Көптеген танымдық мәні бар жазбалар қалдырған.

Белгілі өлкетанушы Ю.Попов өзінің «Бахтинские страницы» зерттеуінде қарқаралылық чекист Никита Зиновьевич Червовпен кездесуінде былай деп жазады:

 «Был дан приказ: с бандитами вести переговоры, предлагать прекратить борьбу и сдаться местным властям. Как правило, уговоры не действовали. Все заканчивалось перестрелками. Помню, погиб в одной из них земляк Алексей Бедрин. Для доставки оружия выбрали площадку под самолёт. Прилетел У-2 и нагнал страх на противника, который действовал отчаянно и дерзко. Были попытки прорваться в город, на окраинах постреливали. Потом, собрав солидные силы, мы начали наступление на Бокты».

Айырпланның Қарқаралыға келген жылын дөп басып айта алмасақ та, жиырмасыншы жылдардың ортасында болғаны анық. Өйткені, айтып отырған Қарқаралыда айырплан жасаушы семейлік татар мен ақшатаулық қазақ жөніндегі деректер бар. Уақыты келгенде оны да жазатынымызға сенімдіміз.

Ең қызығы, сол айырпланды «Қараның қолмергендері атып түсірген көрінеді». Мұны да айтып отырған Кәмел ағамыз.

Мұндай деректің айналысқа түсуі мүмкін емес, әрине. Қайдағы бір «қараңғы қазақ» аспандағы айыр-планды атып түсірді деген сұмдық емес пе?!

Шам алып түсер болсақ, бұл деректің де ұшығына шығуға бо- лар деп ойлаймыз.

Боқты көтерілісіне қатысушыларды бандалар деп қоймай, басмашылар деп те қаралаған. Бұл деректің де өмір сүру құқы бар. Көтеріліс басылған соң жаншу операциясының қатыгездікпен өткені белгілі.

 Көтерілісшілердің әйелдерін жаяу-жалпылап Балқашқа айдаған. Солардың көбісі барар жеріне жетпеген. Көтерілісшілердің бір тобы чекистердің құрығынан сытылып кеткені белгілі. Бір тобы Ресейге бет түзесе, енді бір тобы Балқаш арқылы Ферғана жазығына шыққан. Басмашы деп жүргеніміз осылар.

Байқасақ, жиырмасыншы- отызыншы жылдардағы көтеріліс орталығының бірі Қарқаралы болғанын көреміз. Ел білетін Шұбартау, Абыралы, Боқты кө- терілістеріне Тоқырауын, Шет қырғынын қосыңыз. Сол кездегі Қарқаралы дуанының аумағы Еуропаның үш-төрт мемлекетін өзіне сыйдыра алатын. Мұнда үш жыл бойы халық толқуы үздіксіз жүрді. Қызыл әскермен соғысты. Бір-екі күн емес, апталап, айлап соғысты. Соғысқа пулеметті айтпағанның өзінде айырплан қатысқан… Жан алып, жан беріскен шайқастар жүрді. Сонда бұл толқуды не деуіміз керек?

Шаруалар көтерілісі ме?!

Сол көтерілістердің бәрі де жеңілді. Неге? Қызыл әскердің мықтылығынан ба?

Жоқ! Тағы да жоқ!

Жоқ! Бүлікшілер қылша мо- йындарын қылыш астына өздері төседі. Өйткені, оларға қарсы қызыл өкімет топтап айдап қазақтарды салды, ауылдастарын салды, руластарын салды, бала-шағасын салды…

Боқты көтерілісі кейбір тарихшыларымыз айтып жүргендей, тобырлардың көтерілісі емес, бұл – кәдімгідей барынша құпия ұйымдастырылып, басқасын айтпағанда, орыс-қазағы араласып, қолдарына қару алып, саяси талаптар қойған халық наразылығы, халық көтерілісі.

Сол бабалардың ерлігін тарих бетінде, ұрпақ есінде мәңгі есте қалдыру мақсатында «Боқты кө- терілісі» атты қоғамдық қор ашылып отыр. Қор жақын арада Боқты көтерілісі өткен жерге обелиск ор- натып, көтеріліске қатысты деректерді айналысқа кіргізу мақсатын қойған жайы бар. Маусымның 28-де аруақты бабаларына бағыштап ас бермекші.

Соған орай Боқты көтерілісіне қатысты деректер болса, мына нөмірлер бойынша хабарласуға болады:

Қордың тең төрағалары:

Аманжол Нұрбеков (87017732243),

Мұрат Талюкенов (87025110788).

Төрехан МАЙБАС,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.