Батыр өмірінің белестері

Қаракесек шежіресіндегі Болатқожадан – Түйте, одан – Майқы, Майқыдан – Әлтеке, Сарым, Сарымнан – Өтеміс, Тоқсан өрбіген. Өтемістің алтыншы ұрпағы – Жайлы деген кісі екен. Жайлының туып-өскен мекені – Ақтоғай ауданындағы Жәмші өзенінің сағасы.

Жайлының алған әйелі Бөргөз руындағы сегіздің бірі – Дуалының Мөжік деген азаматының Қарақас дейтін қызы деседі. Сол Жайлыдан бес ұл: Әбдір, Әбдікеш, Нұрлыбек, Қарсыбек, Жақсыбек өрбиді. Аралары бір-бір жас үйелмелі-сүйелмелі бес баланың әкесі Жайлы қайтыс болып, жетімдердің күнкөрісі қиын халде қалады. Жайлының жетімдерге қарайласар емшектес, жанашыр туысы болмаған. Бұл жағдайды Мөжіктің Нілдібай деген нағашысы біліп отырған. Ол ауыр күнге душар болған Қарақас қарындасын 5 баласымен атамекені «Ханқашты» деген мекеніне көшіріп алып келеді.

Жиендері ер жете келе, әркімдерге қолбала болып кетеді. Ересек Әбдір мен Әбдікеш Нілдібайдың қолында қалады. Басын құрап, адам болып кетсін деп Әбдірге Жарас Айнабай дегеннің Бағым деген қызын әпереді.

Нілдібай мен Жарас, Аумаған қажы сол дәуірдегі сыйлы, абыройлы адамдар болған. Нілдібайдың Темір деген үлкен ұлына Аумаған қажының Қайша деген қызын алып берген. Нілдібай 1916 жылы қатты ауырып, фәниден бақиға өтетінін біліп, құдасы Аумаған қажыны шақырып, ақылдасады: «Менің мына Қарақас қарындасымнан қалған жиендерімнің үшеуі әркімдерге қолбала болып кетті. Енді мен олай-бұлай болып кетсем, Әбдір мен Әбдікештің күндері не болады? Бұлар менің Бөргөз туыстарымнан көресісін көрулері мүмкін. Қазір олар менен ғана именіп жүр. Ертең жонынан таспа тілуге пейілді. Әбдірге Айнабайдың қызын алып бергенімді білесіз. Одан қазір Сәрсен деген ұл бар. Ол да ертең ержетер» – десе керек.

Аумаған қажы біраз ойланып отырып: «Осы балалардың жағдайын елмен көршілес отырған 60 үйдің биі Шорманбай біледі екен. Бір кездесуде маған «Қолыма ұстап көмек беретін адам керек еді. Сіз Нілдібаймен ақылдасып, сол жиендерін әуелі Құдай, екінші маған сеніп, сұрап алып беріңіз» деген.

Нілдібай: «Бұл дұрыс сөз екен, Шорманбай кісілігі бар азамат қой. Елағасы солай десе, әзір менің көзім тірі тұрғанда мұны кешіктірмей іске асыр. Мен өмірден өткенсоң ағайын арасынан жік шығуы мүмкін» – деген.

Содан Аумаған қажы Шорманбаймен жедел байланысып, Әбдір мен Әбдікешті көшіріп алып кетеді.

Нілдібай 1916 жылы қайтыс болады. Шорманбай «Шоқпартас» деген күзегіне жайлаудан ертерек келіп, үйінің жанындағы шошаласының төбесін жауып, жөндеп, Әбдірге үй етіп береді. Қамқорлықты сезінген ағайынды Әбдір мен Әбдікеш Шорманбай бидің отбасымен араласып, туысындай болып кетеді. Әбдірдің үлкен ұлы Сәрсеннен кейін 1917 жылы Сәдірбек, 1919 жылы Нұркен дүниеге келіп, басқа да бала-шағасымен молшылыққа кенеледі. Парасатты би өз алдына үй болып отырсын деген оймен Әбдірдің інісі Әбдікешке өзінің немере туысы Нұрмағамбеттің Кәкіш деген қызын қосып, басына үй тігіп беріп, отау етіп шығарады.

Әбдір елгезек, қарымды, еңбекқор адам болады. Соның арқасында 17 рулы 60 үйдің адамдарының арасына «тастай батып, судай сіңіп» кетеді.

Кейінірек Әбдір екі үйдің он шақты жанымен Қарағандыға көшті. Қалаға барғанымен, қарық бола қоятындай жағдай жоқ еді. Бір шахтаның маңайынан жертөле қазып, төбесінен терезе шығарып, қыста паналап шығудың жағдайын ойластырып жатқан ел.

1928 жылы 28 қарашада Орталық Қазақстанда көмір қорын ашу жөнінде Үкімет құжаты қабылданды. Оны ұйымдастыру үшін Мәскеуден білікті маман К.Горбачевті Қарағандыға жіберді. Мақсатты жұмыс басталғаннан кейін, Донбастан, тағы да басқа жерлерден мамандар ағыла бастады. Техникалар жеткізіліп, бірнеше шахта ашылды. 1931 жылы 20 наурызда Қазақстан Орталық атқару комитеті кеңесінің қаулысымен Қарағанды «Жұмысшы поселкесі» мәртебесін иеленді. Сол жылы мұнда 5600 жұмыскер болса, 1935 жылы олардың саны 22321 адамға, жыл аяғына дейін 70 мыңға жетті. Сөйтіп, 1934 жылы Қарағандыға қала мәртебесі берілді. Алғашқыда Петропавл облысына қараған болатын. 1936 жылы Қарағанды облысы құрылып, құрамында бірнеше аудан болды. Осы жылы «Қарағанды-Бертіс» шойынжолы келіп жетті.

Бұл кезде жасөспірім Нұркен де бірсыпыра жағдайларға қанығып қалған болатын. Әкесі Әбдір мен ағасы Сәрсен шахтер кәсібіне машықтанды. Келген жылы салып алған жертөледе бірнеше отбасы тұрып жатты. Ол кезде азық-түлік пен өндіріс тауарлары дүкендеріндегі сатушылардың дені орыстар болатын. Нұркеннің шешесі Бағжан бәйбіше күніне 2-3 рет дүкенге барып, орысшаға тілі жетпей саусағымен көрсетіп, олардың атауын жаттап, екінші жолы орысша сұрайтын. Ауылда өсіп, өзге ұлт өкілдерімен араласы болмаса да, Бағжанға тілді үйрену қиынға түспеді. Екі-үш айда айтарлықтай меңгеріп қалды, әңгімелескенде ойын түсінікті жеткізетін болды.

Нұркеннің тетелес ағасы Сәдірбек те ер жетіп, еңбекке жарады. Нұркен – отбасындағы ең кішісі, «күлшелі бала – сүюге жақсы» дегендей өзін еркін ұстады. Елде аз да болса, арабша сауатын ашқан ол Жамбыл атындағы жеті жылдық мектепті 1935 жылы үздік бітіріп шыққаннан кейін 18-шахтаның кітапханасына қызметке орналасты. Сонда жүріп, 1937 жылы Мәскеудің кітапхана қызметкерлерін дайындайтын техникумын бітірді де, «Қазақ кітап саудасы» мекемесінің Қарағанды бөлімшесінде есепші болып қызмет істеді. Іле-шала заң орындары қызметке шақырып, 1938-1939 жылдары аудан, облыс прокурорларының хатшылығына ауысты. Кейін бас прокурор өзінің дербес хатшысы қызметіне тағайындады. Нұркен осы қызметте жүріп, 1939 жылы Қарағанды ұшқыштар клубындағы оқуды тәмамдады. Ұшқыш мамандығын алды. Оқу орнының директоры Григорий Якимов Нұркеннің ұшақты меңгеруге бейімділігі мен оқудағы алғырлығын жоры бағалады. Кейін ол туралы кітап жазды.

Болашақ батыр 1940 жылдың қаңтар айында әскер қатарына шақырылды.

«Шіркін, анасы әлденені сезді ме екен? Нұркенді кеудесіне басып тұрып, былай деп қош айтысып еді» – дейді Құдайберген Шорманбаевтың анасы Бөпе:

«Сүт суалтқан құлыным,

Жаман атың шыққан жоқ еді.

Сол жақсылығыңнан танба!

Ақ жүрек болып жолдасың.

Адалдық сені қолдасын!

Жақсылық үшін тірессең,

Жаның, арың қорғасын.

Арынды болсын шабысың,

Алымды болсын табысың.

Найзадай болсын намысың,

Қиындық көрсең мұқалма,

Ауырлық көрсең жұқарма!».

Нұркен әскерге алынғаннан кейін Орынбордағы ұшқыштар училищесіне жіберіледі. Училищені 1942 жылы тәмамдап, 267-ші әуе күштері дивизиясының 808-полкі сапында майданға аттанады. Содан 23 қазан 1942 жылы әке-шешесі мен туған-туыстарына жазған бір хаты келеді. Онда былай депті: «Мен жас жанымды жауға бере қоймаспын. Егер өлетін болсам да, жастығымды ала өлемін. Неге десеңдер, менде басқыншыларға қорғасыннан «сыбаға» беретін, жылдам ұшатын ұшақ бар. Маған партия мен Кеңес үкіметі ең алдыңғы қатарлы техниканы сеніп тапсырғаннан кейін оны жауларға қарсы пайдалана білуім керек. Апа (анасы Бағжан), Әді (әкесі Әбдір) сіздерге айтарым – мені уайымдамаңыздар. «Көппен көрген – ұлы той» деген емес пе? Егер де дұшпанның көзін құртпасақ, олар бізді өлтіреді, сіздерге бұрынғыдай бостандық болмайды».

Ол неміс басқыншыларына қарсы шайқаста ержүректілігімен көзге түседі. 16 рет әуе шайқасына қатысып, фашистердің 132 танкісін, 28 автокөлігін, оқ-дәрі тиеген 18 машинасын, жанармай құйылған цистернасын, 3 зеңбірегін және 50- ден астам солдаты мен офицерін жойды. 1942 жылы 19 желтоқсанда 17-ші жауынгерлік тапсырмамен Сталинград майданы шебіне енетін Быков, Пономаревка ауданындағы қорғаныс бекінісі мен шоғырланған жау танктерін жою үшін әуеге көтеріледі. Қарқаралының ақиық қыраны шүйіліп келіп, соққылап өткенде, жаудың екі бекінісі күл-талқан болады. 20-дан астам неміс офицері мен солдаты жер құшады. Неміс зеңбіректері де Нұркеннің ұшағын атқылай бастайды. Ол айналып келіп, қайта бір түйіліп, тағы жайпап өткенде жаудың 6 танкісін илеп кетті. Бірақ, қыран да жараланады, ұшағы жана бастайды. Бір жағынан оқ үстіне оқ жауса, екінші жағынан «Як» лап етіп от құшағында қалады. Ұшақ кабинасы да бір демде жалын құшағына енеді.

Дәл осы сәтте Нұркеннің ойын азаматқа лайық іс жасау сезімі билеп кеткені анық. Жанындағы атқыш серігі Сашаға (Александр Комиссаров): «Секір! Елге сәлем айт!» – деуге мұршасы келді. Саша: «Жоқ, не көрсек те, бірге көреміз» – деді. Нұркен: «Ақтық күшім – халқым үшін!» – деп айқайлап жіберген. Оның көз алдына сол сәтте капитан Гастеллоның кейпі елестеді. Лапылдап жанған ұшағының бетін жаудың топталған тұсына бұрып, танктер шоғырланған жерге келіп құлады. «Он екіде бір қауызы ашылмаған» құйрықты жұлдыз сияқты ағып түсті ол көгінен. Нұркен жас өмірін қаныпезер жауға оңай берген жоқ, жастығын ала жығылды. Соңғы сәтте жаудың көптеген танктерін, солдаттары мен офицерлерін өртеп жіберді. Сөйтіп, Қарқаралының жас қыраны қаһармандықпен көз жұмды.

Ертеде жорыққа аттанған ерлер баласының жөргегінен бір жапырақ жыртып ала кетіп, сағынғанда соны иіскеп, көңілдерін жұбатқан екен. Нұркеннен сондай жөргек те, артында «шикі өкпе» де қалмағаны өкінішті-ақ! Отан үшін жасалатын мұндай ерлік тым сирек кездесетінін бағалап, Үкімет 1943 жылы 31 наурызда оған Кеңес Одағының батыры атағын берді.

1943 жылдың маусым айында Қарағандыға келген көркемсөз шебері Ғабит Мүсірепов облыстық газетке «Қарағанды қыраны» деген мақаласын жариялады.

Иә, «Ер елден шығады, ел болмаса, ер қайдан шығады?» деген қазақтың аталы сөзі – ұлттық ұғымға тән тәмсіл. Ұланының ерлігін Қарқаралы, Қарағанды өңірі ғана емес, бүкіл қазақ мақтан тұтады. Даңқты жерлесімізді мәңгі есте қалдыру мақсатында қаза тапқан жерінде, Қарағанды қаласында, туған ауылында ескерткіштер орнатылып, көшелер мен мектептерге Нұркен есімі берілді.

1944 жылы мамыр айында Нұркеннің туған ауылы – Совет колхозының аты өзгертіліп, Нұркен аталды. Бұл салтанатқа облыстық партия комитеті және атқару комитетінің шешімімен облыстық газет редакторы Бейсенғали Тәйкіманов бастаған Көшен Елеуов, Қайып Айнабеков сияқты ақындар, аудандық партия, совет өкілдері қатысты. Колхоздың жалпы жиналысы өткізіліп, той жасалған болатын.

1939-1940 жылдарда Қарағанды ұшқыштар мектебінің директоры болған Г.Якимов 1967-1970 жылдары Нұркен туралы «Мәңгілік өмір шыңына» атты шағын шығарма жазып, анасы Бағжанды Нұркеннің қаза болған жеріне алып барды. Олар сол жолы орыстың ұлы жазушы Михаил Шолоховтың үйінде болған.

Г.Якимов «Қазақфильм» студиясы арқылы өз қаражатына Нұркен туралы киножурнал шығарды.

Нұркеннің әкесі Әбдір 1945 жылы қайтыс болды. Тетелес ағасы Сәдірбек соғыста хабарсыз кетті. Үлкен ағасы Сәрсен 1958 жылы шахтадағы апаттан көз жұмды. Шешесі Бағжан 1972 жылы дүние салды. Қазір ағасы Сәрсеннің Әубәкір есімді жалғыз ұлы ғана қалды. Ол Қарағанды қаласында тұрады.

Жеңіс КӨПЖАСАРОВ, Нұркен Әбдіров атындағы қордың президенті.