«Бітімгерлік – қазақтың қанында бар қасиет»

 

«Қазақстан Республикасының Медиация туралы» Заңы 2011 жылдың қаңтар айында қабылданған болатын. Бірақ, бітімгершілікке шақыратын бұл құжаттың қоғамдағы қолданыс аясы әлі де толғандырады. Қарапайым халықты ғана емес, құқық қорғау органдарын да. Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары Әспенби ЖАРЫЛҒАСОВПЕН сұхбаттасқанда осыны аңғардық…

Әспенби ЖАРЫЛҒАСОВ,

Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары:

Әспенби Жолдас­ұлы, елдегі «Медиация туралы» Заңның қабылданғанына алты жылдың мұғдары болыпты. Сөз басында осыған қысқаша тоқталып өтсеңіз…

Ресми құжатты рәсімдеуде кейбір даулы мәселелерді оңтайлы шешудің баламалы тәжірибесі ескерілген.

«Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда, делдал, екі тарапты ортақ мәмілеге келтіруші үшінші тұлға деген мағынаға ие.

Жалпы, медиация дауға түскен тараптардың келісімі бойынша жүзеге асырылады.

Медиация арқылы біз нені шеше аламыз?

Медиация туралы Заң аясында қарастырылатын мәселелердің аясы кең. Мысалы, жеке немесе заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дау-дамайды осы санатқа жатқызуға болады. Сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істерді де Медиация туралы Заң арқылы қарастыру көзделген.

Бірақ, бұл Заң қоғамда әлі де кең қолданысқа ие бола қойған жоқ сыңайлы.

Себеп?

Бәлкім, халық Заңның мазмұнын толық түсінбеген болар. Жасыратыны жоқ, Заңның тілі – күрделі тіл. Сондықтан, алдағы уақытта халық арасында «Медиация туралы» Заңды кеңінен түсіндіру жұмыстарын қолға аламыз. Ол үшін арнайы жұмыс тобын құрдық. Қала, аудан, ауылдарды аралап, елмен кездесулер өткіземіз. Заңның негізгі тетіктері бойынша бұқарамен ой бөлісеміз.

Ашығын айту керек, бұл Заңның ұтымды тұстары басым.

Мысалы?

Қарапайым ғана мысал келтірейін. Шалғай ауылда біреудің күрегі, болмаса, айыры ұрланды делік. Осындайда «жәбір көрдім екен» деп, полицияға, өзге де құқық қорғау органдарына шағымданатын азаматтар бар. Әрісі – ауданға, облысқа шапқылайтындары да кездеседі. Сөйтіп, уақытын, қаражатын шығындайды. Жүйкесін жұқартады. Көрші-қолаңымен, іргедегі ағайынмен араздасуы да бек мүмкін.

Әрине, өзгенің ала жібін аттауға болмайды. Дегенмен, кейбір мәселелерді ішінара, ауызбіршілікпен шешу жолын қарастырған дұрыс-ақ.

Ауыл-ауылда көпті көрген, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз қаншама! Әлгі мысалдағыдай, ауыр емес қылмыс жасаған азаматты солар тезге салуына болады. Ақыл қосып, білместігі болса жөн сілтеп, ақ пен қараның жігін ажыратып береді. Бәлкім, қолды болған заттың құнын төлетер. Әйтеуір, істі насырға шаптырмаса болғаны. Себебі, бұл жерде тұтастай бір елді мекеннің шырқын бұзбау мәселесі де бар.

Негізінде, медиация, әсіресе, қазақ халқының менталитетіне жақын екендігін түсінуіміз қажет.

«Елдестірмек – елшіден» деген даналықты айтып отырсыз ғой?

Иә, тарихқа үңіліңіз. Кемеңгер халқымыздың жер дауы, жесір дауын оңды шешкені туралы жақсы білеміз. Бабаларымыздың бәтуәлі жолмен ердің құнын да кешкені тағы бар. Бұл – елді бітімгершілікке шақыратын институттың баламасыз нұсқасы. Бітімгерлік – қазақтың қанында бар қасиет.

Даудың шешімі табылса, тараптар мәмілеге келсе, біреуі – ұтылды, екіншісі – ұтты деп айта алмайсыз. Заңның да көксегені – осы.

Қазақта «Еліңнің ішін даудан сақта, сыртын жаудан сақта» деген қанатты сөз бар.

Көз алдымыздағы цифрлар кімді болсын, ойландыруы керек сияқты.

Мәселен, қаракөз бауырларымыздың да қылмыстық іске тартылу фактілері толғандырады.

Облыстағы ресми дерекке сүйенейік. Былтыр қылмыстық істері сотқа жолданған қандастарымыздың саны – 812 азамат. 312-сі – онша ауыр емес қылмыс жасағандар. 491-інің қылмысы – орташа қылмыстар санатында. Яғни, бұл қатарда абайсызда аяғын шалт басқандарының да бар болуы мүмкін ғой.

Жас ерекшелігін ескерсек, 87 азамат – 14 пен 21 жас аралығындағы қазақ жастары. Ал, 311 бауырласымыз небары 22-30 жасқа толғандар екен.

228 қазақ азаматы болса, 40 жасқа қадам басып үлгермегендер.

Міне, бітімгершілік осы арада қажет қой, сіздіңше?

Әрине, аңдамай басып, түкке татымайтын нәрседен кейбіреу опық жейді.

Әсіресе, жас буын үшін ерекше алаңдайтынымыз заңды.

Өрімдей жастың өмірі алда емес пе? Олардың темір торға тоғытылуы – тағдырының тамырына балта шабумен тең. Жазасын өтер, бірақ, өмір жолына өшпес сызат түседі.

Медиация туралы Заң қоғамда кеңінен қолданылса, біз мысал еткен көрсеткіштер азаяр еді.

Біздің білуімізше, медиацияны жүзеге асырушы медиаторлар екі топқа бөлінеді. Соның бірі – кәсіби емес медиаторлар. Оқырманға осының аражігін ажыратып берсеңіз. Кәсіби емес дегенге көпшілік күмәнмен қарамай ма?

Медиация туралы Заң әлемнің көптеген өркениетті елдерінде кең қолданысқа ие. Медиация мынадай қағидаттар негізінде жүргізіледі – еріктілік, медиация тараптарының тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы және медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік. Сондай-ақ, құпияның қатаң сақталуы.

Медиацияны жүзеге асырушылар – медиаторлар. Олар кәсіби және кәсіби емес медиаторлар болып екіге бөлінеді.

Кәсіби медиаторлар – медиация тақырыбы бойынша білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтаған мамандар. Ал, кәсіби емес медиаторлар – қоғамдық медиаторлар. Яғни, өмірлік тәжірибесі мол, абыройлы және мінсіз беделі бар азаматтардан құралған топ. Олар медиатор ретінде еңбекақы алмайды. Бұл қызметті өз еріктерімен, қоғамдық жұмыс ретінде атқарады. Кәсіби емес екен деп, азаматтардың олардан ат тонын ала қашуына негіз жоқ.

Әспенби Жолдасұлы, өзіңіз де айтып өттіңіз. Бітімгерліктің ұтымды тұстары басым. Осы орайда, бұқара кішігірім дау-дамайда кімге, неге жүгінуі тиіс дер едіңіз?

Дана халқымыз «Ауыл – ағасыз, тон жағасыз болмайды» дейді.

Бастысы, адамгершілік қасиеттен алшақтамаған абзал. Қай істің де байыбына ақылмен, сабырмен жету керек.

Әңгіме барысында сөз еткеніміздей, медиация үрдісінде жеңген, иә болмаса жеңілген тарап болмайды.

Халыққа айтарымыз, медиация мәселесі бойынша туындаған сұрақтар болса, жергілікті жердегі прокуратура органдарына жүгінуге болады.

Әңгімеңізге рахмет! Қоғам мүддесі жолындағы еңбектеріңізге жеміс тілейміз!

Сұхбаттасқан

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.