Жаңалықтар

Бастау

    Мен қаламгер отбасында дүниеге келдім. Әкем Қыдырбай Бексейітов – Жаңаарқа аудандық газетінің алғашқы редакторларының бірі. Соғыстан кейін Алматыдағы жоғары партия мектебін бітірген кәдімгі партия журналисі. Балаларына менің жолымды қуыңдар деп айтып көрген жан емес. Кішкене бала кезімде әредік баспаханаға алып баратын. Ондағылар мені қызық көріп, газет шығарып жатқан баспа машинасының үстіне шығарып қоятын. Жан Поль Сартрдың «Сөздер» деген кітабы бар. Сонда ол «Өмірім кітаптардың ортасында басталып еді. Міне, бүкіл өмірім кітаптардың ортасында өтіп келеді. Бұл дүниеден де осы кітаптардың ортасында өтетін шығармын» деп жазған еді. Менің де бүкіл өмірім газеттер мен кітаптардың ортасында, редакциялар мен баспаханалардың ғимараттарында өтіп келеді.

Біреулер ойлайды, бұл қаламгерлікті ата кәсіп жолымен таңдаған деп. Жоқ, мүлдем олай емес. Әуелде мен ғылым қуам деген болатынмын. Жаны жәннатта болғыр ұстазым – Төлеуғазы Әбжанов менің қалауымды құптап, медицина институтының бір кафедрасына (философия ма, қоғамдық ғылымдар ма, ол кезде қалай аталатыны есімде қалмапты) алып барды. Ондағылар менің дипломымды олқы көріпті. Институт емес, университет бітіруім керек екен. Төкең тосылған жоқ. «Жарайды, мен де еңбек жолымды тілшіліктен бастағам. Сен де сөйт. Сосын аспирантурадан бір орын табыла қалса, философияңа қайыра барасың» деді. Осы жайды таяуда Аужекеңе (А.Жанғожин) айтып едім, ол кісі «шынында да философия қара сөзбен жазылған поэзия ғой» деп күлді. Діттеп қарасаң, бұл сөздің жаны бар.

Біз студент кезіміздің өзінде облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне ара-тұра өлең, рецензия, мақала жазып тұратынбыз. Менен бұрынырақ курстасым Абзал Бөкенов сонда орналасып алған. Сол кезде советтік құрылыс бөлімінің меңгерушісі болып жүрген Рымқұл Сүлейменовтің редакциядағы беделі үлкен екен. Төлеуғазы ағай сол кісіге қолқа салды. Рекең бірден келісе кетеді. Сөйтіп, 1972 жылдың 3 қазанында мен өзімді қаламгерлік әлеміне қанаттандырып ұшырған газет редакциясына әдеби қызметкер болып орналастым. Абзал Қайыркен Сұлтановтың қарамағында партия тұрмысы бөлімінде жүр екен. Көбіне жастар бетін ұйымдастырып жүрген сыңайлы. Бөлім таңдайтын жағдай жоқ. Соның алдында ғана құрылыс бөлімі ашылған екен. Меңгерушісі – Өтен Ахметов. Сол бөлімге тап болдым.

Коммунистік парияның дүрілдеп тұрған кезі. Газеттің беделі өте жоғары. Сол кезде республикада аптасына алты рет шығатын екі газеттің бірі, әрине, «СҚ» – «Социалистік Қазақстан». Түкпірдегі бір бөлменің ішінде бақандай екі бөлімнің тілшілері отырамыз. Күнұзақ хат қорытамыз. Пионерден бастап, зейнеткерге дейін жазады. Көбісінің жазуы түсініксіз, шимай-шимай. Жөппелдемеде әріптерін айыру, одан соң бірді айтып бірге кететін ауанына қарағанда түсіну қиын. Көне мысыр жазуын ежіктеген Шлиманның, көне түрік жазуын қаузаған Томсеннің көрген құқайын сонда шамаладым. Бірақ, тәртіп қатаң: не материал қылып жаратасың, не бір сылтау тауып хат иесіне жауап жазасың.

Уыз жаспыз, оқыған-тоқығанымыз бар. Өлең жазатын жылтырағымыз бар. Обалы нешік, үлкен-кішінің бәрі ұнатты. Жоғарыда есімдері аталған ағалардан басқа редактордың орынбасары Бейсек Исабеков, жауапты хатшы Есімбек Бәйтенов, мәдениет бөлімінің меңгерушісі Ораз Сағынаев, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Қағазбек Сәденов және тағы басқалар әр тақырыпқа жазған мақалаларымды мақтап, арқадан қағып көтермелеп қоятын. Сонымен, енді ешқайда алаңдамай, біржола қаламгерлік сорабына түстім.

Құрылыс тақырыбы қазақ оқырмандары үшін ол кезде тың тақырып. Қала қанатын кеңге жайып, жаңа үйлер көптеп салынып жатқан кез. Оңтүстік Шығыстың 28-ші шағын ауданы салынып жатқан тұста талай репортаж, суреттеме жаздым. Күнұзақ құрылыс алаңдарын, әрбір үйдің қабаттарын, жертөлелерін аралап кететінмін. Қаншама адамдармен кездестім. Әралуан ұлттардың өкілдерімен емін-еркін араласып, құрылысшы мамандығының қыры мен сырын тануға ұмтылдым. Редакцияның кезекті бір лездемесінде бас редактор Төлеу Оспанов «Осындай техникалық тақырыпты поэтикалық дәрежеге көтеріп жазған» деп мақтасын-ай келіп. Осыдан кейін не тұрыс бар, шарқ ұрып үнемі ізденіп, материалды көркемдеп берудің тың жолдарын, жаңа түрлерін табуға ұмтылдым.

Кейін ақын Есенбай Дүйсенбаев аңғарған публицистикалық екпiн, ереуiлшiл күй, арынды ағыс сол кезден бастау алған еді. Сол кезде мен Оралхан Бөкеевке қатты еліктеуші едім. Партиялық газетте Орекеңше еркін көсіле алмасам да әр мақаламда шым-шымдап романтикалық шалқуға талпынып отыратынмын. Сосын бір көсілер тұс – көркем туындыларға «Оқыдық, пікір айтамыз» айдарымен рецензия жазған сәттер.

1974 жылы мен Қарағанды облыстық радиосына «Жас түлек» радиобағдарламасының редакторы болып ауысқан едім. Бұдан кейінгі жылдары мен Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетінде, Мәлік Имашев ағамыздың қарамағында «Облполиграфиздат» мекемесінде қызмет атқардым. Араға жылдар салып, 1989 жылы қара шаңырақ – «Орталық Қазақстан» газетіне қайтып оралдым. Бұл – газеттің басына бақ қонған кез еді. Бас редактор болып Алматыдан Нұрмахан Оразбеков келген. «Кім жақсы жазса, сол туысым» дейтін принципшіл басшы, білімімен, білігімен өзін мойындатқан Редактор, қайтпас қайсар қайраткер, жалынды публицист, қамқоршы аға Нұрмахан Торғауытұлы. Ол кісінің қарамағында қызмет істеген сол бір үш жыл (1989-1991 ж.ж.) мен үшін дәурен емес, тұтас бір дәуірдей. Сол жылдар жалғаса берсе ғой деп тілейтінмін іштей…

Міне, редактор деп осы кісіні айт. Тапсырма берсе, нақпа-нақ қолыңа ұстатқандай ғып айтады. Пендешілікке, ұсақ-түйекке бармайды. Баспа үйінде орталық қазақстандықтар 5, 6, 7 үш қабатты бірдей толтырып отыратынбыз. Сонда «әй, не істеп жатырсыңдар?» деп сұғанақ көзденіп тінткілеп, тергеп келмейтін. Үш қабат түгел керек кезінде тапжылмай, селкеуленбей жұмыста отыратын. Мұның сыры – үлкен кісінің мысынан гөрі әрқайсымыздың керемет сыйлайтындығымызда болса керек.

Аймақтың аймаңдай басылымында әр жылдары, ілгеріде «Қарағанды пролетариаты», «Советттік Қарағанды», беріде «Орталық Қазақстан» атанған тұстарда, Ғабиден Мұстафин, Саттар Ерубаев, Аллажар Теміржанов, Мақсұт Байсейітов, Әмен Әзиев, Қанат Жойқынбеков, Ақселеу Сейдімбеков, Өтен Ахметов, Рымқұл Сүлейменов, Кәрім Сауғабаев, Матай Айнабеков, Алтын Шаймұханбетова, Оңайгүл Тұржанова, Гүлсім Оразәлиева, Абзал Бөкенов және басқа ақын-жазушылар еңбек етті. Осы және кейінірек келген қаламгерлердің қай-қайсысы да газеттің негізгі міндеттерімен қоса, өз шығармашылықтарымен айналысуға да уақыт тапты. Оларға тыйым салу, иә болмаса бөгет жасау болған жоқ. Керісінше, қуаттап, қолдап отырды.

Ұмытпасам, 1990 жылы ғой деймін, А.Солженицынның «Ресейді қалай көгертеміз?» деген шовинистік пиғылда жазылған аңсары (трактат) шықты. Газетіміздің бірінші бетінде оң жақ 2 бағанда «Оқиға. Дерек. Түсініктеме» деген айдармен көкейкесті һәм түйткілді мәселелерді қозғаған материалдар тұрақты шығып тұрды. Бір күні жетекшіміз, партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі, «partaigenosse» (кейде әзілдеп осылай атайтынмын) Мағауия Сембайдың «Еділге қолды салғаны…» деген өткір мақаласы шықты. Ыза-кегімді сыртқа шығара алмай, іштей булығып жүрген маған бұл мақала қамшы болды да, мен іле-шала «Солженицын, жер иесі сен бе едің?» деген памфлет өлеңімді жаздым.

Басқыншылық қара күш пе сенгенiң,

Ен байлыққа толмады ма шеңгелiң?

Қазақ жерiн тастайтұғын бөлшектеп,

Ей, қаскүнем, жер иесi сен бе едiң?!

Өлең берісі облыста, әрісі республикада керемет резонанс туғызды. Әріптестерім бірінен соң бірі құттықтап жатты. Философ ұстазым Төлеуғазы Әбжанов қолымды қысып тұрып ризашылығын білдірді.

«Аудандық кен-техникалық инспекциясының қызметкері Оңдасын Серіков «Солженицынның ұлттық намысқа тиер тұжырымын тас-талқан еткен Сәбиттің өлеңі көзге жас келтірді», – деді. (Журналист С.Алпысовтың «Орталық Қазақстан» газетінің Абай қаласындағы оқырмандарымен кездесуінен жазған мақаласынан, № 241, 19.10.90 ж.).

Мемлекеттік қызметке кетіп бара жатқанымда әріптестеріме бір идеямды табыстап кеттім. Ол авторлық нөмір еді. Бір тақырып немесе өзектес бірнеше тақырыптар төңірегінде жеке қаламгер бүкіл бір нөмірдің материалдарын жалғыз өзі әзірлейді, яки нардың жүгін көтереді. Редакция техникалық безендіру жағынан ғана көмектеседі. Кейін осы идеямды сол кездегі Бас редактор Рымқұл Сүлейменовтің тапсырмасымен бір-екі жігіт жүзеге асырды. Мен ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте жүрсем де шыққан шекпенімнен, шыңдалған ұстаханамнан ешқашан қол үзген емеспін. Штаттан тыс автор ретінде үнемі қай тақырыпқа болса да атсалысып тұрамын. Алла қуат берсе, авторлық нөмір идеясына тағы бір оралып көрсем бе деймін.

Редакцияны Нұрмахан Оразбеков басқарған жылдары әрісі республикамыздың, берісі облысымыз бен қаламыздың барша зиялы қауымы қоғамдық-саяси, әдеби-мәдени және ғылыми-танымдық кіндік ортаға айналған «Орталық Қазақстанға» ағылды. Шығармашыл тұлғаны қиырдан шалатын Нұр-ағаң да өз маңайына азуын айға білеген ақынды да, қаламы жүйрік журналисті де шоғырландырып топтастыра білді.

Осы жерде айта кеткен жөн сияқты, сол кезеңде қазақ қаламгерлеріне қолайлы қоғамдық-саяси ахуал қалыптасты. Жеңілмейтін армададай болып көрінетін Одақтың іргесі шайқалды, партия тарауға шақ қалды. Республикамыздың бас идеологы қазақ руханияты мен мәдениетін өте жақсы білетін Өз-ағаң, Өзбекәлі Жәнібеков болды. Қазақстан компартиясы Қарағанды обкомының идеология жөніндегі хатшысы, бүгінде ел ағасы болып отырған белгілі мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов болған еді.

Ұйымшыл ұжымның ұландары кез келген тапсырманы орындауға тастүйін дайын болатын. Кілең қаламы жүйрік жігіттер жарысып жазатын едік. Әрқайсымыз барымызды салдық. Әуелі насихат бөлімінде Серік Сексеновпен бірге қызмет атқардық. Көп ұзамай «бірінші бөлім» аталатын партия тұрмысы, кеңестер және қоғамдық ұйымдар бөлімін нығайту мақсатында Мағауия Сембаев бастаған газеттің ыстық-суығында ысылған тәжірибелі журналистер шоғырланды. Олардың қатарында Амантай Сағындықов, Дәулет Мақашов, Серікбай Алпысов және мен бармын. Біріміз партия тұрмысын, енді біріміз кеңестер жұмысын, тағы біріміз кәсіподақ, комсомол өмірін дөңгелетіп алып кеттік. Бірақ, бөлім тақырыптарымен шектелмейміз, кез келген тақырыпқа қалам тербейміз. Көп қозғайтын, тереңдеп қозғайтын тақырыбымыз – Тәуелсіздік. Иә, иә, биыл 25 жылдығын атап өтейін деп отырған айналайын Азаттық туралы, бүгінде тәу етіп отырған Тәуелсіздік туралы, айдарымыздан жел естірген Еркіндік туралы тура Кеңес үкіметі тұсында, Мәскеу уақытымен өмір сүріп жатқан кезде жаздық. Есіле жаздық, көсіле жаздық. Еркіндікті көксеген қыран құсша емірене жаздық. Осының бәрін өз көзімен көрген Зарқын аға Тайшыбай «Тәуелсіздік үшін бел шешпей күрескен сендер едіңдер, журналистер еді. Бірақ, жеңімпаздар легінде, марапатталғандар қатарында сендер неге жоқсыңдар?!» деген сөзді бекер айтқан жоқ еді.

Міне, менің жұмыс столымда екі ұлы қазақтың аталы сөздері өмірлік бағдарламамдай алдымда жатыр. Бірі – Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының «Тіл білу деген кешке қатыныңды құшақтап «я тебя люблю» деген сөз емес, тіл білу деген сөз сол тілде жаза білу» деген ересен ескертпесі болса, енді бірі Нұр-ағаңның, Нұрмахан Оразбектің «Ғалым болу әркімнің міндеті емес, бірақ, бәрін білу әрбір журналистің міндеті» деген қабырғалы қағидаты. Мен қайда жүрсем де, осы өміршең ұстанымдардан тайынған емеспін.

Сәбит БЕКСЕЙІТ,

«Орталық Қазақстан» газетінің бұрынғы қызметкері,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

ТҮРКСОЙ-дың «Ұлы Түрік қыраны» медалінің иегері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button